Accessibility links

«Физмат» түлектерінің шарықтауы да, құлдырауы да ерекше


Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы
Мұхтар Жәкішев, "Қазатомпром" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы

EurasiaView басылымы наурыздың 24-і күнгі санында Қазақстандағы Орынбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық мамандандырылған мектеп-интернаты білімінің сапасы мен түлектерін сөз етеді.


Алматыда тұратын Орталық Азия мәселелері бойынша маманданып жүрген журналист Ричард Орандж Алматыдағы физика-математика мектебі түлектері өз елдерінде Батыстың элиталық мектептерін бітірушілермен салыстырғанда әлдеқайда ықпалды екенін жазады. Бұған дәлел - осы мектептің түлектері Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов, президенттің күйеу баласы, бизнесмен Тимур Құлыбаев және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Қайрат Келімбетов.

ҚАЗАҚСТАНДА КІМНІҢ КІМ ЕКЕНІН КӨРСЕТЕТІН ТАҚТАША

«Әлемнің бірде-бір мемлекетінде дәл осы физика-математика мектебі сияқты түлектері өз елінде көрнекті, жоғарғы билікке ие болған оқу орны, сірә, жоқ шығар» дейді өзі де аталған мектепті аяқтаған қазіргі директор Қайрош Мәкішев EurasiaView тілшісіне.

Мектеп директоры оқу орнына кіре берісте мектептің 35 жылдығына арналған дисплей-тақташа орнатыпты. Тақташа Қазақстанда кімнің кім екенінен хабар береді. Саясаткерлер мен бизнесмендер кіретін мектеп түлектері атындағы қор білікті оқытушыларды тарту, мектепті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету мақсатында оқу орнының мемлекеттен қосымша қаржыландырылуына көмектесіп отырады.
Өткен жылы мектеп директоры Қайрат Келімбетовты және қаржы полициясының бастығы Қайрат Қожамжаровты оқушылармен кездесуге көндірген.

Өткен жылы мектеп директоры Қайрат Келімбетовты және қаржы полициясының бастығы Қайрат Қожамжаровты оқушылармен кездесуге көндірген. Қожамжаров бұл мектепті 1983 жылы бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетіне түсіп кетеді. Онда қазіргі Ресей президенті Дмитрий Медведевпен бірге оқыған. «Кездесуді ұйымдастырудағы мақсат болашақ түлектердің де осы кісілер сияқты жетістіктерге жете алатындығын сезіндіру еді» дейді мектеп директоры Қайрош Мәкішев.

ЕСІМІ ТАҚТАДА ТҰРСА ДА, ӨЗІ ТҮРМЕДЕ

Солай бола тұрғанымен, физика-математика мектебіндегі аталған тақтадағы кейбір тұлғалардың бейнесі билік бишігіне ие болудың кей кездері қауіпті болатынын меңзейтінін айтады автор. Мәселен, осы айда «Қазатомпром» ұлттық уран компаниясының бұрынғы президенті, мектептің 1980 жылғы түлегі Мұхтар Жәкішев қатаң режимдегі түрмеде 14 жылға кесілген үкімінің алғашқы жылын өтеді.

Мұхтар Жәкішев мектепті аяқтаған 1980 жылдардан қалған аз ғана мұғалімнің бірі Гүлшәрбан Сабурова шәкіртінің атын естісе көзіне еріксіз жас үйіріледі. «Мұхтар менің сүйікті шәкіртім болған еді. Оны өзге мұғалімдер мен оқушылар да жанындай жақсы көретін. Оның басындағы жағдай аянышты»,-деп еске алады Гүлшәрбан Сабурова. Жәкішевке «Қазатомпром» компаниясынан миллиондаған доллар ақшаны жымқырды деген айып тағылғанымен, ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп санайды.
Мұхтар менің сүйікті шәкіртім болған еді. Оны өзге мұғалімдер мен оқушылар да жанындай жақсы көретін. Оның басындағы жағдай аянышты.

Қуғынға ұшыраған мектептің түлегі тек Жәкішев қана емес. 2009 жылға дейін Қазақстандағы жетекші банк «БТА банкінің» атқарушы директоры болған Роман Солодченко қазіргі уақытта Лондонда жан сақтап жүр. Ол өзіне тағылған 5 миллиард АҚШ долларын жымқыруға көмектесті деген айыпты жоққа шығарып отыр. Лондонда қуғында жүрген тағы бір түлек Жақсылық Жарымбетов «БТА банктің» төраға орынбасары болған.

Роман Солодченко мектепті 1982 жылы премьер-министр Кәрім Мәсімовпен бірге аяқтаған. Солодченко Мәсімов жайлы: «Біз бір-бірімізге өте жақын болдық. Алайда, қазір ол менің ізіме түсіп алғаннан кейін арамыз бұрынғыдай емес. Мен Қазақстаннан кеткенге дейін біз өте жақсы қарым-қатынаста болдық. Мен оған жеке мәселелеріммен жолыққан емеспін. Бірақ онымен қай жерде кездессек те, біз өзара сыныптастар туралы, кімнің қай жақта жүргені және сол сияқты тақырыптар төңірегінде әңгімелесетінбіз» деген.

КОМПАРТИЯНЫҢ ДА, ҚОРДЫҢ ДА КӨМЕГІ ТИГЕН МЕКТЕП

Автор физика-математика мектебі түлектерінің жетістігі ондағы білімнің сапасы мен мектеп бітіргеннен кейінгі байланыстың кеңдігінде жатқан секілді деп жазады. Мәсімов пен Солодченко оқыған уақытта оқушыларға аптасына математика пәнінен 11 сағаттық тапсырмалар берілетін. Ал мектептің негізін қалаған танымал математик, ғалым Орынбек Жәутіков білім ордасына елдегі мықты мұғалімдерді тартуда аянбай күш жұмсады.

Автордың айтуынша, егер болашақ Ұлыбритания жетекшілері «Итонның ойын алаңдарында» танылатын болса, физика-математика мектебінің түлектері бұрынғы Совет одағының түкпір-түкпірінде өткізілетін математика олимпиадаларында көзге шалынатын. Ал мектептегі білім сапасы жөнінде Роман Солодченко: «Физика-математика мектебі республикадағы ең үздік мектеп болатын, қазір де сол тұғырда. Мектеп ойлау қабілетіңізді дұрыстап, бір қалыпқа салып береді. Математика мен физикадан шыңдалған басыңызбен кез-келген жерге бара аласыз» деген пікір айтады.
Егер мектеп бітіру кештерін өткізетін болсақ, біз Асқар Құлыбаевтың арқасында орыс драма театрын, ал оған адамдарды алып бару үшін қалалық автобустарды да пайдалана алатынбыз

Орынбек Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық мамандандырылған мектеп-интернаты Совет одағы бойынша ашылған осы типтегі жетінші және соңғы мектеп болыпты. Ол уақытта мектепті ашудағы мақсат Совет одағында қызмет істейтін және қару-жарақ бағдарламасына қажет білімді жастарды оқыту болатын дейді басылым. Мектепте оқыған кейбір оқушылардың ата-аналары көпке белгілі адамдар болды. Мәселен, Тимур Құлыбаевтың әкесі Алматыда компартияның басшылық қызметінде болған. Кәрім Мәсімовтың әкесі жергілікті кірпіш зауытының директоры болса, Қайрат Келімбетовтың әкесі танымал тарихшы, жазушы және профессор болған.

Тимур Құлыбаевтың әкесі мектепке көмектесіп отырған. Бұл жайында мұғалім Гүлшәрбан Сабурова: «Егер мектеп бітіру кештерін өткізетін болсақ, біз сол кісінің арқасында орыс драма театрын, ал оған адамдарды алып бару үшін қалалық автобустарды да пайдалана алатынбыз» деп еске алады. Соған қарамастан, Тимур Құлыбаев ешқандай артықшылықтарға ие болмаған. «Тимур өте қарапайым бала болды. Ол ешқашан «менің әкем коммунистік партия басшыларының бірі» деп айтқан емес» дейді ұстазы.

НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІМЕН БӘСЕКЕГЕ ТҮСУ ҚАЛАЙ БОЛАР ЕКЕН?

Физика-математика мектеп интернатында берілетін білім сапасы түлектерге Қазақстаннан тыс жерлерде де өз орнын табуға көмектеседі. Google интернет сүзгісіне бәсекелес ресейлік Yandex-тің негізін қалаушылар да осы мектепте оқыған. Мектептің мәліметі бойынша 6000-нан аса оқушы бітіргенін ескерсек, Қазақстанда физмат түлектерінің жақсы жетілген қарым-қатынас жүйесі орнағанын көреміз.
...Жемқорлыққа қарсы науқан "жемқорлармен" бір мектепте оқыған Қайрат Қожамжаровтың 2008 жылдың аяғында қаржы полициясының бастығы болып тағайындалуынан кейін-ақ басталды

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті, «БТА банкінің» төраға орынбасары Жақсылық Жарымбетовты және Роман Солодченконы аяқтан шалған жемқорлыққа қарсы науқан осылармен бір мектепте оқыған Қайрат Қожамжаровтың 2008 жылдың аяғында қаржы полициясының бастығы болып тағайындалуынан кейін-ақ басталды дегенді айтады автор. Дегенмен, мектеп түлектерінің қорын құрудағы ынтымағына қарап, олардың үнемі тілеулес екенін байқауға болады. Осыдан екі жыл бұрын қор мектеп мұғалімдерінің жалақысын республикалық деңгейден 72 пайызға жоғарылатқан деген мәлімет келтіреді EurasiaView.

Енді, аталған қор президенттің бастамасымен жаңадан құрылатын жиырма «Назарбаевтың интеллектуалдық мектебімен» бәсекеге түсуде «физмат мектептің» бір жағына шығысуы мүмкін. Жиырма мектептің екеуі Алматыда салынатынын айтқан Қайрош Мәкішев: «Тек онда біздегіден жоғары жалақы төлей қоймаса, біздің мұғалімдер басқа жағдайда бізді тастап, ол мектептерге бара қоймайды» деген сенімде.
XS
SM
MD
LG