Accessibility links

Аштықта жеген құйқаның дәмі...


Қазақ даласында 1930 жылдары болған аштық пен суықтан бүрсеңдеген ана мен бала
Қазақ даласында 1930 жылдары болған аштық пен суықтан бүрсеңдеген ана мен бала

Азаттық радиосы Қазақстанда 1931-33 жылдары орын алған ашаршылық қырғынына арнап тізбекті түрде хабарлар жариялап келеді. Қазақ жерінде осынау трагедияның қолмен ұйымдастырылуы - қазақ халқына қарсы жасалған советтік геноцид деуге болады дейді сарапшы- зерттеушілер. Азаматтық міндетке толы осынау үдерісті біз одан әрі жалғастырамыз...

Менің бала кезімде апаларымыз таба нан көметін еді. Кәдімге қос дөңгелек табаның арасына, асты-үстін сексеуілдің шоғымен көміп пісіретін, қазақы таба нан. Ол кез - Мойынқұмның алыс түкпіріне орыс бөлке пешінің әлі жете қоймаған шағы. Әсіресе, анам Мазақ Жанпейісқызының пісірген наны бірыңғай қызыл-сарғыш тартқан, ерекше дәмді болушы еді.

Бастауыш класта, сурет пәні бойынша мұғаліміміз “аналарыңның суреттерін салыңдар” деп тапсырма бергенде, әлі есімде әп сәтте таба нан ұстаған анамның бейнесін сала қойдым. Суреттегі таба нан айналасына шуақ шашқан күнге ұқсап бейнеленген екен. Құдды бір анашым алақандарымен Күнді көтеріп келе жатқандай. Шіркін, бала қиялды қойсаңшы!...

Үшінші сынып оқушысының сурет дәптерінде ондай көріністің пайда болуының өзіндік сыры бар еді. Оның себебі, әркез, жаңа піскен нанды қолына алған сәтінде анамның жүзі біртүрлі нұрланып сала беретіндей көрінетін маған.

-Қандай тоқ болсаңдар да, нанды аяқ-асты етпеңдер,-деп отырушы еді жарықтық.

Оның сырын анам маған 9-ға толған кезімнен былай қарай там-тұмдап айта бастаған еді. Бәлкім, келер жылы бақилық боларын іштей сезді ме екен, кім білсін, әйтеуір ол кісі нанның қадірін, ашаршылықтың халыққа тигізген зардаптарын көбірек әңгімелеуге тырысты.

Сол әңгімелерінің есімде қалған кейбір сәттерін анамның өз атынан қағазға түсіруді жөн көрдім.

ҚОЛДЫ БОЛҒАН ҚАЙРАН АСТЫҚ

Біздің ауыл ежелден-ақ диқаншылықпен айналысып, тары егетін еді.

-Небір жұт жылдарында мыңғырған малынан айрылып, таяқ ұстап қалған талай байлар тарылы ауылға келіп паналаушы еді. Жайшылықта “шіріген тары” деп мұрындарын шүйіретін олар аштық құрсауынан құтылу үшін бір қап тарыға бір қызын беруге әзір тұратын,- деп аталарымыз айтып отыратын.

Сөйтсек ол қазақ даласының өз ішінде болып жататын өзара ауыс-түйіс, бірі қиналса аман қалған келесі жағы қол ұшын беретін жаймашуақ кезең екен-ау.

“Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің” демекші тұтас қазақ шыбындай қырылған аштыққа дәл Совет кезінде кезіктік емес пе?

Аулымызды аштық дендеген 1931 жылы мен небәрі 9 жаста едім, қызым. Дәл қазіргі сенің жасыңда болатынмын.

Одан 3-4 жыл бұрын “мойынсерік боламыз, одан шет қалғаның- халық жауысың” деп, қызылдың белсенділері зорлықпен халықтың бар мал-мүлкін ортаға салдырып, онда бір зардап шеккен едік.

Екі жолы да негізінен мал бағып отырған замандастарымыз баудай түсті. Егін еккендер терісі сүйегіне жабысса да, әйтеуір азды-көпті аман қалғандары болушы еді.

Диқаншылықтың жайын күнілгері ойлағандықтан әкем Жанпейіс інісі Нұрпейістің отбасын бірге көшіріп апарып, Шу өзенінің суы еркін жететін Күшаман тоғанының басына үйлерін тігіп, егін салған еді.

Сол жылы егін бітік шықты. Әке-шешелеріміз тарының бірнеше қабын ақтап, келіге түйіп әзірлеп, шетінен азық етпекке үйге кіргізіп, мойынсерікке өткізетін қаптарды бөлек қойып, шикі тарының біраз қабын “ұзын-сары келгенде талғажу етеміз” деп, ұраға тығып, ал көктемгі егіске ұрық болсын деп тағы бір-екі қабын бөлек көміп тастаған еді.

Арба мінген белсенділер ойламаған жерден, тапа-тал түсте үйімізге сау ете түсісті. Белдерінде-қайыс белбеу, қолдарында-қағаз тола папкалары. Енді ойлап отырсам, сол қағаздар талай адамның малын тәркілеп, өздерін аштықтан қаңғытып жіберген әрекеттерінің қаттамасы екен ғой. Ол кезде біз оны қайдан білейік?! Әйтеуір тапанша асынып, қызылдардың шошақ баскиімін кигендерді көрсек бітті зәре-құтымыз қалмаушы еді.

-Біз ауданнан бұйрықпен келдік. Тыққан-бүккен астықтарыңның бәрін шығарыңдар. Панимаеш, елден бөлектеніп егін егіп, единоличник болайын деген екенсіңдер ғой? Совет үкіметі ондай сорақылықтарға жол бермейді!-деді тапалтақ бойлы біреуі.

Сонымен не керек, ақталған тарымыздың да, шикі тарының да, мойынсерікке дегенінің де бір қабын бізге қалдырмастан, түгел тиеп әкетісті.

Үйімізде мал дегенде малдан екі-үш ұсақ тұяқ бар еді. Оларды да алдарына сап айдап кетісті. Шиеттей бала-шағасы бар мына қос үй не ішіп, не жейді-ау деген ой саналарына кіріп те шыққан жоқ.

Аузымыз аңқиып, жаңа ғана не болғанын толық пайымдай алмастан қала бердік. Алғашқы боп ес жиған әкем еді:

-Көнбеске амал кәне, біздің қолымызда не тұр дейсің, тәйірі! Келер жылға да жететін астық жинадық деп мәз болып едік. Енді өлмес жайымызды ойлайық. Тұқымдыққа деп алып қалған екі қап тарыны бұлар байқамады... Бұл да болса өлмес өзекке талғажу болар. Соны үнемдеп, екі үйіміз талшық етелік,- деді әкем.

Сөйтіп қара суға талқан шылап жеп, жабайы шөпті дәтке қуат еткен ашаршылықтың ызғарлы күндері бір-ақ күнде басталды да кетті. Оның үстіне қылышын сүйретіп қыс та келіп қалған болатын.

Аштықтан әлсірей жүріп жинаған отын-потынымыз жертөлені жылытуға келгенде бұйым болмай қалды. Әрі қарыны аш адам жаурағыш келеді екен.

Әлгі қос қап тарыны аналарымыз мейлінше үнемдеп, келер көктемге дейін жеткізуге тырысты.

Аналарымыз мамыражай жылдары, қолдары сәл қалт еткен кездерінде үйдегі тері атаулыны айран жағып, жұмсартып, жұқарта илеп, жеп-жеңіл етіп қоюшы еді. Диқан ауылдың көктем келе, жердің тоңы түсісімен егін егуге кірісіп, содан жиын-терін біткенше бел шешпейтіні бар ғой.

Аналарымыздың қолы ісмерлік өнерлеріне тек қыс айларында ғана тиюші еді. Жіп иіру, тоқу, илеулі тұрған терілерден шекпен, сеңсең тігу сияқты шаруаларын қыстың суық күндерінде бітіріп алатын. Аштық жылы қатты әлсіреген анамыздың қолы ондай істерге бармады.

Әлі есімде тамақ сұрап қыңқылдаған біздің алдымызға, анамыз сандықта жатқан, бұрын иленіп қойылған жаңа тулақты жайып жіберді де, соның үстіне бір уыс тарыны шаша салды.

Қу құлқын-ай, десейші! Жүні тықырлай қырқылған, әлгі тулақтың қылшықтарының арасына тары жарықтық домалап барып, бізден әдейі жасырынып қалатын сияқты. Сонда да кіншентай ғана саусақтарымызбен тарының әр түйірін “тығылған” жерінен тауып алып, теріп жеп қояр емеспіз.

Кейін ойлап отырсам, аналарымыздың сонысы ақылдылық болған екен ғой. Әуелгі пайдасы сол: біз-сәбилер әр түйір тарыны іздегіштеп жүріп, аштығымызды естен бір сәтке болса да шығарып жіберетінбіз.

Тағы бір басты пайдасы-егер сол бір уыс тарыны шүпірлеген балалардың алақанына бөліп сап берсе, әп сәтте-ақ оны аузымызға құя салып, одан аштықтың беті қайтпай анамызды тағы да мазалар едік.

Әрі аш өзекке бірден түскен тамақтың адамды сеспей қатыратыны тағы бар. Демек, аналарымыз бізді аштық құрсауынан ғана емес, ажал тырнағынан да арашалап отырған екен.

Осылайша, ол кісілер қос үйдің балаларына таңертең, түсте, кешке бір-бір уыс тарыдан шашып отыратын еді.

Біздің “қарнымызды тойғызып” болғаннан кейін дәл сол тәсілмен үлкендер де “тамақтанатын”.

Алайда, қыстың бел ортасына жетпей-ақ ол қаптардың да түбі көрінейін деді.

АШТЫҚ ПЕН АУРУ “ҚОЛ ҰСТАСЫП”...

Бір күні әкем Жанпейіс баласына қарап:

-Шайдабай қарағым, ел іші ғой, ауылға барып кел. Көз-көргендер талғажулық бірнәрсе берер ме екен!?-деді.

Сонымен ауылға кеткен Шайдабай ағамызды күтіп, екі көзіміз төрт болуда. Құдды бір ол кісі қойны-қонышын нанға толтырып, олжалы оралатындай-ақ, неше түрлі тәтті қиялға беріліп, ауыл жаққа жалтақтап қарағыштаймыз.

Қарнымыз тоқ кезінде аулымызға салып-ұрып, жаяу жалпылап, бір-екі сағатта жетіп барушы едік. Енді міне аштық әлсіреткен адамға ол екі аралық айшылық-алыс жолдай боп қалады екен.
Соны білген әкеміз бәріміздің ішіміздегі, салыстыра келгендегі, қуаттысы деп ағам Шайдабайды жұмсап отыр емес пе!?

Ағамыз ауылда екі күн қонып, үшінші күн дегенде әл-дірманы құрып, жертөлемізге әзер жетті.

Айтпақшы бұл жертөлені де қос үйдің азаматтары бойларында күш-қуаттары бар жылдары, диқандардың уақытша пайдаланатын мекен-тұрағы ретінде әзірлеген еді. Енді ол қаласақ та, қаламасақ та, бізге қыстау боп шыға келді.

Шайдабай ағам сол барғаннан, ауылдан ауырып қайтты. Келісімен ол кісіге шай орынына ішіп отырған шөптерін қайнатып беріп, шешелеріміз әлек болды да қалды.

Айтуынша, аштықтан әбден ыңыршақтары айналған ауылдастарымыздың қуаттылары сонау жер мойыны шалғайдағы Шу қаласына ағылып, ал үйден аттап шыға алмайтындарының көз жұмғандары көз жұмып, аман қалғандары құр сүлдерін сүйретіп жүр екен.

“Жұт жеті ағайынды” демекші ауылды ауру жайлаған дейді. Шайдабай ағама да соның салқыны тисе керек. Төсек тартып, ұзақ жатты.

Дегенмен, аштық пен ауру қаншама қыспақтаса да, жастық жігерінің мысқалдай да болса қалдығы бойында сақталса керек. Ағам біртіндеп басын көтере бастады.

Әттең дүние-ай! Әлгі аты белгісіз сырқаттың әсері оларға да тиді ме екен, әйтеуір онсыз да құр сүлдері қалған әке-шешем қыстың соңын ала бақилық боп кетісті.

Бір байқағаным, аштықтан титықтаған адамның қайғыруға да шамасы келмейді екен. Бар қолымнан келгені, сеңсең ішікке оранып, бүк түсіп жатып қалдым. Біздің балаң жүректеріміз одан әрі езілмесін дей ме екен, әйтеуір үлкендер жағы қайғыларын ашық көрсетпеуге тырысатын сияқты.

“Өлмеген құлға болды жаз” деп көктем жарықтық та бір күндері біздің босағамыздан сығалады-ау, не керек! Диқаншылықпен бала жастан айналысқандықтан, ағам Шайдабай біраз шөптерді жыға танып, талайының пайдасын біледі екен.

Енді біз түрлі тамырлар мен шөптерді теріп жеуге кірістік.

Тағы бір қуанғанымыз-былтыр тары еккен жерімізде, теруге жарамай төгіліп қалған масақтан, әжептәуір егін қылтия шығып, құлақтанып қалған екен.

Әкемнің бауыры Нұрпейіс пен менің Шайдабай ағам:

-Құдай бұйыртып, осы тарыны күзде жинап алсақ, ішпей-жемей қысқы азығымызға сақтайық,- деп шешісті.

Жаз бойы шөптің тамырынан бастап, әр-нәрсені қорек еттік. Алғы деген шөптің тамырын көбірек жеп қойып, сол екі арада қос үйден тағы біраз адам о дүниелік боп кетті.

Адамның жоспарлағаны бола берген бе, тәйірі! Күзде жинаған тарымыз мандымды болмады. Бар-жоғы жарты қап тары шықты.

Келер 1932 жылдың қысы да айрықша қатты болғаны есімде. Аштық қыспағынан біз, қос үйдің балалары тез есейдік.
Марқұм аналарымыздан көрген тәлімімізді енді біз қайталауға көштік. Бұрынғысынша тері бөстекке бір уыс тарыны шашып жіберіп, соны қалың орман ішінен құлан іздегендей-ақ, қуалап жүріп теріп жеуімізді одан әрі жалғастырдық.

Маңдайға жазғанға амал бар ма!? Аштықтың екінші қысынан келер көктемге қос үйден үш-ақ бала аман шықтық. Нұрпейіс ағамның қызы-Қаншайым әпкем, ұлы (өкінішке қарай, Нұрпейіс атаның ол ұлының есімі балалық жадымда сақталмаған екен-Н.Ү.) және мен аштық тырнағынан аман шықтық, қызым. Мүмкін менің аман қалуым сендердің көрейін деген жарықтарың шығар.

Кейін Нұрпейіс атаның ол ұлы да созылмалы аурудан қаза тапты. Бауыр дегенде менде тек Қаншайым әпкем ғана қалған еді. Анда-санда біздің үйге келіп тұратын еді ғой. Сол кісі де алдыңғы жылы қайтыс болды, қызым. Енді менің балаларым да, бауырларым да сендерсіңдер, ботам...

Адал еңбегімен күнелтіп, бейбіт отырған момақан диқандардың астығын белсенділер сол жылдары неге тартып алды. Неге біз аштан қырылдық? Ол жағын білмеймін, балам.

Халықты жаппай қыру кімге керек болды? Түсінсем бұйырмасын...

Сен әлі кішкентайсың ғой. Бұл айтқандарымның құлағыңа бірі кіріп, бірі шығып жатқан шығар. Айтпайын десем тағы болар емес.

Өйткені, сол ашаршылықтан кейін менде асқазан сырқаты пайда болған еді. Соңғы кездері сол құрғырың асқынып бара жатқан сияқты. Қазір, шүкіршілік, қора тола-қой, шара тола-май. Бірақ, амал бар ма! İшкен асым бойыма сіңбейді.
Олай-бұлай боп кетсем... “Арпа ішінде бір бидайымсың” ғой. Сен нағашы жұртыңның жағдайын біліп жүрсін деп, әдейі айтып отырмын, қызым.

Алланың көрсеткенінің бәріне де шүкір. Тек қана, ағайынды Жанпейіс-Нұрпейістен бір ұрпақ қалмады-ау, деп армандайтыным бар. Әттең дүние-ай, аштық деген сол сұрқиядан талай ошақ сөніп, небір ұрпақтар жалғаспай қалды ғой... Қайтейін-ай!

Сен әлі баласың ғой. Бұл айтқандарымның қаншасы құлағыңда қалды, қаншалықты түсіндіре алдым!? Оны бір Алла ғана біледі, балам”.

ШЫНДЫҚТЫ БİЛМЕСТЕН КӨЗ ЖҰМҒАН ҚҰРБАНДАР

Осылай деп әңгімесін аяқтаған анам бір кезде қос алақанымен бетін басып, солқылдап ұзақ жылады. Анашымның оңашаларда жылайтынын бұдан бұрын да талай рет байқап жүретінмін. Алайда маған шағынып, егілуі бірінші рет еді. Мен сол арада не істерімді білмедім. Бар болғаны мойнынан құшақтап алып, қосыла жыладым. Жұбату сөздерін де айта алмадым. Тоғыз жасар қыз не айта алар дейсің, тәйірі.

Оның үстіне анамның ағынан жарыла айтқан сол әңгімесінің себеп-салдарларын сол кездері түсінбегенім анық еді. Тіпті қазақ халқына қарсы 1931-33 жылдары қолдан ұйымдастырылған қырғынның түп-төркінін, шығу тегін анам жарықтықтың да жыға түсінбегені-кәдік.

Себебі екеуара бұл әңгіме маған 1964 жылы айтылған болатын. Ол кезде Совет үкіметінің ақ дегені-алғыс, қара дегені-қарғыс боп тұрған жылдар еді ғой. “Апыр-ау, сонда неге солай болды, ей?” деп, жан баласынан жақауратып та сұрау мүмкін болмаған екен ғой.

Ал 1931-32 жылдары Қазақ жерінде Совет үкіметінің темір қолымен тікелей ұйымдастырылған ашаршылықтың біздің отбасымыздағы соңғы құрбаны - менің Анам, сол аштықтан “мирас” боп қалған сырқатымен ауруханада алысып жатып, 1965 жылдың маусымында, 43 жасында мынау жалған дүниеден өтті.

Осылайша, зұлмат аштықтың суық ызғары біздің де жүрегімізге жара салып, бесіктегі кенже інімді тіпті ана уызына жарытпай, жетім қалдырды.

Жариялылық заманында бұл тақырып там-тұмдап айтыла бастаған еді.

-Апыр-ау, осы бір қарғыс атқыр бойкүйездіктен, енжарлықтан қашан арылар екенбіз? Өткеніміз бен бүгінімізді өзара жалғап, одан әрі болашағымызға ұластырып, халық тағдырын екшей ойға салуға, өткеннен сабақ алуға келгенде неге біз жалтақпыз?!-деп күйінеді аштық жайлы сөз бола қалса, біздің ауылдастарымыз.

Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғанына екі онжылдыққа жуық уақыт өтсе де, қазақ халқын жер бетінен жоюға тікелей бағытталған сол аштық жылдары жайлы біз әлі күнге дейін жеткілікті түрде айта алмай келеміз. Неге?!

Енді Желтоқсан ардагері, ғалым Әркен Уақтың Азаттық радиосына 2002 жылы берген сұхбатынан үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз.

“КПСС Орталық комитетінің пленумында жасаған Филип Голощекиннің баяндамасында мынадай деректер келтірілген. 1932 жылы Сталинге келіп, Қазақстанда өте күрделі жағдай қалыптасып, ашаршылықтан халық қырылып бітуге жақын қалды дегенде, Сталин “от этой желтой заразы только так можно избавиться” деген екен. Сонымен бұл-жоспарлы түрде жүзеге асырылған шара. Көшіп жүрген халықты еш ұстай алмаймыз, оларды қырып тастап, қалғандарын тырп еткізбей ұстап отыру керек деген екен. Бұл- 1931-33-ші жылдардағы қазақ жеріндегі аштықтың геноцид болғанына тағы бір дәлел...

Тағы бір деректерді алға тартсам, “Знамя” деген журнал 89-шы нөміріндегі 176 бетінде 1928 жылдан бері қарай, сол жылдары Совет үкіметінің қай елге, қанша астық сатқанын келтіреді. Онда 1928 жылы 1 млн пұт астық сатылған, 1929 жылы 13 млн пұт сатқан, 30-шы жылы 48,3 млн. пұт, 1931 жылы қазақтар қырылып жатқанда 51,8 млн пұт астық шетке сатылған. Онымен қоймай 1932 жылы 18 млн пұт астық сатылған.

Сонда ең болмағанда бір жылғы сатқан астықтың жартысын халыққа берсе, сол ашаршылықтан талай адамды аман сақтап қалуға болатын еді деп атап көрсетеді аутор.

Мұның бәрі халықты қыру үшін әдейі қолдан жасалған геноцидтік жоспар болған”,- деп, қорытындылаған еді марқұм Әркен Уақ көзі тірісінде Азаттыққа берген сұхбатында.

Әркен Уақ- “1986 жылдың желтоқсанында қазақ халқына қарсы президент Нұрсұлтан Назарбаев ұйымдастырған геноцид мәліметтері” деген кітаптың ауторы, Желтоқсан ардагері. Бұл сұхбат Азаттықтың мұрағатында сақталған.

Елдің елдігін дәлелдейтін, оның айбынын айқындайтын тұстар болады. Сондай сәт қазақ халқы үшін туды емес пе? Яғни қызыл империяның қырғынына тап болған халқымыздың шын мәнінде геноцидке ұшырағанын әлемдік қауымдастыққа мойындататын кез жеткен сияқты.

Сіз қалай ойлайсыз, қадірменді оқырман?

Ендеше, сол зұлмат жылдарға қатысты естіген ақпар, білген әңгімелеріңіз болса, сіз де бөлісіңіз, қадірменді оқушым!

Азаттықтың аштық қасіретіне арналған жылнамасы одан әрі жалғасады...
XS
SM
MD
LG