Accessibility links

Үржарда тракторшы 90 мың теңге жалақыдан бас тартты


Тілеуберген Жұмәділов, тракторшы. Үржар ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 24 мамыр 2011 жыл.
Тілеуберген Жұмәділов, тракторшы. Үржар ауылы, Шығыс Қазақстан облысы. 24 мамыр 2011 жыл.

Азаттық радиосының тілшісі Үржарда жергілікті тракторшы мен фермердің әңгімесіне куә болды. Фермер жұмысқа шақырып еді, тракторшы бас тартты.


Тілеуберген Жұмәділовтің мамандығы – тракторшы. Бірақ түріне қарап, оны фермер екен деп қаласыз. Күнге тотықпаған, келбетті адам. Қалпағы мен қара көзілдірігіне қарап, америкалық Техас фермерлері туралы кино кейіпкерлерін елестетесіз.

Ал фермер Ержан Тілемісов мүлдем басқаша көрінеді. Күнге күйген, бойы да аласа. Келбетті жігіт деуге де келмейді.

Екеуімен Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауылында 24 мамырда жолықтық. Сұхбаттасатын кезіміз басқа уақытқа жоспарланған еді. Фермер мен тракторшы Азаттық радиосының тілшісінің жанында әңгімелесіп тұрған.

«ЖАЛҚАУ ЖҰРТ»

Фермер Ержан Тілемісов «егіс маусымы аяқталғанша менде жұмыс істесеңізші» деп тракторшы Тілеуберген Жұмәділовті жұмысқа шақырды. Тілеуберген Жұмәділов жас жағынан Ержан Тілемісовтен үлкен адам. Сондықтан да қазақ салты бойынша фермер «сіз» деп, ал тракторшы оған «сен» деп сөйледі.

– Аға, маған жұмыс істейсіз бе?

– Қанша төлейсің?

– Күніне үш мың теңге.

Тілеуберген біраз ойланып тұрып, бас тартты. Ержан Тілемісов шыдамай кетті де, алыстан орағытып, бір әңгіме бастады:

– Жұрт жалқауланып барады. «Жұпыны өмір сүріп жатырмыз» дейді.
Ержан Тілемісов, фермер. Үржар. 24 мамыр 2011 жыл.
Бірақ жұмыс берсең, бас тартады. Жақында бір көршім жарты қап ұн сұрап келіпті. Тіпті, жеуге наны да жоқ екенін айтты. «Ұлдарың шарбағымды жөндеп берсе, жарты емес, бір қап ұн беремін» дедім. Оның жұмыс істемейтін бірнеше ересек ұлы бар. Ол сол кеткеннен қайтып келмеді. Бірнеше күннен кейін жолығып қалғанда ұлдары неге келмегендігін сұрасам, олар «біз құл бола алмаймыз» депті.

Тiлеуберген Жұмәдiлов бұған ләм-мим деп жауап қатпады. Ержан Тілемісов те жаңағы сөзін оған қарата айтпағандай болды.

Тракторшы мен фермер осы жерден қош айтысты. Тiлеуберген Жұмәдiлов жол бастап, Азаттық радиосының тілшісімен бірге «Батуа» серіктестігінің егіс алқабына барды.

«ӘДЕМІ УӘДЕ»

Тілеуберген Жұмәділов жолшыбай айына 90 мың теңге табудан не үшін бас тартқанын түсіндірді. «Тойота Камри» жеңіл автокөлігімен 80 шақырымдық тасты, соқпақты жолда үш сағаттан аса жүргендіктен емін-еркін әңгімелестік.

Тілеуберген Жұмәділовтің сөзінше, фермер Ержан Тiлемiсов 90 мыңды төлемеуі де мүмкін. Есесіне, бүкіл қажыр-қайратын сарқа жұмсарына тракторшы шүбә келтірмейді.

– Бұл жергілікті байлар әу баста тек осындай әдемі уәде береді. Содан соң
негізгі міндетіңе қоса үйіндегі бітпей жатқан жұмыстарына салады. Қысқасы, бір кірсең, кіріптар болып шыға келесің. Мұндайдың талайы болған. Онымен қоймай көк тиын да төлемейді. Содан соң ештеңе де өндіре алмайсың, – дейді Тілеуберген Жұмәділов.

Ол фермердің сыпайылығы да бастапқы кезде ғана дейді.

– Ондайлар жұмысын істей бастағаннан-ақ «сенге» көшеді. Одан соң жақсылап тұрып «сыбағаңды» берсе, жасына қарамай-ақ өзің оған «ағатайлайсың», – дейді Тілеуберген Жұмәділов.

МЕКТЕП ӨЗІ ҚҰЛАДЫ МА, ӘЛДЕ ОНЫ ҚИРАТТЫ МА?

Тракторшы Тілеуберген Жұмәділов қайтар жолда Үржар басшылығына деген ренішін айтумен болды. Оның пікірінше, «басшылар мектепті қиратып жатыр».
Тілеуберген Жұмәділов (сол жақта) құрылысы тоқтап қалған мектепті көрсетіп жүр. Үржар. 24 мамыр 2011 жыл.


Тілеуберген Жұмәділов мектептің бұзылмауына мүдделі екенін айтады. Жастары егделеп қалса да, зайыбы екеуі тағы бір бала керек деп шешіпті. Жұбайы көпке дейін бала көтере алмай жүріп қалды. Өзінің айтуынша, бір күні түсінде аян беріп, әйелі жүкті болған. Сол бала енді мектепке баруы керек. Бағына орай, біреше жыл бұрын үйіне жақын маңнан үш қабатты мектеп құрылысы басталған екен.

– Бізде Үржарда мектеп жетіспейді. Бұл мектептің екі қабатын салып біткенде құрылыс тоқтады. Енді оны жоспарлы түрде қиратып, кірпіштерін тасып жатыр. Таңертең келсеңіз, мектепті қиратып жатқан жұмысшыларды көруге болады. Мұны аудан басшылары біледі, мұның артында өздері тұруы да мүмкін, – дейді Тілеуберген Жұмәділов.

Үржарға жеткен бойда сөзін растау үшін салынып болмаған мектепті көрсетіп, оны суретке түсіріп алуымызды өтінді.

Тілеуберген Жұмәділов Үржар ауданының әкімі әкімшілік ғимаратының жанынан даңқ саябағын салдырғанын да сынады.

– Оның орнына салтанатты ескерткіштер салып, мектепті жақсылап бітірсе болар еді, – дейді ауыл тұрғыны.
Қабдысадық Байсынов, Үржар ауданы әкімінің орынбасары. Шығыс Қазақстан облысы. 24 мамыр 2011 жыл.

Үржар ауданы әкімінің орынбасары Қабдысадық Байсынов Тілеуберген
Жұмәділовтің аудан басшылығы атына айтылған сынды қабылдамады. Оның ойынша, бұл мектеп «тұра береді, ешқайда қашпайды».

– Бізде төрт мектеп бар. Орынның көптігі сондай, тіпті кейбір мектептерде оқушылар жеткіліксіз, – дейді Қабдысадық Байсынов.

Оның айтуынша, «бұл мектепті ешкім қиратып жатқан жоқ, үш-төрт жылдан кейін өзінен-өзі мүжіліп, бүлінеді».

– Бұл мектептiң құрылысы әкімнің ықпалымен емес, бастапқыда құрылысқа дұрыс орын таңдалмағандықтан тоқтатылды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қабдысадық Байсынов. – Бұл орынның сейсмикалық жағы ескерілмеген. Жобада қателіктер бар. Сондықтан да, жаңа мектеп салу керек болса, онда мына мектепті түгелдей қиратуға тура келеді.

Ол бұл қираған мектептің орнына жаңа, сейсмикалық төзімді мектеп салу үшін әлі де бөлінбеген 20-40 миллион теңгенінің шығынын талап ететін ғимаратты әу бастан талқыға салу керек деп есептейді.

Қабдысадық Байсыновтың мәлімдеуінше, құлаған мектептің жобасы бойынша ешкім жауапқа тартылмаған.

– Мектептiң құрылысы әлдеқашан – 2004-2005 жылдары басталған. Содан бері көптеген тексеру болды.
Даңқ саябағы. Үржар. 24 мамыр 2011 жыл.

Қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура кірпішке дейін сараптамадан өткізді. Меніңше, жауапкершілікке ешкім тартылмады. Бірақ мен бұл нысан туралы толықтай ақпар бере алмаймын, – дегенді айтады Қабдысадық Байсынов.

Азаттық радиосының тілшісі Үржар аудандық әкімшілігі ғимараты жанындағы Даңқ саябағын да көрді. Үржардың орталық көшесінің бойынан көліктің барлық түрі – шетелдік автомашиналардан бастап ат арбаларға дейін ағылып жатты.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG