Accessibility links

«Қарсылық күні» атты Facebook парақшаға шабуыл жасалды


«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасы. (Көрнекі сурет).

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожинаның Facebook парақшасы. (Көрнекі сурет).

Кейбір қазақстандық мамандар авторитарлық елдерде биліктің әлеуметтік желілерді қатаң түрде бақылай бастағанын айтса, басқалары интернетті бақылаусыз қалдыруға болмайды деп санайды. Ресейде хакерлер үкіметтік жастар ұйымының жәшіктерін бұзса, Қазақстанда оппозициялық қозғалыстың Facebook-тағы парақшасы хакерлік шабуылға ұшырады.


Өткен аптаның аяғында Facebook әлеуметтік желісінде құрылған «25 ақпан – қарсылық күні» («25 февраля - день несогласия») атты қауымдастықтың модераторына хакерлік шабуыл жасалып, қолданушылар мен мүшелер парақшаға кіре алмай қалды.

ШАБУЫЛ

Бұл виртуалдық қауымдастық Алматыда, сонымен бірге республиканың бірқатар қалаларында ақпанның 25-і күні өтетін оппозицияның митингісіне орай құрылған еді.

Хакерлік шабуылдың кесірінен жабылып қалғанға дейін қауымдастыққа төрт жарым мыңнан астам адам мүше болып үлгірген.

Facebook-тағы аккаунты бұзылған қауымдастық модераторы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, «ақпанның 16-сы бүкіл кеш бойы бес IP-адрестен парольді өзгерту туралы өтініш түсіп, шабуыл жасалған». Ол Facebook-тың өзінен келген пароль өзгертуге қатысты хабарламада бұл «IP-адрестер» көрсетіліп тұрғанын айтады.

- Бұл IP-адрестердің қандай провайдерге тиесілі екенін, қай жерден шыққанын анықтайтын сайт бар екен. Онда бұл адрестердің барлығы «Қазақтелекомның» «Мегалайнына» тиесілі екені жазылып тұр. Кейбір компьютер саласының мамандары тіпті бұл «адрестердің» Қабанбай батыр мен Абылай хан не Фурманов көшелерінің қиылысында орналасқанына дейін жазып жіберді. Бұл аумақта «Қазақтелекомның» бас кеңсесі орналасқан, - дейді Бақытжан Төреғожина.

ЖАҢА ТОСҚАУЫЛДАР

Жұмысы тоқтап қалған виртуалдық қауымдастықтың орнына жаңа қауымдастық құрылған. Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, төрт жарым мыңнан астам мүшесі бар бұл жаңа топ қазір де еркін жұмыс істей алмай отыр.

- Жексенбіден бастап адамдарды бұл қауымдастыққа шақыруды тоқтаттық. Себебі «шабуылдар» қайтадан басталып жатыр. Онда «тролльдер» (интернет форумын бұзақылық жолымен, я арнайы тапсырыс бойынша басқа тақырыпқа бұрып Интернет қолданушылар - Жанболат Мамышев пен Дмитрий Кимнің арасында Mail.ru электронды поштасының "Агент" эппликейшнінде болған чат-әңгіме. Дмитрий Ким әріптесін Жаңаөзен оқиғасы мен сайлау туралы интернеттегі "теріс пікірлерге" қарсы коммент жазатын жұмыс ұсынады. (Көрнекі сурет).

Интернет қолданушылар - Жанболат Мамышев пен Дмитрий Кимнің арасында Mail.ru электронды поштасының "Агент" эппликейшнінде болған чат-әңгіме. Дмитрий Ким әріптесін Жаңаөзен оқиғасы мен сайлау туралы интернеттегі "теріс пікірлерге" қарсы коммент жазатын жұмыс ұсынады. (Көрнекі сурет).

жіберетіндер – ред.) де пайда болып жатыр. Олар топтың мазмұнын «бұрмалап», қандай да бір мәселені өзара талқылауға тырысқан қауымдастық мүшелерінің ашуына тиюге тырысады, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Ол мысал ретінде келтірген қолданушылардың арасында Facebook-та Zhandos Kussainov деген атпен тіркелген интернет-қолданушысы да болды. Zhandos Kussainov ақпанның 20-сы күні қауымдастық мүшелерінің өзіне «пікірін айтқызбағанына» ренжіп, дау шығарады. Кейіннен өзінің Facebook-тағы жеке парақшасында осы қауымдастық мүшелерінің бірімен «пікір алмасқанын», «қарсыласының ешбір дәлелсіз, құр жала жапқан» сөздеріне таң қалғанын жазады.

«...Сөзден жеңілсе, сен (ресми орындардан – ред.) ақша алып отырсың осы комменттерің үшін дей салады. Сен тролльдер армиясын басқарасың дей ме? Қысқасы, баланың сөзі, бақсының ойыны екен негізгі әрекеті... Барлық дүниені ақшамен өлшейді, өзі Сан-Францискода отырып алып Қазақстанды сынайды. Модераторы сөз бостандығына тосқауыл қойды. «Біздің ойымызбен келіспесең, сөйлеме, удались» деп қояды :) Енді осылар демократия, сөз бостандығы, адам құқығы деп көкитінін қайтерсіз. Сөздеріне істері сай емес. Пікірімен келіспесең, жау санайды. Бұл адамдарға дауа жоқ екен! Ұят қайда?» деп жазады ол постында.

«БИЛІК ЕМЕС, БЕЛГІСІЗ АДАМДАР БҰЗУЫ МҮМКІН»

Ал Қазақстандағы танымал блогшылардың бірі Әлішер Елікбаев Бақытжан Төреғожинаның аккаунтын билік емес, әлем бойынша Anonymous деген атпен белгілі хакерлер тобына жататын белгісіз адамдар бұзуы мүмкін екенін айтады.

- Олардың кім екенін нақты ешкім білмейді. Мысалы, олар Ресейде «Наши» қозғалысының баспасөз хатшысы Потупчик ханымның жәшігін бұзды. Одан неше Блогшы Әлішер Елікбаев. (Жеке мұрағаттан алынған сурет).

Блогшы Әлішер Елікбаев. (Жеке мұрағаттан алынған сурет).

түрлі «былғаныш» дүниелер көпке белгілі болды. Яғни олардың (мемлекеттік қозғалыс өкілдерінің - ред.) «Новая газета» сайтын қайтіп шабуылдамақ болғаны, белгілі блогшы Алексей Навальныйға қалайша қарсы акция жасамақ болғаны, т.б. ашылды. Сол сияқты Қазақстанда да Төреғожина ханымның аккаунтын билік емес, сондай топтар бұзуы мүмкін, - деп жорамалдайды Әлішер Елікбаев.

Блогшы Қазақстанның әлеуметтік желілерінде билік тарапынан ақша алатын «тролльдердің» бар екеніне күмәнмен қарайды. Ол қоғамдық желілердегі бұл құбылысты пранкингке (белгісіз адамдардың телефон арқылы бұзақылық жасауы - ред.) теңейді.

- Мысалы, Бақытжан Төреғожина - Қазақстанда таныла бастаған тұлға. Кейбір адамдарға оның белгілі болуы ұнамауы мүмкін. Олар өздерін Төреғожина ханымнан да артығырақ белгілі болуға лайықтымыз деп есептейді. Сөйтіп олар өздерінің осы көзқарасын белгісіз «никтер» арқылы білдіреді, - дейді Әлішер Елікбаев.

«ИНТЕРНЕТ – ЗҰЛЫМДЫҚ»

Өткен жылы Минскіде өткен ТМД елдерінің бас прокурорлары кеңесінде «әлеуметтік желіні бақылауға алу керек» деген әріптестерінің ұсынысын қолдаған Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев жалпы интернетті «зұлымдыққа» теңеген еді. Экстремизм мен терроризмді насихаттайтын сайттардың тым көбейіп кеткенін айтқан Дауылбаев: «Әлеуметтік желілерді, интернетті бақылау мәселесі - келешек мәселесі, мемлекеттер бұл зұлымдықпен бірлесіп күресуі керек» деген.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, 2011 жылы Астанада өткен ұжымдық қауіпсіздік келісім туралы келісім-шарт ұйымына мүше елдердің саммитінде әлеуметтік желілердің қауіптілігі турасында арнайы құжат қабылданған.

Мамандар Қазақстан билігінің осы «ниеті» енді жүзеге аса бастады деп ойлайды. Олардың айтуынша, «араб көктемінен сескенген» биліктің қорқынышын Жаңаөзенге қатысты интернеттегі жазбалар одан сайын ұлғайтып жіберген.

«Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілі Ұлан Шамшет биліктің мұндай реакциясына күлетінін айтты:

- Шын мәнінде көтерілістің басталу қаупі осы әлеуметтік желілерден туындаған «Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілі Ұлан Шамшет (ортада). Алматы, 6 сәуір 2010 жыл.

«Еркін интернет үшін» қозғалысының өкілі Ұлан Шамшет (ортада). Алматы, 6 сәуір 2010 жыл.

болса, онда біздің мемлекетте әлдеқашан билік ауысатын еді. Интернет желісін ақпарат алатын жер ретінде қарастыру қажет, ал біздің билік бізге қажетті тәуелсіз ақпарат толқынын шектеумен айналысып келеді, - дейді Ұлан Шамшет.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожина да интернеттің «революция» тудыртатынына сенбейтінін айтады.

- Бұл шамалы асыра айтылған нәрсе деп ойлаймын. Себебі күндіз-түні интернетте отыратындарды компьютерден қозғау қиын. Олар тек компьютерде ғана батыр. Ал есіктен шыққан бойда дұрыс бағыт таба алмайды, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Ал Әлішер Елікбаев керісінше, биліктің интернетті бақылауды кеш қолға алғанына өкінеді. Ол «поштаны бұзу» сияқты түрлі хакерлік әрекеттерге қарсы екенін, бірақ интернетті, әлеуметтік желілерді бақылаусыз қалдыруға болмайтынын айтады. Блогшының пікірінше, «желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзенде болған оқиға әлеуметтік желілерді бақылауға алу керек дегенді» дәлелдеген.

- Мен бұған дейін де айтқанмын: жүздеген анонимдер ғаламторға жүздеген адамның көз жұмғаны мен оларды өртегені жайлы, т.б. көптеген жалған ақпараттарды шығарды. Ал мұндай расталмаған және жалған ақпараттарды БАҚ пен қоғам қайраткерлері қолдана бастады. Бұл - қауіпті. Сондықтан мұндай нәрселерді бақылау керек, уақытында реакция танытып отыру керек, - дейді блогшы Әлішер Елікбаев.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG