Accessibility links

«Мектептегі ақша жинаумен күреске ата-ана белсенділігі қажет»


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қыркүйектің ортасынан бері мектептердегі ақша жинаумен күрес акциясы өтіп жатыр. Бүгінге дейін 300-ге жуық шағым-арыз түскен. Наразы ата-ананың көбі - Алматы мен Алматы облысы тұрғындары.

Қарашаның 15-іне дейін жалғасатын бұл акцияны «Аман-саулық», «Ұлағатты жанұя», «Дағдарыс орталықтары одағы» сияқты бірнеше үкіметтік емес ұйым бірігіп ұйымдастырған.

БІТПЕЙТІН «ЕРІКТІ» КӨМЕК

Қызы Алматы облысы Қарасай ауданындағы мектептің 6-сыныбында оқитын Майра (фамилиясын атағысы келмеді) мектептің «алман-салығына» кететін шығынның әжептеуір екенін айтады.

- Жаңа оқу жылына дайындадым; мектеп формасы, кітабы, канцеляриялық заттары бар - барлығына 50 мыңға жуық теңгем кетті. Оқу жылы басталған соң тағы қосымша жұмыс кітаптарын сатып алдық, оған тағы үш-төрт мың теңге кетті. Бірінші қыркүйекте мұғаліміміз сынып қорына, кабинеттегі пердеге, балалар ішетін таза су мен қағаз салфеткаларға ақша жинау керек екенін айтты. Наразылық білдіріп едім «бұл - балаңыз үшін жасалған ерікті көмектеріңіз, ешкім сіздерді міндеттемейді» деп жауап берді, - дейді Майра.

Оның сөзінше, «жыл сайын перде ауыстырып, жыл аяғында жөндеу жұмыстарына ақша жинау дәстүрге айналған».

Алматы облысының мектептерінің бірі. (Көрнекі сурет)

Алматы облысының мектептерінің бірі. (Көрнекі сурет)

​ - Енді міне бірінші тоқсан біткенде екі мың теңгеден жинап кинотеатрға бармақшы. Одан бөлек, мектептегі әр мерекеде мың теңгеге дейін ұсақ-түйек алуға кетіп қалады. Балаңды түрлі байқаулар мен тесттерге қатыстыру үшін 250, кейде 750 теңге жинап алады, - дейді ата-ана.

Осылайша ай сайын қызының мектебіне мың-екі мың теңгеге жуық ақша беретін жалғыз басты ана «жинамайын десең баламды кемсітпесін деймін, ал жинауға келіссең түбіне жетпейсің» дейді.

АТА-АНАЛАР ЕНЖАРЛЫҒЫ

Қазанның 23-і күні үш айлық акцияның «аралық нәтижесі» жарияланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара басынан бері 300-ге жуық арыз түскен. Шағым бергендердің көбі - Алматы мен Алматы облысының тұрғындары.

- Телефон соғушылар одан да көп. Бірақ бізге арызданушының аты-жөні, мектебінің нөмері мен директоры, шағымға себеп болған мұғалімнің аты-жөні қажет. Ал мұндайға екінің бірі бара бермейді. Бұған ата-аналардың сенімсіздігі себеп. Олар бірдеңе өзгереді деп ойламайды, балама кесірі тиеді ме деп қорқады. Ал келіп, арыз жазып, қол қойып кеткендердің ісі – нағыз ерлік, - дейді «Ұлағатты жанұя» ұйымының жетекшісі Марианна Гурина.

Мектептердегі ақша жинауға қарсы науқанды ұйымдастырушы азаматтық белсенділер арасында отырған Марианна Гурина (ортада). Алматы, 23 қазан 2014 жыл.

Мектептердегі ақша жинауға қарсы науқанды ұйымдастырушы азаматтық белсенділер арасында отырған Марианна Гурина (ортада). Алматы, 23 қазан 2014 жыл.

«Білім туралы» заңның 63-бабында «мектептерде ақша жинау заңсыз» екені көрсетілгенін айтқан азаматтық белсенділер «Алматы қаласында ата-аналар мектепке айына екі мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін жинауға мәжбүр» екенін айтады.

- Директорлар арасындағы сауалнама мектептерге қаржы не үшін жиналатынын көрсетті. Мысалы, мектеп күзетшісінің қызметіне, перде, жалюзиге, парта, стол, стендтер, аудио аппаратура мен компьютерлік кластарға, спорттық инвентарь мен технология кабинеттерінің жабдықтарына қаржы бөлінбейді. Ең сорақысы - ыстық су мен суық су жүйесіне де ақша қарастырылмаған. Яғни мектепте құбыр жарылса, оны жөндеу үшін ата-аналар ақша жинап беру керек. Ал дәрілік заттар, канцеляриялық тауарлар, сабын, еден жуғыш сияқты тұрмыстық заттарға қаржы бөлінеді, - дейді Марианна Гурина.

«АҚША ЖИНАУМЕН БІЗ ДЕ КҮРЕСЕМІЗ»

Алматы қаласы білім басқармасының бас маманы Қарлығаш Әбдіманапова «ақша жинау фактілерімен күресіп жатқандарын» айтады. «Жақында ақша жинағаны үшін №129 мектеп директоры жұмыстан шығарылды» деген маман «Алматы мектептерінде ақша жинаудың заңды жолы бар екенін» айтады.

- Бізде соңғы 4-5 жылда мектептерге демеушілік (спонсорлық) көмек деген бар. Оған жағдайы келген ата-ана қаржылай көмектеседі. Ол қаржының қашан, қайда кеткенін біз ғана емес прокуратураға шейін тексереді. Ал мектепке қажетті заттарға жыл сайын үкіметтен қаржы бөлінеді. Одан бөлек, күрделі және кешенді жөндеуге жыл сайын қала мектептеріне үш жарым миллион теңгеден қаражат бөлінеді, - дейді маман.

Алматы мектептерінің бірінде өтіп жатқан музыкалық-мәдени шара. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Алматы мектептерінің бірінде өтіп жатқан музыкалық-мәдени шара. Алматы, 29 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Маман «бұл істе ата-аналар өздері белсенділік танытуы қажет» дейді. Ол «әр мектепте сенім жәшіктері мен «2-72-11-00» сенім телефондары жұмыс істеп жатқанын» да айтты.

Ал атын атағысы келмеген Алматы облысындағы мектептің директоры Азаттыққа берген сұхбатында «мектепте қаржы жиналатынын мойындайды».

- Қаржы негізінен ата-ана мен сынып жетекшісінің ортақ келісімімен жиналады. Басшы ретінде «ақша жинамаңдар» деп айтамын, алайда мерекелік шараларға қажетті қаражатты, мәселен, біз музыкалық аппаратты жалға аламыз, сағаты бес мың теңге, сол ақшаны ата-аналар төлейді. Одан бөлек, мерзімді басылымдарға ауданнан міндетті жазылу деген тапсырма келеді, амал жоқ, тағы күштеп жаздырасың. Қала мектептері біреулер айтқандай мыңдап жинайтын шығар, ал біздікі ауылдық мектеп болған соң кейде 50 теңге үшін біраз жерге барып қаламыз, - дейді сұхбаттасымыз.

Оның сөзінше, жыл сайын мектептің жөндеу жұмыстарына «100 мың теңге ғана бөлінеді, ол ақшалай келмейді, тапсырыс берген пәленше литр ақ, қоңыр краска немесе әк қалпында келеді».

- Ол менің екі корпустық мектебімнің ұстаздар бөлмесі мен дәліздерімнен аспайды. Сондықтан сынып кабинеттерін жөндеуге ата-аналар көмектесетіні рас, - дейді басшы.

Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің биылғы оқу жылының басында айтқан мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы күндізгі орта мектептер саны – 7 мың 649. Қыркүйекте 2 миллион 600 мыңнан аса оқушы сабақтарын бастаған.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG