Accessibility links

Қазақ даласында қолдан жасалған зұлмат

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

1930 жылдардың басында аштықтан босқан қазақтар

1930 жылдардың басында аштықтан босқан қазақтар

Қазақ жеріндегі кеңестік зобалаңдардан жапа шекпеген қазақ отбасы- кемде-кем. Қызыл империяның салған небір құқайларын аса үлкен төзімділікпен көтергендеріне қарамастан, аяусыз зардап шеккендердің бірі менің әке-шешем еді. Бұл жолы әкем Үшбай Үркімбайұлының өз аузынан естіген әңгімелерін, сол күйінде оқырманға жеткізгенді жөн көріп отырмын.


ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАҒАН АУЫЛ ЕДİ


“Мен дүниеге келген 1917 жылы әкем Үркімбай Нысанбайұлы 73 жасында бақилық болған екен. Демек, мыңғыртып мал айдаса да ол кісі советтік кәмпескелеудің, коллективтендірудің құрығына іліне қоймаған.

Әкемнің 70 жасында дүниеге келген ағамның атын Жетпісбай, ал менің атымды Үшбай деп қойған екен. Анамыз Күләпия болса менің бір жасымда көз жұмыпты. Атамыздың ең кіші, жас тоқалы болған ол кісі сірә науқастанып, дүниеден қайтса керек.

Біз әкеміздің екінші әйелінен туылған Рай, Райымбек деген ағаларымыздың қолында өстік. Ол кісілер аса мейірімді адамдар еді. Ағаларымның мені кезек-кезек мойындарына отырғызып еркелететіндері әлі есімде. Өз балалары менімен құрдас немесе сәл кішілеу болса да мені айрықша жақсы көрісетін.

Тағы бір есімде қалғаны- қораларымыз толы мал болушы еді. Үлкендер әңгімесінен ұққаным бойынша зер салып қарасам, шынында да біздің әулет ылғи бір қоңыр төбел қойдан мал жиған екен. Үйір-үйір жылқылар өз алдына бөлек бір сұлулық әлеміндей еді. Атбегілер жүйрік баптап, ерекше қанаттанып жүретін.

Үйден жолаушы да, қонақ та үзілмеуші еді. Қойшылар мен олардың отбасы мүшелерінің сыбағасы да біздің дастарқанымыздан бөлінетін. Малшы-қызметші боп жүрген ағайындарға ағаларым өте жайлы еді.

Кейін келе советтік әдебиеттерден байларды әбден тұқырта, құбыжық етіп көрсететіндерін оқып, зығырданым қайнайтын. Жеңгелерім де қолы ашық, мырза жандар еді. Әсіресе Мыңділда деген жеңгем аса бір сүйкімді кісі болатын. Қыз кезіндегі аты басқаша болса керек. Әкеміз құда түсе барып отырғанда, қыз жағынан біреу:

-Үреке, өзіңменен құда болуға қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, Үркімбай бай деген атың талай жұртқа жайылған ғой. Мал дегенің өз қотанымызда да толып тұр. Шын бай болсаң, болашақ келініңнің қалыңына мың ділданы санап берші,- деген екен сынамақ ниетпен. Сонда әкем жарықтық белбеуін шешіп, сол үйден шықпастан, табанда мың ділда санап берген екен. Жеңгемнің аты содан қалса керек.

Мұны айтып отырғаным әкемнің байлығын айтып мақтанғаным емес, мына дүниенің жалғандығына мегзегенім ғой. Сөйткен байдың балаларының алды “сәбеттің” кесірінен аштан өліп, кейінгілері жетімдіктің зардабын армансыз-ақ шекті емес пе?!

Бәлшебектер келіп, дүниені астаң-кестең етпесе, бәлкім әкемнің үш әйелінен тараған бауырлар ендігі бір рулы ел боп тұрар ма едік... Өзі бала көтермесе де бәйбіше-анамыз көзі жұмылғанша кейінгі әйелдерден өрбіген ұрпақтарынан мейірімін аямаған екен. Сондай бір сүттей ұйыған жарасымдылық бар еді әулетімізде.

Қысқасы, қора тола- байлық, дастарқан тола- береке, үй тола-балалардың күлкілері аралас мереке еді. Бәрін құртты ғой бәлшебек. Бізге төңкерістің ызғары бірден жеткен жоқ.

-Орталықта қызылдар жеңіпті, ақтар қашып кетіпті,- деген хабарлар ілкі сәтте жәй бір қаңқу сөз сияқты естілген болатын бізге. “Қызылы несі, ағы несі? Бұлар не туралы сөйлеп отыр?”-деп алғашында түсінбейтін едік...

Балалық шақтан есте қалған тағы бір көрініс мынандай. Ол кезде менің 7-ге шыққан кезім. Есептеп қарасам, 1924 жыл екен ғой. Сол кезде 10-ға шыққан менімен бір әке, бір шешеден туылған бауырым Жетпісбай мені оңаша шығарып алып:
-Әй, Үшбай, пәлен деген қойшы ата: “мына мыңғырған малда сендердің де үлестерің бар. Соны сұрап, біліп алыңдар” деп ақыл беріп жатыр. Ағаларымыздан үлесімізді сұрайық,- дейді. Ол кісілердің шексіз ықыласына бөленіп жүрген маған бұл сөздер тым жат болып көрінді.
-Қойшы, сұрамаймын. Жәкелерімді жақсы көремін-, дедім де әңгіме болған жерден тез қашып кеттім.

Арада тағы 4-5 жыл өтер-өтпестен Советтің ызғары сонау Күйелі өзенін жағалай қонған Үркімбайдың жайлауына да келіп жеткен еді.

ҚЫЗЫЛДАР САЛҒАН ОЙРАН

Маңдайында жұлдызшасы бар, шошақ баскиім кигендер бір күні аулымызға сау ете қалысты. Белдеріне жалпақ қайыс белбеу таққан олар қолдарындағы қайыс “пәпкелерінен” қағаздарын шығарып, әй жоқ, шәй жоқ мал-жанның бәрін хаттай бастады. Өздері алдын-ала сайланып келсе керек, “кәмпескеге ілінді” деген сөздерін айтып, дереу мал-мүліктің бәрін ауылдың орталығына айдата жөнелді.

Сөйтіп, мыңғыртып мал айдаған Үркімбайдың үрім-бұтағы әп-сәтте қолдарына таяғын ұстап қала берді. Көзді ашып-жұмғанша аулымызды топалаң басып қалғандай көрінгені рас.

Ол аз дегендей, арада біраз күн өткенде, ауданнан арба мінген арнайы өкілдер келіп, “бай-құлақтарды жер аударамыз” деп, Рай мен Райымбек жәкелерімді бүкіл бала-шағасымен арбаға күштеп отырғыза бастады. Бұл шамамен 1929 жыл еді.

Жайшылықта шексіз боп көрінетін мына дүниеге не боп кеткенін біле алмай, далмыз. Бірін-бірі қимастан ұлардай шулап, зар еңіреген бала-шаға, туыс-бауыр, дос-жарандардың үнінен аспан күңіреніп кеткендей...

Арбалар орнынан қозғалған кезде тамырлары қоса үзілердей болып, менің де жүрегім атқақтап аузыма тығылып, жарылып кетердей еді.
-Рай жәке,-деп шыңғыра соңдарынан ұмтылдым. Жерде тұрғандар мені жіберместен, тас қып ұстап алысты. Зар еңіреп қала бердім.

Кейін білдім, “кенже тоқалдан туылған, әрі буындары қатпаған бұл екеуі әлі мал иелене қойған жоқ” деп ауылдастар ақпарат жеткізген екен. Сөйтіп, туған-туыстардан тірідей айрылған ағам Жетпісбай екеуміз көшкен жұртта аңырап қала бердік.

Бірақ бізді де ел ішінде жайымызға қалдырмады. Көп ұзамай, Шу қаласындағы “Жетімдер үйіне” апарып тапсырды. Мұндағы жартылай әскери тәртіп санамызға сіңбейді-ақ. Елді аңсап жаным жай табар емес. “Жәкемдерге не болды екен?” деген ой маза бермейді. Сөйтіп жүріп, “Жетімдер үйі” интернатының екінші сыныбын қалай аяқтап қалғанымызды да аңғармай қалдық.

Бір күні бауырым Жетпісбай мені тағы оңашалап алып:
-Әй, Үшбай, мына үлкен кластың балалары айтып отыр, “егер қазір қашып кетпесеңдер, жоғарғы класқа барғандарыңда күштеп шоқындырады” дейді. Аман тұрғанымызда бұл жерден кетейік, елге барайық,- деді.

Сөйтіп, алыс ағайын-туыстарды сағалап, 1931 жылы елге тарттық. Балалық аңғал көңілмен аптығып барғанымызда, баяғы ата жайлауымыздан сән кеткенін көріп, әкемнің бұрынғы қыстауында отырған ағайындарға жетуге асықтық.

Обалы не керек, әкем мен жәкелерімнің талай жақсылығын көрген ауылдастар ықыласпен қарсы алысты.

Келе салысымен көз көргендерден Рай, Райымбек жәкелерім жайлы хабар бар ма? деп сұрастырып жүрдім. Естуімше, ол кісілерді итжеккенге емес, Қазақстанның әйтеуір бір түкпіріне айдаған боп шықты.

Ол жақта аштық ерте басталған екен. Айдалып барған ол кісілер тұрмақ, жергілікті тұрғындар бұдан біраз ай бұрын-ақ баудай түсе бастаған боп шықты. “İшінде кеткен болар” десті қариялар. Оңашада көз жасыма ерік беремін. Қолдан келер басқа амалым жоқ.

Қазір ойлап отырсам, сол кездері жәкемдерді әлгі әзірейілдей сипаттайтын итжеккендеріне айдағандарында, мүмкін орыс ортасында аман қалар ма еді байқұстар!? Менікі бос қиял ғана ғой.

Менің сәби кезімде ұзатылып кеткен, бір әке, бір шешеден туылған Ұлтуар, Алтыншаш әпкелерімнен де хабар жоқ. Бауырды бауыр іздемек тұрмақ, “байтал түгілі бас қайғы боп кеткен” заман еді ғой... Қырам десе “сәбетіңе” дүйім халықты жусатып тастау түк емес екен ғой, тәйірі!

АШТЫҚ ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ

Қарап тұрсам, біздің ауылдың да ыңыршағы шыға бастаған екен. Біз сыртта болған 2 жыл ішінде белсенділер “ауылдарды ірілендіреміз” деп малдың бәрін бір орталыққа салған көрінеді. Енді келіп, ортақтағы сол малды белгісіз жаққа айдап кетіп жатыр деседі. Тағы да түкке түсінбей, аңтарылған халық.

İрі-қара малды былай қойғанда сауып ішерге бір ешкісі де қалмаған пүшайман жұрт көп ұзамай, санаулы айлар ішінде тышқан аулап, шөптің тамырын қазып жеп, тентіреп кетті.

Келе-келе тіпті тышқанды қауқары жетіп, ебі асқандар ғана тауып жейтіндей күн туды. Тағы біраздан кейін ол да таусыла бастаған болатын. Алғы деген шөптің тамырын талғажу етемін деп уланған талай ауылдасымның іші кеуіп, көз алдымда жан тәсілім еткенін қалай ұмытайын!?

Ашаршылықтың алғашқы айларында кісісі өлген үй дауыс шығарып, қайғырып, қолдарынан келгенінше марқұмның жүзін топырақпен жасыруға тырысатын еді. Келе-келе әркім ашқұрсағымен басқайғы боп, тұрып жатқан үйлері ашық молаға айнала бастаған еді.

Шалғайдағы құмды ауылда қалған аш-арық ауылдастарымның ендігі арманы пойыз жолға жету болатын. Бейне бір пойыз жолға жетсек болды, алдымыздан ақжарылқап күн туатындай көрінетін.

Сондай арман соңында ауылдастарымыз топ-топ болып: “Шу стансасы (қазір “бекет” деп жүрсіңдер ғой) қайдасың?”-деп жолға шығып жатты.

Бір күндері сондай топқа біз де қосылдық. Сол 1932 жылдың көктемінде 15-ке жаңа шыққан бала болсам да, Мойынқұмның Қызылотау ауылынан Шу стансасына жеткенше өзім куә болып, көзіммен көрген қасіретті көріністерді жауыма да тілемеймін.

Аулымызда аштықтан көз жұмып жататын ауылдастарымыздың денесі үйінің ішінде болғандықтан, көзге осыншалықты ұрып тұрмайтын еді. Ал, мұнда... сұмдық. Ұзақ жол бойы-шашылған адам қаңқалары. Кейбірінің орнында тек шаштары мен табан сүйектері ғана қалған. Ит-құсқа жем болса керек. Ал кейбірінің денесі әлі толық шіріп үлгермегенімен, иістеніп кеткен.

Таяуда ғана жан тәсілім еткендерінің денесі әлі іри қоймаған сияқты. Бірақ көзі тірісінде аштықтан әбден титықтаған бейшаралардың мәйіттері де талықсып кеп сүрінген жерлерінде қинала бүрісетіндей.

Ой, тоба-ай! Адам баласының бойы жамандыққа тез көндігеді екен-ау! Алғашында айналамыздағы мынау қатыгез көріністерге жүрегіміз шошып, жанымыз шырқырай қарасақ та, келе-келе тіпті бойымыз үйрене бастағандай ма, қалай өзі?!

Бізбен бірге келе жатқан баз-бір қариялар жайрап жатқан марқұмдардың барлығына арнап, іштей Құран бағыштап, бір рет беттерін сипасты. Одан әріге әл-дірмандары жетпеді.

Біз ілгері ілбіп келеміз. Әттең дүние-ай, ауылдан 50 шақырымдай жерге ұзаған кезімізде біздің тобымыздағы апаларымыздың бірі жүрелей құлады. Әрі-бері сүйемелдеп көрдік. Тұра алмады.

Бұл кісі жайшылықта қолы жомарт, мейірімді бір жан еді. Көшеде ойнап жүрген балаларды шақырып алып, үйіндегі жылы-жұмсағын алып шығып, таратуға тырысатын.

Ол кісінің әлсіз жанарлары жаймен жұмылып бара жатты. Қиналғандай бір үн шығарды да, бір кезде сұлық түсті... Қариялар беттерін сипасты. Жанарымыз жасқа толып, ілгері жылжыдық.

СҰРАУШЫСЫ ЖОҚ СӘБИЛЕР

Ұзын сөздің қысқасы 80 шақырым жердегі Шу стансасына жеткенше тобымыздағы үлкен кісілердің көпшілігі жантәсілім етіп, тек 2-3 ер адам мен 5-6 бозбала ғана пойыз бекетіне жеттік.

Мұнда да ыңыршағы айналып, құр сүлдерін сүйреткен қазақтар толып жүр екен. Айтпақшы, аулымызда тек қазақтар тұратындықтан білінбеп еді.

Шу қаласында ең басты байқағанымыз, аштықтан көздері қарауытып, омақаса құлап жатқандар-тек қазақтар. Ал басқа ұлт өкілдері болса, тоқ кейіптерімен алба-жұлба болған біздерге ерекше аянышпен қарап, қасымыздан өтіп кетеді.

“Тоғыз жолдың торабы” деп аталып кеткен Шу қаласында шынында да сан ұлт өкілдері тұратын еді. Сонау түкпірдегі Мойынқұм алқабы және осы Шу ауданының төңірегіндегі ауылдардың ашыққан, сүйегіне терісі жабысқан қазақ тұрғындарының шамасы жеткендері осы қалаға келіп алған ба дерсіз...

Аш-арық қазақтарға бір үзім нандарын ұсына-ұсына шаршаса керек, мүсіркегендерімен, өзге ұлт өкілдерінің ешқайсысы жақын келіп, қол ұшын бермеді бізге. Қайыр сұрап, алақан жайғандардың қасынан көздерін төмен салған күйлерінде өтіп кетіседі.

Сонда ғана ағам Жетпісбай екеуміз бұл жерде қалуға болмайтынын түсіндік. Сөйттік те көршілес қырғыз ағайындарға барып жан сауғалаған жөн болар деп шешіп, Фрунзе қаласы қайдасың деп жүк таситын пойызға жармастық.

İздеп жүріп, мал таситын вагондарына жайғасқанбыз. Пойыздың жүрісі жылдамдаған сайын төбесі ашық, жан-жағына жалаң тақтайларды қаға салған вагонға жел ұйытқи соғады-ай келіп... Ашыққан тән суық пен ауруды тез қабылдап алады екен...

Жол үстінде бірнеше жолсерігіміз көз жұмды. Ендігі жерде тіпті қайғыруға да, кісі өліміне егілуге де шамамыз жоқ. Алба-жұлба киімдерімізді жел кеулеп, жаурағанымыздан тісіміз тісімізге тимей сақылдап, тоңа бастадық. Бір-бірімізге болмашы дене жылуымызбен сеп болмақ ниетте бір бұрышқа ұйыса тығылудамыз.

Қанша жүргеніміз есімізде жоқ. Қырғыз елінің бір стансасына келіп тоқтаған екенбіз. Сырттағы абыр-дабырға құлақ түре бастағанымыз сол еді, ересек балалардың бірі:
-Тексерушілер келе жатыр. Тығылу керек!-деп сыбырлап үлгерді. Дереу вагон қабырғасының бір тақтайын жылжытып жіберіп, сыртқа шығып үлгердік. Есікті ашып, ешкім жоқ деп ойлаған тексерушілер ілгері кетісті.

Пойыз жылжыған кезде жандалбаса күйде вагонымызға қайта жармастық. Қарасақ, жерде орындарынан тұра алмаған күйлерінде тағы бірді-екілі серіктестеріміз қалған екен. “Қош” деп айтуға аузымыз икемге келмейтін сияқты. Пойыз ілгері жылжыды.

Сонымен армандай көрінген Фрунзе қаласына да жеттік-ау, әйтеуір. Қырғыз астанасы да қол жайып нан сұраған қазақтарға тола екен. Ағам екеуміз елден сұрай-сұрай, сүйретіліп жүріп, орталық базарға бардық. Мұнда да- әлгі көрініс.

Фрунзедей ірі қаланы, оның үлкен базарын көруіміз - алғаш рет. Шетте тұрып, айналамызға көз салудамыз.

Кенет... 7-8 жастағы бір бала нан сатып тұрған саудагердің алдынан жарты бөлке нанды ала қашпасы бар ма!... Әлгі тауар иесі әлсіреген баланы әп сәтте қуып жетті де нанын қайта жұлып алып, жұдырығымен желкесінен бір-ақ қойды. Онсыз да ыңыршағы айналған бейшара сәби бірден жантәсілім етті.

Сонда әлгі саудагерге: “Әй, мұның не? Сен адам өлтірдің ғой! Мұның да артында сұраушысы бар ғой?”-деген бір адам болмады. Себебі жуадай солған әлгі сорлы баланың ғана емес, сол жерде нәр тата алмай қаңғып жүрген біздің бәріміздің де сұраушымыз жоқ еді.

Базардан талғажу таба алмасымызға көзіміз анық жетті. Мерт болуымыз мүмкін.

“Енді кәйттік?” деп бауырым Жетпісбай екеуміз ілби басып, бір асхананың маңына жетіп, жүрелей құладық.

Аш адамға “ит арқасы қияндағыдай” көрінетін Қырғыз астанасын бетке алып шыққандағы үміт еткен дүниеміз күлпарша болып, бұдан ары шыдауға әл-дірманымыз жетпейтіндей көрінді. “Сұм ажалдың қанды шеңгеліне толық іліккен екенбіз” деген бір ой қылаң беріп үлгерді менің санамда.

... Дәл сол кезде асхана есігі ашылды да... ішінен орта жастағы бір ер адам шықты. Қолында шелегі бар. Пештің күлін далаға төкпекке шыққан екен.

Сәл аңырып тұрып, бізге қайрылды да:
-Қазақпысыңдар?-деп сауал тастады, ізінше,- е-ей, несіне сұрап тұрмын, қазақ қой бұл байқұстар,- деп өз-өзіне күбірлеп сөйлегендей болды. Сөйтті де бізге жақындап келіп:

-Бұлай жата берсеңдер өліп қаласыңдар. Мына күлдің ішінде ыстық шоғы бар. Осы шелекті сендерге берейін. Мен басқасын табармын. Кішкене күте тұрыңдар, қазір аршылған картоптың қабығын алып шығамын. Сендер үшін қабығын қалыңдау аршырмын. Соны алыңдар да, анау жерде бос тұрған, кірпіш күйдіруге арналған шағын бір бөлме бар. Сонда паналаңдар. Қазақ туғандардың жақсылықтарын кезінде көп көрген едім. Сендерге қолымнан келер көмегім осы болсын. Осы жерге күнде, дәл осындай уақытта келіп тұрыңдар. Мен картоп қабығы мен ыстық күл шығарып тұрайын. Соны талғажу етіңдер,-деді де ішке кіріп кетті. Көп ұзамай ол кісі іштен қайта шықты да, құдды бізді танымайтын адам сияқты бейтарап кейіппен, бізге жақын жерге картоп қабығын төгіп кетті. Сәлден кейін бауырымыз екеуміз әлгіндегі мейірімді адамның нұсқаған жағына бет алып бара жаттық.
Бұл да болса Алла-Тағаланың бізге деген шексіз мейрімі ғой! Әрі сендердің көрейін деген жарықтарың шығар! Әлгі қырғыз ағайдың арқасында біз осылайша тірі қалдық.

Күннен күнге әлгі қалың аршылған картоп қабықтарының арасынан майда да болса тұтас картоптарды жиі тауып алатын болдық. Шоғын үрлеп, от жағып, оған картобымызды пісіріп, жылы күлді астымызға төсеніш етіп, жырғадық та қалдық.

Әттең балалық-ай, сол кісінің тым болмаса атын да сұрап алмаппыз ғой. Аш адамда қайбір ес қалсын! Бірақ өмір бойы алғысымызды жүрек түкпірімізде сақтап келеміз. Алладан қайтсын, бізге жасаған жақсылықтары!

Біз осылайша Қырғызстан астанасын бір қыс қыстап шықтық.

Қырғыз Алатауы баурайындағы қыс ерекше суық еді. Дірдектеп жүріп, аяқ жетер жерден жинаған отынсымақтарымыз картоп пісіргенімізге ғана жетеді де, соның жылуымен біраз қалғып аламыз. Тіпті ыстық күлге маужырап жатып, оның арасындағы шоққа шоқпытымыз тұтанып, өртеніп кете жаздаған кезіміз де жиі болды.

Өз аузымыздан жырып, әлгі картоп қабығын бірлі-жарым балаларға беруге тырыстық. Базар жағалап жүріп, туған ел жақтан келер хабарларға қаныға бастадық.

ҚАҢЫРАҒАН АУЫЛДАР

Қырық жыл қырғын болса да, туған жерге ешнәрсе жетпейді екен. Құдды бір, біз жоқта ауылымыз жерұйыққа айналып кеткендей елестеді де тұрды.

Келер жылы, яғни 1933-тің жазында елге қайттық. Сол баяғы мал артатын вагондарда азапқа түсіп, қайта “жолаушы” болдық. Аш-жалаңаш қалсақ та, туған елге деген сағынышымыз бізді Мойынқұмға дедектете жетелейтіндей.

Сөйтсек... Ел дейтін ел қалмаған екен. Орнында жұрты ғана жатыр. Аңғал-саңғал үйлер моладай суық көрінеді.

Қанша дегенмен ел көріп, жер көріп, “ысылып қалдық емес пе!” Дереу келісімен тіршілікке кірістік. Бір жыл ішінде шөп атаулы ұйыса қайта шығып, Табиғат жарықтық бізге бейне бір: “Сендерді ай мен күннің аманында әдейі қырып салған өздерің сияқты екі аяқты пенделер ғой. Менің жазығым жоқ. Сендерге деген Мейірімім шексіз. Өздеріңе бұйырған өсімдіктерді қорек етіңдер” деп тұрғандай.

Сөйтіп, жабайы шөптердің өзін шай етіп ішіп, тамырларын тамақ орынына жеп, өлместің күнін көрудеміз. Абайламасаң, кейбір шөптен уланып, арам қатуың да мүмкін.

Бізден кейін біртіндеп ауылға басқа да аман қалғандар орала бастады. Беу дүние-ай десейші! Жүз қаралы шаңырақ боп отырған ауылда, аштықтан кейін, 20 шақты үйдің ғана есігі ашылды ғой... Онда да әр үйден бір-екі ғана жаннан аман қалған екен.

“Жетім қозы-тасбауыр, түңілер де, отығар” демекші, әл-дірманымыздың жеткенінше аулымызға қайта жан бітіруге тырыстық.

Қайта оралғандардың бірі Ресейдің Омбы қаласында оқып жүріп, аштықтан сонда аман қалған екен. Оның айтуынша, орыс жері де ашыққан қазақтарға толы. Орыс халқы түк болмағандай-тоқ.

Тіпті кейбір безбүйрек басшылары: “Мынау қаптаған қайыршы қазақтар елімізге жұқпалы ауруларды тарататын болды”, деп байбалам салып, елдеріне, жерлеріне қазақтарды кіргізбей тастаған екен.

Тағы бірер жылдан кейін есімізді жиып, айналамызға сәл зер сала қарай бастаған кезімізде естідік: аштықтан босқан қазақтар өздеріне көршілес елдерге ауған екен ғой. Сөйтіп, қырғыз, өзбек, түркмен, орыс жерлерінде бір тостақ талқанға айырбасталып қала берген бейшара қыздарымыз қаншама еді десеңші!

Мына Горбачев келгелі кей шындықтар айтыла бастапты ғой. Казитіңнен оқып қалдым. Бұл қазақ байқұсты жер бетінен сыпырып тастау ниеті сона-а-ау патшалы Ресей кезінен басталған дейді ғой ғалымдарың. Сол ақ патшаның кезіндегі Ресейде бір өкіл:
-Қазақ-қырғыз даласына барып келдім. Ол жабайы халықты қасықпен тамақ ішуге үйрету керек...-деген сияқты кемсіту пікірлерін айтқан екен.

Сөйтсе одан да өткен сорақы бір ұлтшылы:
-Ондай халыққа қасықпен қалай тамақ ішуді үйретем деп қаржы мен уақытты құртқанша, оданда тездетіп, оларды жер бетінен сырып тастау керек қой. Сөйтіп, ұлы Россияның оңтүстіктегі жерлерін жедел босатып алайық,- деген екен ол найсап.

Сол жымысқы ойдың ызғарын қазақ әлі көріп келеді. Қашанға созылар екен бұл құқай!? Ау, біздің құнымыздың сонда көк тиынға да тұрмағаны ма? Қоян екеш қоян қырылса да: “Ойбай, мында апат боп жатыр!” деуші еді ғой. Сонда біздің қоян құрлы сұрауымыздың қалмағаны ма? Не жаздық бұл сәбетіңе?

“Біртұтас туысқан сәбет халқымыз!”, деп тақылдағанда керемет болған сәбет одағында неге тек қазақтар мен украиндар қырылуы керек еді?!

Әділет күні туар. Бұл былықтардың түбірі де күндердің-күнінде ашылар. Соған сенемін..."


Жарықтық әкем өз өміріне ғана емес халқымыздың тағдырына терең жара салған сол бір зұлмат жылдар жайлы оқтын-оқтын, ширыға отырып осылайша әңгіме қозғайтын еді. Әкем өлең жазатын. Терсіңді болған шағын ғана қойын дәптеріне жыр шумақтарын түртіп жүретін. İшінде ашаршылық жылдарына арналған жырлар да болушы еді.

Бақыл болыңыздар, жазықсыз күйде, аштық тырнағында кеткен талай-талай ата, апаларымыз, бұғанасы қатпай жатып, қазақтың маңдайына сыймай кеткен небір біртуар талантты перзенттері.

Уақыт әділ төреші! Өз бағасын берер...
Ол үшін аталардан қалған осынау шындыққа толы сөздерді ұмыт қалдырмай, болашаққа жеткізу -ұрпақтар міндеті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG