Accessibility links

Жамбыл облысындағы жол апатынан жиырмадай жолаушы қаза тапты


Алматы-Ташкент күрежолындағы жүк көліктері. Жамбыл облысы, 18 шілде 2010 жыл.
Алматы-Ташкент күрежолындағы жүк көліктері. Жамбыл облысы, 18 шілде 2010 жыл.

Cенбі, шілденің 31-і күні шамамен таңғы сағат 4-те Жамбыл облысы аумағында ірі жол апаты болды. Жолаушылар автобусы мен жүк көлігі соқтығысып, толығымен жанып кеткен. Екі көліктің жүргізушісімен қоса 18 жолаушының көз жұмғаны хабарланып отыр.


Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті өкілдерінің айтуынша, 23 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, 6 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде төрт жолаушы – Өзбекстан азаматы.

Оқыс оқиғаның болған жері ретінде Меркі ауданындағы Аспара ауылына жақын маңдағы Алматы-Ташкент күре жолының 339-шақырымы аталып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылынан Алматыға қатынайтын автобуста 49 жолаушы болған. Өзбекстанмен шекаралас жатқан Жібек жолы ауылынан Алматыға жолаушылайтындар, әсіресе, жаз кезінде көп болатыны мәлім.

Алдын ала мәлімет бойынша апат кезінде екі көліктің бірінің жүргізушісі ұйықтап кеткен деген болжам бар. Қазір қаза болған жолаушылардың мәйітін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.

Оқиғаға орай ішкі істер министрлігі жол полициясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Николай Калашников Жамбыл облысына келді.

Оның басшылығымен құрылған тексеру тобы оқиғаның себеп-салдарын анықтауға тырысып жатыр. Сонымен қатар, техникалық, автотехникалық және бірқатар биологиялық сараптамалар тағайындалды.

Жалпы, Алматы-Ташкент күре жолының Жамбыл учаскесінде жол апаттары жиі болады. Оған қоса жол бойында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылысы күні-түні жүргізіліп жатқаны белгілі.

Облыстағы жалпы пайдаланылатын автокөлік жолы 4 999 шақырымды құраса, соның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы - 847 шақырым.

Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі апат туралы талдау-сараптама жұмыстары біткен соң ғана толық мәлімет береміз деп отыр.
XS
SM
MD
LG