Accessibility links

Әлеуметтік желідегі «кітап саудасы»


Кітап қарап отырған Алматы тұрғындары. 5 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Кітап қарап отырған Алматы тұрғындары. 5 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі Facebook әлеуметтік желісі арқылы кітап саудасын жасаудың тиімді бола бастағанын айтады. Ал жазушылар кітап сату қиын деп санайды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Facebook қолданушылардың сөзінше, соңғы кездері әлеуметтік желі қолданушылар арасында жазушы Ырысбек Дәбейдің жаңадан жарық көрген әдеби туындысы жиі сатыла бастаған.

«ӨЗІМ ДЕ ТАҢҒАЛДЫМ»

Қазақ жазушыларының кітап сату дәстүрімен біршама таныс «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі Қарагөз Сімәділдің айтуынша, «жазушылардың көбі кітабын өзі сата алмайды, сондықтан негізінен тегін таратуға мәжбүр. Кітапқа шығарған шығындарын да өтей алмайды».

- Соңғы кездері жазушы Ырысбек Дәбейдің кітабы өзін-өзі ақтаған кітап болған сияқты. Өйткені Facebook арқылы сұраныс көптігі байқалды,-дейді ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Ырысбек Дәбей биыл жарияланған «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты шағын кітабы «небәрі бір айда сатылып кеткеніне өзі де таңырқағанын» айтады. Оның сөзіне қарағанда жаңа кітаптың тез таралуына «Facebook-тегі пікірлер себеп болған».

- Кітаптың тұсаукесеріне келгендер ізінше Facebook парақшаларына жылы пікір жаза бастады. Содан соң сұраушылар күрт көбейді, тіпті шалғайдағы облыстардан оқырмандар кітап сұрай бастады. Сөйтіп алғашқыда 500 данамен шығарған кітабымды, тағы бір мың данамен шығардым. Бұрын кітап сатып көрмегем, мынадай сұраныс болса тағы да шығаруға болатын сияқты, - дейді ол.

Ырысбек Дәбей. Суреті Facebook парақшасынан алынды.

Ырысбек Дәбей. Суреті Facebook парақшасынан алынды.

Ырысбек Дәбей бір кітап сұраған оқырманға да кітабын «ерінбей почтамен салғанын» айтады. Көп алушыларға «пойызбен де жіберген». Оның сөзіне қарағанда, «Facebook арқылы оқырман мен автор арасында тікелей байланыс орнайды».

- Кітап туралы Facebook -тегі пікірлер кейде әдеби талқылауға ұласады. Көз алдыңда кәдімгідей жанды әдеби пікірталас болады. Мысалы, мемлекеттік «Жас толқын» бағдарламасымен жас жазушылардың кітаптары шығады. Оны оқып, талқылап жатқанын көрмейсің. Жазушыға кітабының сатылғаны ғана емес, талқыланғаны да тиімді. Ал жақсы әдеби дүниені сатып алғысы келетіндер көп, - дейді ол.

Ырысбек Дәбей кітап дүкендеріне кітабын ұсынбаған. «Дүкен керек болған жоқ» дейді ол. Салыстырмалы түрде жас жазушы саналатын оның пікірінше, «ересек жазушылардың көбі кітабын тегін тарады, әлеуметтік желіні кітап сатуға пайдаланбайды».

«СҰРАНЫСҚА ИЕ БОЛҒАН КІТАП САТЫЛАДЫ»

Қазақстанда танымал ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «әзірге сататын кітабы жоқ екенін, болса да әлеуметтік желі арқылы сатуға араласуы екіталай» екенін айтады. Бірақ оның сөзінше, «әлеуметтік желі арқылы оқырманмен пікірілесіп, кітап сату жазушыларға тағы бір мүмкіндік болуы мүмкін».

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Жұлдыз» әдеби журналының проза бөлімінің меңгерушісі Заря Жұманова Facebook -те жеке парақшасы болғанымен, «онымен кітап сатып үйренбеген». Оның сөзінше, екі мың данамен шыққан кітабы республикалық кітапханаларға таратылған. Оқырмандардан сұраныс болған соң үшінші кітабы - «Сіз іздеген әлемді» өз қаржысына шығарған.

- Алматыдағы кітап дүкендері арқылы сатудың қағазбастылығы көп. Оның үстіне кітап қымбаттап кетеді. Бас кезінде тегін таратқан едім. Кейіннен Facebook-те тартымды әдеби туындыларды насихаттап жүрген Айгүл Болатханқызының көмегі тие бастады, - дейді ол.

Айгүл Болатханқызы. Facebook қолданушы.

Айгүл Болатханқызы. Facebook қолданушы.

Азаттық тілшісі Facebook-тегі парақшасында «оқырмандарға қызықты кітаптар ұсынып жүрген» Айгүл Болатханқызының да пікірін сұраған еді. Ол ең әуелі бұл іске жазушы Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабын сату үшін кіріскенін айтады.

- Зейнеп Ахметованың «осы заманда жастар кітап оқушы ма еді, кітапты қайтсін» дегенін естіп, апайдың кітабын өзім таратып, әрі сатып беруге уәде бердім. Ол кісінің әдеби туындылары халыққа танымал болғандықтан, баспасөзде жарияланған соң тез сатылады деп ойладым. Әуелі кітап оқитын жеке таныстарыма бердім. Кейіннен Facebook арқылы кітаптан үзінді беріп, жұртты қызықтыра бастадым. Төрт мың данамен шыққан «Бабалар аманатының» 1 мың 800 данасы осылай (Facebook арқылы – ред.) сатылды, - дейді ол.

Алайда Айгүл Болатханқызы «оқырмандар сұранысы көбірек кітаптарды ғана насихаттайтынын» айтады. Ол жазушы Бейбіт Сарыбай, журналистер Сәкен Сыбанбай, Арман Сқабылұлы шығармалары Facebook-те жиі оқылатынын байқаған соң олардың да кітаптарын сатқан.

Кітабымды сатып берші деп өтініш айтатын жазушылар көп. Арасында танымал жазушылар да бар. Бірақ қазіргі жастарды қай жазушы көбірек қызықтырады, соны сатуға болады.

- Зейнеп Ахметованың кітабын алған оқырмандарымды жоғалтқым келмеді. Кітабымды сатып берші деп өтініш айтатын жазушылар көп. Арасында танымал жазушылар да бар. Бірақ қазіргі жастарды қай жазушы көбірек қызықтырады, соны сатуға болады, - дейді Айгүл Болатханқызы.

Әлеуметтік желіде соңғы кездері кітап насихаттап, сататыны байқалған Санжар Керімбай да осыған ұқсас пікір айтты. Осыған дейін бірнеше кітапты осы Facebook арқылы оқырманға ұсынған ол «сұранысқа лайық кітапты ғана әлеуметтік желіге шығаратынын» айтады.

- Егер әлеуметтік желі болмаса кітаптарымыздың 10 пайызын да сата алмас едік. Ал біз кітапқа жұмсаған шығынымызды қайтарып алатын жағдайға жеттік. Әлеуметтік желінің кітап дүкендерінен артықшылығы - оқырман мен кітапты шығарушылар тікелей пікірлесе алады. Оқырманға да кітап сатушыға да бұл өте пайдалы, - дейді ол.

Санжар Керімбайдың сөзінше әлеуметтік желі арқылы түскен сұраныстарға кітапты почта арқылы салып жіберген тиімді.

«ИНТЕРНЕТ-ДҮКЕН»

Айгүл Болатханқызы өзінің Facebook-тегі кітап саудасын интернет-дүкен деп санауға болмайтынын айтады. Оның сөзінше, «Facebook арқылы жасаған кітап саудасынан пайда түспейді деуге де болады». Осы айда Facebook парақшасында «Орда» атты «интернет-дүкен» ашқанын мәлімдеген Қызылорда қаласының тұрғыны Дәуіржан Елубаев та бұл пікірмен келіседі.

Бірақ әлеуметтік желілер арқылы кітап таратушылардың айтуынша, айтарлықтай пайда табатын кәсіп емес. Айналамдағы 100-200 адам кітап оқып, пікір алыссақ та жеткілікті.

- Интернет-дүкеннің не екенін толық білмеймін. Қазақстанның басқа өңірлерінде жарияланған жақсы кітаптардың Қызылордаға тезірек жеткенін қалағандықтан, солай мәлімдедім. Бірақ әлеуметтік желілер арқылы кітап таратушылардың айтуынша, айтарлықтай пайда табатын кәсіп емес. Айналамдағы 100-200 адам кітап оқып, пікір алыссақ та жеткілікті, - дейді ол.

Дәуіржан Елубаев Facebook-те жариялаған «интернет-дүкен» туралы хабарландыруынан кейін кітап сұраушылар көбейгенін айтады.

Қазақстанда әлеуметттік желідерден өзге, кітап сатумен арнайы шұғылданатын, ресми түрде тіркелген интернет кітап дүкендері де жеткілікті. Кітап дүкендерінің веб-сайттары арқылы сатылатын мұндай кітаптар Қазақстандағы сауда талаптары бойынша сатылады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG