Accessibility links

Facebook өзінің іздеу жүйесін іске қосты


Facebook компаниясының негізін қалаушылардың бірі Марк Цукерберг Graph Search сервисін таныстыруда. АҚШ, Калифорния штаты, 15 қаңтар 2013 жыл
Facebook компаниясының негізін қалаушылардың бірі Марк Цукерберг Graph Search сервисін таныстыруда. АҚШ, Калифорния штаты, 15 қаңтар 2013 жыл

Әлемдегі ең ірі әлеуметтік желі Facebook компаниясы Graph Search сервисін сынақтан өткізе бастады.

Сейсенбі, қаңтардың 15-і күні жаңа жобасын көпке таныстырған Facebook компаниясы ұзақ мерзімге жоспарланған жобаның мақсаты - Google компаниясының қолынан келмейтін ерекше іздеу торабын жасау екенін мәлімдеді.

Қазіргі кезде АҚШ-тағы санаулы ағылшын тілді қолданушылар ғана қосылып отырған жүйе сынақтан өтіп, жетілдіріліп жатыр.

"GOOGLE-МЕН БӘСЕКЕЛЕСПЕЙМІЗ"

Facebook-тың негізін қалаушылардың бірі Марк Цукербергтің айтуынша, Graph Search жүйесі әрбір қолданушының жеке парақшасының жоғарғы бөлігінің оң жағына орналасып, жаңалықтар легі мен "таймлайнды" толықтырып тұрады.

"Бүгін біз адамдарды, суреттерді, түрлі орындарды, бизнеске арналған парақшаларды іздеуге мүмкіндік беретін негізгі өнімді іске қосып отырмыз. Бұл тек бастамасы ғана. Қолданушылармен тезірек кері байланыс орнатып, өнімді жетілдіріп, оны әрбір қолданушы пайдалана алуы үшін мүмкіндігінше ертерек қосқымыз келді. Бұл жобамен ұзақ жылдар айналысамыз деп ойлаймыз..." деді Цукерберг.
Мәскеудегі Путинге қарсы шеруге жұрт Facebook-тің туын да алып шықты. 13 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Мәскеудегі Путинге қарсы шеруге жұрт Facebook-тің туын да алып шықты. 13 қаңтар 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Цукерберг Graph Search жүйесінің жеке бизнеске айналу потенциалы барын да айта кетті.

Бұл болжам медиа сарапшылардың әлемдегі ең ірі іздеу торабы Google мен жобаны енді ғана қолға алған Facebook компаниясын салыстыруына түрткі болды.

Десе де, Facebook дәл қазір интернетте жарияланған кез-келген ақпаратты тауып беретін Google-мен бәсекелесуге ұмтылып отырмағанын, тек әлеуметтік желінің ішінде жарияланған деректермен жұмыс жасайтынын мәлімдеді.

Олардың айтуынша, қазіргі кезде бір миллиардтан астам қолданушысы бар желіде 240 миллиард сурет пен видео-материалдар жарияланған.

Graph Search жүйесі арқылы кез-келген қолданушы желідегі ашық деректермен қатар, көпке жарияланбаған деректерге де қол жеткізе алады.

Facebook-тың өнімдер бойынша директоры Том Стоки "Жаңа сервис әлеуметтік желіні қолдану амалын өзгертеді" дейді.

"Адамдар өте қарапайым дүние жасағысы, өздеріне ұнайтын суреттерді көргісі келеді. Олар жекелеген адамдарға қатысты немесе өзінің отбасына қатысты суреттерді тапқысы келеді. Қандай да бір қалада тұратын достарына бару үшін алдымен оларды тауып алғысы келеді. Ал қазір мұндай нәрселерді табу өте қиын..." деді Стоки.

КҮДІК ПЕН КҮМӘН

Ал кейбір сыншылар Graph Search жүйесінің аса сәтті жоба болмайтынын ескертеді.

Олардың айтуынша, мысалы жыныстық зорлық-зомбылық жасайтын қылмыскерлер кәмелетке толмаған азаматтарды табу үшін осы іздеу жүйесін қолдануы мүмкін.

Кейбір Facebook қолданушылары да желіде достарымен ғана бөліскен суреттер немесе жазбаларын сұрыптауға мәжбүр болатынын айтып алаңдайды.

Өткен жылдың мамыр айынан бері Facebook компаниясы алғаш рет жұртты жинап, тағы бір жаңа өнімін таныстырып отыр.
Қазақстандық пайдаланушылар Facebook арқылы түрлі шаралар өткізіп жүр. Facebook-тен алынған скриншот. 26 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет).
Қазақстандық пайдаланушылар Facebook арқылы түрлі шаралар өткізіп жүр. Facebook-тен алынған скриншот. 26 желтоқсан 2012 жыл. (Көрнекі сурет).

Сарапшылар "презентацияның 2012 жылдың төртінші ширегін қорытындылайтын мезгіл жақындаған тұста өтуі кездейсоқтық емес" дейді.

Қазіргі кезде Facebook-тің бұдан ары дамуына қатысты күмәндар көбейіп отыр. "Қолданушылар саны шарықтау шегіне жетті" деп алаңдайтын инвесторлар да бар.

Сарапшылардың айтуынша, дәл осы кезеңде пайдаланушыларына іздеу сервисін ұсынып, адамдарды бір-бірімен көбірек байланыс орнатуға ынталандыратын Facebook-тің белсенділігі артып, қолданушыларды сақтап тұруына да мүмкіндігі бар.

Бұл тұрғыдан алғанда, медиа-сарапшылар Graph Search сервисін Facebook-тің қолданушыларын сақтап қалу талпынысы ретінде бағалайды. Олар "Бұл қызмет әлемдегі ең танымал әлеуметтік желінің қазіргі позициясын сақтап тұруға септігін тигізеді" деп есептейді.

Мақала Азаттықтың Ағылшын қызметінің тілшісі Рон Синовицтің материалы негізінде жазылды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG