Accessibility links

Алматыда «Барахолка» екінші рет өртенді


Қарашаның 17-сі күні Алматыда жұрт «Барахолка» атап кеткен ірі базардан тағы өрт шықты. Бұл жолы «Құлагер» базары өртенді.

Азаттық тілшісі оқиға орнына жеткенде өртеніп жатқан базарларды сыртынан полиция қоршап тұр екен. Әуеге көтерілген қою түтін күннің көзін көлейгелеп, шұбатылған ізі қаланың екінші шетіне дейін созылып жатты. Өрт сөндіру техникалары мен әуеден тікұшақ су шашып жүрді.

БАЗАРДЫ БОСАТУ ТУРАЛЫ ЕКІ КҮН БҰРЫНҒЫ ЕСКЕРТУ

«Құлагер» базарының саудагерлері тауарларын базардың сыртына шығарып жүрді. Одан ары арбаға тиеп, қапқа салып әкетіп жатты. Рисәла есімді әйел базардағы өрт туралы ести сала, таңғы сағат алты жарымда базарға жетіп, ертерек қимылдағанының арқасында тауарларын өрттен аман сақтап қалғанын айтады. Оның сөзінше, бұның алдында екі базардағы саудагерлерге ол жерді босату туралы ескерту айтылған.

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

– «Құлагер» және «Арал» базарларындағы адамдарға, екі күн бұрын, яғни 15 қарашада базарды босату туралы ескерту айтты. Жұрт мұрсат беруді сұрады, бірақ кейін «бәрі шешілді, қала әкімдігімен келісілді» деген сөздер айтылды. Ал бүгін міне, қарашаның 17-сі, жағдай енді осылай боп тұр, - деді Рисәла.

«Құлагер» базарында аяқ киім саудасымен айналысқан Нұрила бүгінгі өрт кесірінен тауарсыз қалғанын айтады.

– Бізден орын үшін алатын желтоқсанның ақшаларын ерте жинап алды. Өрттің неден шыққанын білмейміз, жұрт әртүрлі қауесет айтады. Енді білмеймін не істейтінімді, бар тауарым өртеніп кетті, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ таратқан ақпараттарда «Базарды әдейі өртеген» деген қарапайым адамдар мен саудагерлер болжамы мен төтенше жағдайлар департаментінің «Құлагер» базарын бір апта бұрын тексеріп, ескерту жазып кеткені туралы хабарлар қатар шықты.

«Қазақстан жаңалықтары» агенттігінің ақпараты бойынша, «Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті «Құлагер» базарындағы өрт қауіпсіздігін қарашаның 11-і күні тексеріп, базар басшыларына 13 түрлі заң бұзушылық туралы ескерту жазып кеткен. Одан бөлек, департамент Алматыдағы ауданаралық экономикалық сотқа «Құлагер» базарының жұмысын тоқтату туралы арыз түсірген».

ӨРТ ТУРАЛЫ ЕКІ ТҮРЛІ МӘЛІМЕТ

Жексенбі күні негізінен саудагерлердің контейнерлері, қоймалары, халық тұтынатын тауарлар өртенді. Бірақ саудагерлер Азаттық тілшісіне «Құлагер» және «Арал» базарларының өртеніп жатқанын айтса, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметі өкілі Антон Кияткин «тек «Құлагер» базарының өртенгенін» мәлімдеді.

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Барахолкадағы «Құлагер» базарындағы өрт. Алматы, 17 қараша 2013 жыл.

Аталған екі базардың әкімшіліктерінен Азаттық тілшісіне бүгінгі өртке қатысты түсініктеме беретін өкілетті адам табылмады.

Департамент өкілі Антон Кияткиннің айтуынша, базардан өрт шыққаны туралы хабар таңғы сағат алтыда түскен.

– Өртке «ең жоғарғы» деген дәреже берілді. Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің 31 техникасы мен 250 қызметкері, Алматы облысының 10 техникасы мен 45 қызметкері, «Қазавиаспастың» 1 тікұшағы жұмылдырылды. Зардап шеккен 1 адам бар – аяғын сындырған, - деді Кияткин.

Ол «Құлагер» базарының 3 - 3,5 мың шаршы метр аумағы өртенгенін айтты.

Азаттық тілшісі өртке қарсы қызметтің өкіліне бұған дейін қыркүйекте осы базарда болған үлкен өрттен кейін өрт қаупінің алдын алу үшін қандай қауіпсіздік шаралары атқарылғаны туралы сұрақ қойды. Кияткин «Бұл сауалға нақты жауапты Алматы қаласының өрт қауіпсіздігін бақылау қызметі береді» деді.

Соңғы екі айдың ішінде Алматының «Барахолка» базарында осымен екінші үлкен өрт болып отыр. Бұның алдында, 13 қыркүйек күні «Олжа», «Аян», «Керемет», «Алатау» базарлары өртенген еді. Зардап шеккен жеті адамға дәрігерлік көмек көрсетілген. Төтенше жағдайлар қызметінің дерегі бойынша, өрт аумағы 5,4 мың шаршы метр болған.

19 қыркүйек күні өртенген базарлардың саудагерлері наразылық танытып, жолды жапты. Полицияның арнайы жасағы оларды жолдан ығыстырған соң ғана көлік қозғалысы қалыпқа келді. Саудагерлер шығындарын базар әкімшілігінен өндіріп беруді талап еткен.

Алматы қаласы әкімдігі мен «Барахолка» базарларының басшылығы арасында бірнеше жылдан бері жер дауы жалғасып келеді. Әкімдік 2013 жылы жазда «Барахолка» аумағынан өтуі тиіс жолды салу үшін «базарларды тәртіпке келтіретінін» мәлімдеген еді.

«Құлагер» базарындағы өрт туралы видео

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG