Accessibility links

Үржарлық мұғалімдер айлығынан ақша ұстап қалғанына шағым айтады


Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Науалы ауданындағы Науалы орта мектебінің бір топ мұғалімі Азаттық радиосына хабарласып, наурыз айында өздеріне тиесілі жалақының 20 пайызын мектеп әкімшілігінің ұстап қалғанын айтып, шағымданды.

- Мектеп басшылары мұғалімдердің наурыз айындағы жалақыларынан 20 пайыз ұстап қалды, бірақ не себептен ол жалақыдан ұстап қалғандарын түсіндірмей отыр, - деді Азаттық радиосына телефон арқылы хабарласқан Науалы орта мектебінің мұғалімі Тоқан Тұрсынбаев

Оның айтуынша, ол осыған дейін 18 жарым мың теңге алып келген. Ал бұл жолы қолына тигені 14 жарым мың теңге екен.

- Үржар ауданында 60 мектеп бар. Біздің білуімізше, сол мектептердің тең жартысының мұғалімдерінен 20 пайыз жалақыларынан ұстап қалған. Мұғалімдердің арасында сол жиналған ақшаны бір айға біреуге қарызға берген шығар деген күдіктер бар. Өйткені, қалған ақшаларыңды келесі көкек айының жалақысына қосып береміз деп отыр, - дейді Тоқан Тұрсынбаев.

Осы Науалы орта мектебінің мұғалімі Аржыгүл Тұрсынбаева да өзінің бұл жолы 14 мың теңге көлемінде жалақы алғандығын айтады.

- Біздің мектепте 40-қа жуық мұғалім бар. Солардың бірін қалдырмай жалақыларынан 20 пайыз ұстап қалды. Мен өзім осы мектепте 15 жылдан бері қызмет етіп келем. Кейбір ата-аналардың балалары студент, кейбірінің балалары ақылы бөлімде оқиды. Барлығымыз шуладық та қалдық, - дейді ұстаз Аржыгүл Тұрсынбаева.

Осы мәселеге байланысты Азаттық радиосының сұрағына берген жауабында Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы білім департаменті бастығының орынбасары Жанна Сүбебаева мұғалімдердің айтып отырған шағымдары "шындыққа сай емес" дегенді айтты. Сол секілді, Үржар ауданы білім департаментінің бас есепшісі Нұртай Бектұрғанова "мұғалімдердің барлығына наурыз айының жалақысын 100 пайыз аударғаны" туралы жауап айтты Азаттық радиосына.

- Қазіргі таңда мұғалімдердің алатын жалақыларына көңілдері толады. Айлық жалақыларын уақытында алып тұрады, - деді Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен Үржар ауданы әкімінің орынбасары Рысхан Жанкүшікова.

Ол кісі мұғалімдердің жағдайларының жақсы екенін айта келіп, олар қазірде екінші дүниежүзілік соғыстың 60 жылдығына дайындалып жатқанын жеткізді. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, осыған байланысты жер-жерлердің барлығында қайырымдылық шаралары жүріп жатыр.

- Біздің аудан бойынша, мысалы үшін, бір жарым миллион теңге қорға өткен жолы ақша түсіпті. Облыс әкімшілігінде бұл жөнінде біздің ауданымызды ерекше атап өтті, - дейді Рысхан Жанкүшікова.

Шығыс Қазақстан облысының №25 сайлау округінен парламент мәжілісіне депутат болып сайланған Нұртай Сабильянов бұл жайында сайлаушыларының хабарласпағанын айтады.

- Маған бұл жөнінде хабарласқан жоқ. Егер хабарласса, мен бірден білім министрлігіне сауал жіберуші едім ғой, - дейді Нұртай Сабильянов.

Сабильянов мырзаның айтуынша, аталған Науалы орта мектебінің бір топ мұғалімдері президенттің жүргізіп отырған саясатына қарсы.

- Шынын айтқанда, ол мектепте 17-18 оппозиционер ұстаз әйел бар, мен оларды «революционерлер» деп атаймын. Былтыр солардың барлығы президенттің саясатына қарсы шыққан. Тіпті, соның өзінде әлгі адамдар мұғалім болып жұмыс істеп жүр ол жақта, - деді депутат Нұртай Сабильянов.

Бұл даулы мәселеге байланысты Азаттық тілшісі сәуірдің 21-і күні Үржар ауданындағы Науалы орта мектебінің директоры Ақжолтай Мақұлжановпен хабарласпақ болған еді, бірақ мектептен «директор шұғыл түрде жергілікті әкімнің шақыртуымен аудан орталығына кетті» деген жауап алды.
XS
SM
MD
LG