Accessibility links

Украина дағдарысы мен Қазақстанда ұмыт қалған сталинизм


Ұлы Отан соғысының басталғанын еске алуға арналған шеруде Сталин портретін ұстап тұрған адам. Донецк, Украина, 22 маусым 2014 жыл.

Ұлы Отан соғысының басталғанын еске алуға арналған шеруде Сталин портретін ұстап тұрған адам. Донецк, Украина, 22 маусым 2014 жыл.

Батыс елдерінде Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын айыптау күшейіп, қыркүйек айының ортасында Мәскеуде Бейбітшілік шеруі өтті. Шеру барысында президент Владимир Путиннің елде сталинизмді жаңғыртып жатқаны туралы айтылды. Ресейдің үлкен көршілерінің бірі Қазақстанда сталинизм зерттелмейтін тақырыпқа айналып, Қазақстан билігі мен элитасы Украина дағдарысына енжар қарап отыр дейді Азаттыққа берген сұхбатында жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбаев.

Азаттық: – Бейбіт мырза, кейбір саясаткерлер Украина дағдарысының көлеңкесі Қазақстанға да түсіп отырғаны туралы айтады. Мұнымен келіспейтіндер Батыс санкциялары Ресей үкіметіне, Ресей экономикасына кәдімгідей әсер ете бастағанын айтып, Путинге тізгінді тартқаннан басқа амал жоқ дейді. Путиннің жеке басын Сталинмен де салыстырушылар бар. Сталинизм зардабын ең қатты шеккен екі ел болса – ол Украина мен Қазақстан, екеуінде де қолдан жасалған аштықтан миллиондаған адам қырылды. Сталиндік репрессиялар тарихы Қазақстанда толық ашылды ма, сталинизмнен сабақ алынды ма?

Бейбіт Қойшыбаев: – Қазақстандағы сталинизмнің табиғаты мен оның қайғылы салдарлары біршама зерттеліп жүр ғой, бірақ cол зерттеулердің нәтижесімен ел-жұртты таныстыру, әсіресе жастарды сонау қасіретті тарих арқылы тәрбиелеу, жалпы, тарихтан тәлім алу жетпей жатыр. Науқандық сипат қана бар деуге болады. Жыл сайын тек 31 мамырда, Саяси репрессиялар құрбандарын еске алу күні сталиншілдік зардабы еске алынып, әр жерде түрлі іс-шаралар өтеді.

Бейбіт Қойшыбаев – жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары.

Бейбіт Қойшыбаев – жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары.

Мысалы, кейбір оқу орындарында саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесулер өткізіледі, Алматы түбіндегі Жаңалық мемориалына гүл шоқтары қойылады, сонда қала мен облыс жұртшылығы өкілдерінің митингісі болады. Кейінгі жылдары, «Әділет» қоғамы көтерген үндеуге байланысты, мешіттерде 31 мамыр қарсаңындағы жұма-намазда 30-шы жылдарғы ашаршылықты еске алатын уағыздар айтылып жүр.

Тәуелсіздік шаттығы үлкен эйфория туғызған еді ғой, өкіметтің өзі бұл мәселеге оң қараған-ды. Жоғарғы Кеңес ашаршылық шындығын ашу мақсатында құрамына ғалымдар енген арнайы комиссия құрды. Ұлттық апатқа апарған, кезінде Мұстафа Шоқай «большевиктердің аштық саясатының» салдары ретінде таңбалаған ашаршылықты комиссия көшпенді қазақ халқына жасалған «геноцид» деп бағалады. Алайда Жоғарғы Кеңес бұл қорытындыны қостаған жоқ, бірақ 31 мамырды ашаршылық құрбандарын еске алу күні етіп белгіледі. (1997 жылдан бері – Саяси репрессиялар құрбандарын еске алу күні.)

Азаттық: – Ашаршылық себептері туралы ресми қорытындысын шығарған Жоғары Кеңестің бұл қаулысында Сталиннің аты-жөні аталмай қалыпты. Ашаршылықтың бірден бір себебі сталиндік жүйе екені аян, жаппай коллективтендіруді бастаған да Сталин, ал енді қаулыда Сталин деген бірде бір сөз жоқ. Бұл неліктен деп ойлайсыз? Ресейде сталиндік репрессияларды әшкерелегенде олар десталинизация процесін бастап жіберді, яғни Сталиннің саяси мұрасынан ашық түрде бас тартып, сталинизмді айыптады. Ал Қазақстанда десталинизация болды ма?

Бейбіт Қойшыбаев: – Өкінішке қарай, бізде кеңінен қамтылған кешенді деколонизация саясаты жүргізілген жоқ. Тәуелсіз ел болған соң отарлық кезең іздерін батыл жою, сананы отарсыздандыру үдерістеріне жол ашу керек еді ғой. Деколонизация да, десталинизация да бір-бірімен байланысты шаралар есебінде жүзеге асырылмады. Біз өзімізге демократиялық қоғамның үлгісін көрсетуде деп санайтын Ресейде де сталиндік саясат сарқыншақтары толығымен жойылмаған, оны қазіргі Украинаның жағдайынан көріп отырмыз.

Туысқан халқына күллі әлемді тіксінтіп қиянат істеп отырған Путин ертең бізді, Қазақстанды аяй ма? «Қазақтарда мемлекет болмаған» деген сөз Путин сияқты мемлекет басшысы айтатын сөз бе? Путин тарихты білмейді емес, біледі. Ол мұны әдейі айтып отыр ма деп қорқам, бұнысы ертең жасауы ықтимал экспансиясын алдын-ала ақтау тәсілі демеске лажың жоқ. Ондайға жол бермеуіміз үшін алдымен тарихымызды өзіміз – барша қазақстандық жұрт – жақсы білуіміз керек.

Қарағанды лагерінде тұтқында болған әйелдер мен олардың балалары жерленген «Мамочкино моласы». Қарағанды облысы, 31 мамыр, 2013 жыл.

Қарағанды лагерінде тұтқында болған әйелдер мен олардың балалары жерленген «Мамочкино моласы». Қарағанды облысы, 31 мамыр, 2013 жыл.

Азаттық: – ГУЛАГ тарихын зерттеуде «Әділет» қоғамында алға басып жатқан істер бар ма? Сталиндік репрессиялардың кесірі, қалай болғанда, Қазақстанда әрбір отбасыға тиді. Көбі репрессия құрығына ілінсе, қалғандары сол репрессияларға тікелей немесе жанама түрде атсалысты дегендей.

Бейбіт Қойшыбаев: – «Әділет» қоғамы өзі қызмет етіп келе жатқан ширек ғасыр бойында сталиндік саясатты әшкерелейтін әлденеше ондаған дөңгелек стол, конференция, жиналыстар өткізіп, материалдарын жарыққа шығарды. Тек соңғы кезеңде 1931-1933 жылдарғы ашаршылықтың 75, 80 жылдықтарына арналған республикалық, «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» деген тақырыппен халықаралық конференциялар өткізді.

Атылғандардың деректері көрсетілген «Азалы кітап – Книга скорби» жинағының тоғыз томын шығарды, мұндай кітаптың әр облыс бойынша шығарылуына мұрындық болды. Кезінде төрт мыңнан астам құрбан жатқан Алматы түбіндегі қорымда Жаңалық мемориалын, қаладағы бұрынғы НКВД ғимаратында саяси қуғын-сүргін тарихы бейнеленетін мұражайды ашуға ұйтқы болды. Бірақ ғимарат жеке қолға сатылып кетті де, ол мұражай жабылып қалды.

Репрессияларды зерттеуде жекелеген зерттеушілер, неміс, кәріс диаспораларының өкілдері біраз жұмыстар атқарып жатыр. Православие шіркеуінің діни қызметкерлері атылып кеткен священниктер тізімін анықтады, соларға Жаңалық мемориалында ескерткіш тақта қоймақ ойда, өтініштерін жақын арада қараймыз.

«Қызыл террор құрбандары» архивіндегі фото. Долинка кенті, Қарағанды облысы. 31 мамыр 2011 жыл.

«Қызыл террор құрбандары» архивіндегі фото. Долинка кенті, Қарағанды облысы. 31 мамыр 2011 жыл.

Қазақтарда да талай молда репрессияға ұшырады, бірақ әзірге арнайы назарға алынған жоқ. «Үлкен террор» кезінде 120 мың жан айдауға кетіп, оның 25 мыңы атылғаны мәлім, бірақ олардың әлеуметтік құрамына байланысты зерттеулер жасалмады. Қаржысы, демеушісі жоқ болуы себепті, бүгінде «Әділет» қажет тақырыптарды түгендеуге, үлкен жобаларды жолға қоюға шарасыз боп тұр.

Саяси репрессиялар жеке адамдарға қатысты стихиялық түрде зерттеліп жатса да, ашаршылықтар тарихын қарастыру ойдағыдай емес. Жер-жерлердегі өлкетану мұражайлары өз аймақтарында аштық апатына ұшырағандар санын шежірешілер көмегімен жаңғыртса деген ой бар еді, бірақ мұндай жоба арнайы қаржыландырылмай қолға алынбайтын тәрізді. Осы ғасырдың басында Алматы облысында бір іс адамы аштан шейіт болып, бір қорымға жерленген интернаттың 90 баласының басын қарайтқан-ды. Өкінішке қарай, бұл бастама қолдау таппай қалды. 1917-1933 жылдары болған перманентті ашаршылықтың төрт жарым миллиондай құрбанының жатқан жерлерін анықтап, белгілер қою қажеттігі сөз жүзінде қалып келеді.

Азаттық: – Тарихпен тәрбиелеу демекші, сталиндік репрессия қазақ зиялы қауымын айналып өткен жоқ. Итжеккенге кеткендерді ол кезде ақын-жазушылар ортасында «қажылыққа кетті» деп айтатын. Сол «қажылыққа» зиялы қауымның талай серкесі барып келді, мысалы, әдеби сыншы Мұхамеджан Қаратаев бір емес, екі рет айдауда болған, ГУЛАГ азабын тартқан. Ресейдегі Варлам Шаламов, Александр Солженицын сияқты ірі тұлғалар ГУЛАГ-та көргендерін том-том кітап етіп шығарды. ГУЛАГ түрмелеріне барып келген қазақтың үлкен тұлғалары неге бірде бір кітап жазбаған? Жазса неге шығармады?

Карлаг тұтқындары қолдан тұрғызған қабырғаның жұрнағы. Фото Екатерина Кузнецованың «Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан» кітабынан алынды.

Карлаг тұтқындары қолдан тұрғызған қабырғаның жұрнағы. Фото Екатерина Кузнецованың «Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан» кітабынан алынды.

Бейбіт Қойшыбаев: – Қызық сұрақ. Расында да неге? Орыстарда «писать в стол» деген ұғым бар, кеңес өкіметі тұсында олар шықпайтынын біле тұра жазды, қолжазбалары ұрпаққа қалды. Бізде ондай жоқ, өкінішке қарай. Мүмкін, білмей жүрген шығармыз. Әй, жоқ-ау.

Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Үш рет репрессияға ұшырап, жиырма шақты жылын Сібірде айдауда өткізген көрнекті сахна шебері Шахан Мусиннің естеліктері мен лагерьлерде жазған өлеңдері жақында кітап боп шықты. ГУЛАГ тұтқынында болған шағынан қарт журналист Фёдор Осадчий «Рабы безумной власти» деген кітап жазды. Өкімет қамқорлығымен «Страницы трагических судеб» атты саяси репрессия құрбандарының ұрпақтары жазған естеліктер жинағы жарық көрді. Жекелеген құрбандардың балалары отбастары көрген саяси қуғын-сүргін жайында мазмұнды естелік кітаптар шығарып келеді.

Ал ГУЛАГ азабын көзімен көріп оралған жазушылардан бұл тақырыпта қалған мұра бар ма, жоқ па, әзірге ашылмай жатыр. Бәлкім, біздің азаматтарымыз сталинизмнің қасіретін өз бастарының мысалында талдап көрсету арқылы әшкерелеу қажеттігін тоталитаризм тұсында толық түсінбеген болар, не санаға ұялап қалған қорқыныштың әсері ме, әлде, Сталин заманында әсіре саясатшылданумен, бірін бірі жамандаумен шұғылданғандықтың салдары ма екен...

Азаттық: – Әңгіме басында өзіңіз де атап кеттіңіз, жақында Ресей президенті Владимир Путин қазақтарда мемлекет те, мемлекеттілік те болмаған деп мәлімдеді. Дәл осы сөзді бұдан ширек ғасыр бұрын Александр Солженицын айтқанда қазақ зиялы қауымы бір кісідей қарсы тұрды. Солженицынның сөзін Путин қайталағанда мүйізі қарағайдай ақын-жазушылар, ірі саясаткерлер неге үн-түнсіз қалды?

Бейбіт Қойшыбаев: – Әнеу күндері парламентте депутаттар [Ресей Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары] Владимир Жириновскийдің кезекті мәлімдемесін айыптап сөйлеп жатты ғой, бірақ мемлекет басшысы Путинге қатысты бір ауыз сыни сөз айтылмады. Бұл патша заманынан, совет дәуірінен әбден тастай қатып қалыптасып, әлі күнге дейін әрқайсымыздың бойымызда жабысып тұрып қалған құлдық психологияның қазіргі таңдағы көрінісі болса керек.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 26 тамыз 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Минск, 26 тамыз 2014 жыл.

Біз бұл үлкен мемлекетті демократиялық ел деп сыйлаймыз ғой. Алайда ол демократиядан тайып жатса, онда неге сынамасқа? Демократия жайындағы ұғымымыз бен оны қолдануымыз – екеуі екі басқа боп тұр. Әліптің артын бағуға, үндемей бұға тұруға қайраткерлеріміз де, ой адамдары да бейімдеу.

Путиннің сөзін жекелеген жігіттер сынап жазып жүр. Бірақ мемлекет ретінде, қоғам ретінде оған әзірге ресми пікір айтылмады. Президент Назарбаевтың өзі наразылығын ептеп қана сездірді. Онысын түсінеміз, дегенмен, Ресейдің Украинадағы «орыс әлемін» қорғауға мүдделігін мойындағаннан гөрі, оның өзі қол қойған халықаралық келісімшарттарды бұзуы дұрыс еместігін айтуға әбден болатын еді. Саяси билік, саяси элита енжарлық танытқаннан кейін, әрине, басқалар да соған еліктеп, жасырынып, бұғып қалады. Бұл ғасырлар бойы қанға сіңген отарлық халге мойынсұнушылықтың салдары ма деп ойлаймын.

Азаттық: – Әңгімеңізге рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG