Accessibility links

Алматыда тәуелсіз журналистер жол-көлік апатынан жарақат алды


Тамыздың 10 күні Алматыда қазақстандық politika.kz интернет газетінің бас редакторы Бақытжан Мұқышев және dialogue.kz интернет сайтының жауапты редакторы Жәнібек Сүлеев; журналист Кенже Тәтила мінген автокөлік жол көлік апатына ұшырады.

Жол көлік оқиғасы жұма күні Алматының орталығындағы Мұқағали Мақатаев көшесі бойында таңертеңгі сағат алты шамасында болған. Журналистер Б.Мұқышев, Ж.Сүлеев екеуі бала-шағаларымен, тағы бір журналист Кенже Тәтила мінген микроавтобус көлігі М.Мақатаев көшесі бойымен Алматыдағы Көк базарға қарай жақындап келе жатқан кезде кенет бағдаршамның қызыл жарығы жанып тұрғанына қарамай, «Тойота» маркалы аутокөлігі қатты жылдамдықпен келіп, оларға соқтығысқан. Салдарынан микроавтобус тағы бір аутокөлікті, ал ол барып тағы бір аутокөлікке соқтығысып қас-қағым сәтте бір топ адам жарақат алған.

Dialogue.kz интернет сайтының жауапты редакторы журналист Жәнібек Сүлеев жұма күні «Азаттық» тілшісіне берген сұқбатында осы жол көлік оқиғасынан өзінің жеңіл жарақат алғанын айтты.

- Ал, politika.kz газетінің бас редакторы Бақытжан Мұқышевтің жағдайы өте ауыр, оның жолдасы, сондай-ақ микроавтобустың жүргізушісі және оның кішкентай баласының жағдайы жақсы емес. Олардың бәрі қазір ауруханада. Менің бір қабырғам сыныпты, рентген суретін алдырдым, қазір үйдемін, - деді Сүлеев.

Сүлеевтің айтуынша журналистер 2-3 күнге Алматы қаласының маңында дем алуға бара жатқан екен. Б.Мұқышев жатқан Алматыдағы №4 ауруханадағы реанимация бөлімінің дәрігері Мұқышевтің жағдайын өте ауыр деп бағалады.

- Басынан үлкен жарақат алған, екі ортан жілігі сынған, денесінде тағы басқадай жарақаттары, сынықтары бар Бақытжанның қалі өте ауыр, оған қолдан келген барлық дәрігери көмектерді көрсетіп жатырмыз, - деді дәрігер.

Алматы қалалық жол полициясының кезекші офицері Жеңіс Мұстафин жұма күні «Азаттық» тілшісіне осы оқыс жайтқа байланысты жол полицейлерінің оқиға болған жерге жедел барып, жағдаймен танысып, алғашқы зерттеулер жасағанын айтты.

- Жол көлік оқиғасына 4 аутокөліктің қатысы барлығын анықтадық. Бағдаршамның қызыл жарығы жанып тұрғанына қарамай «Тойота» ауткокөлігі қозғалып, микроавтобусты барып соққаны туралы алдын ала қортынды жасалды, ол туралы құжаттардың бәрі тергеушілер тобының қолына тапсырылды, - деді ол.

Ал қазақстандық кейбір интернет парақшаларында журналистер және олардың жақын адамдары отырған микроавтобусты барып соққан «Тойота» жүргізушісі мас жағдайда болған деген хабар айтылады. Алматы қалалық жол полициясының өкілі әлгі жүргізушінің қаны зертханаға тексеруге берілгенін, оның қортындысы әлі шыға қоймағанын айтты.

Қазақстандық «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қордың төрайымы Розлана Таукина, елдегі демократия тақырыбын көтеріп, осы тақырыпта өткір сыни мақалаларымен танылған Бақытжан Мұқышев пен Жәнібек Сүлеев секілді журналистердің жол көлік апатына ұшырауына алаңдаушылығын білдірді.

- Жалпы, елдегі кәсіби жағынан шыңдалған, тек шындықты қорықпай жазатын журналистердің қандай бір жағдайда жол көлік апатына ұшырап, соның құрбаны болып жату оқиғасы жиілеп кеткені, әрине, кімді де болсын алаңдатпай қоймайды, - деді ол.
XS
SM
MD
LG