Accessibility links

«Шахтер» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтті


Тамыздың 7-сі күні Албанияда "Скендербеу" командасымен кездескен «Шахтер» екі ойынның нәтижесі бойынша Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтті.

Спорт комментаторы Рауан Оқас «Шахтердің» жеңісін тарихи оқиғаға балайды.

- «Шахтер» - еуротурнирлердің, мейлі ол Чемпиондар лигасы немесе Еуропа лигасы болсын, топтық кезеңіне шыққан тұңғыш қазақстандық клуб, - дейді ол.

ТҰҢҒЫШ «ПЛЕЙ-ОФФ»

«Шахтер» рейтингіне байланысты чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен босатылған еді. Екінші раундта Беларусь чемпионы БАТЭ клубын жеңді. Ал үшінші іріктеу ойынында Албания чемпионы «Скендербеумен» кездесті. Астанада шілденің 30-ы күні өткен алғашқы матчта «Шахтер» албаниялық команданы 3:0 есебімен ұтты. Албания астанасы Тирана қаласында тамыздың 7-сі күні өткен қарымта кездесуде «Скендербеуден» 2:3 есебімен ұтылғанымен, екі ойынның қорытындысы бойынша «Шахтер» келесі кезеңге өтті.

"Скендербеу" қақпасына гол соққан "Шахтер" шабуылшысы Сергей Хижниченконы әріптестері құттықтап жатыр. Албания, Тирана, 7 тамыз 2013 жыл.

"Скендербеу" қақпасына гол соққан "Шахтер" шабуылшысы Сергей Хижниченконы әріптестері құттықтап жатыр. Албания, Тирана, 7 тамыз 2013 жыл.

Алғашқы 30 минутта «Шахтер» қақпасына «Скендербеу» ойыншылары қатарынан 3 гол салды. Қарағандылық команда Чемпиондар лигасының келесі айналымына өте алмай қалатындай көрінген. Алайда «Шахтер» қарсыластар қақпасына 2 доп соғып, Қазақстан командасы тұңғыш рет Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне жетті (Плей-офф – жеңілген команда бірден чемпионаттан шығып қалатын қатаң іріктеу жүйесі).

Егер келесі айналымда да жеңіске жетсе, «Шахтер» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтеді. Ал ұтылса, УЕФА ұйымдастыратын, дәрежесі жағынан Чемпиондар лигасынан кейінгі жарыс - Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнайды. «Шахтер» қазірдің өзінде Еуропа лигасына жолдама алып қойды.
Қарағандылық команданың плей-офтағы қарсыласы тамыздың 9-ы күні өтетін жеребеден кейін белгілі болады.

ЖАНКҮЙЕР РЕАКЦИЯСЫ

Тиранадағы шешуші ойынға барып, тамашалаған спорт журналисі Ермұхамед Мәулен:

"Шахтер" командасы "Скендербеумен" матч алдында. Астана, 30 шілде 2013 жыл. Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.

"Шахтер" командасы "Скендербеумен" матч алдында. Астана, 30 шілде 2013 жыл. Сурет Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтынан алынды.

​- Бір жыл бұрын ешкім «Шахтер» еуротурнирлердің топтық кезеңіне шығады деп ойлаған жоқ. Бір жыл бұрын «қазақстандық командалар ірі жарыстарда ойнайды» деп айтудың өзі күлкілі еді. Қазір бұл – шындыққа айналды, - дейді Азаттық тілшісіне.

Ал футбол фанаты Алмас Маратұлы:

- Жыл сайын ұпай таратушы болып келген қазақстандық клубтар биыл Еуропада сенсация жасады. Енді біздің клуб та («Шахтер» - ред.) Еуропаның мықты командаларымен бір алаңда ойнайды, - дейді.

«ЕНДІ ЖЕРЕБЕ КҮТЕМІЗ»

Матчтан кейін баспасөз мәслихатын өткізген «Шахтер» командасының бас бапкері Виктор Кумыков «Біз Тиранадағы ойынды сәтсіз бастап, алғашында 3:0 есебімен ұтылып жаттық. Бірақ кейін барлық қателіктерді түзеп, керекті нәтижеге жеттік. Жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Енді плей-офф кезеңінің жеребесін күтеміз» деді.

Виктор Кумыков, "Шахтер" командасының бас бапкері. (Сурет команданың ресми сайтынан алынды)

Виктор Кумыков, "Шахтер" командасының бас бапкері. (Сурет команданың ресми сайтынан алынды)

"Шахтер" командасының келесі қарсыласы туралы ақпарат құралдарында әртүрлі болжам бар. Олардың қатарында ресейлік «Зенит», франциялық «Лион», шотландиялық «Селтик», швейцариялық «Базель» сияқты командалар аталады.

Алайда өтіп жатқан ойындардың нәтижесіне және жеребеге қарай "Шахтер" бұлардан басқа клубтармен ойнауы да мүмкін.

Қазақстандық клубтар Еуропа турнирлеріне 2003 жылдан бері қатысып келеді. Бірақ олар чемпиондар лигасы іріктеу жарысының плей-офф кезеңіне жетіп көрмеген және Еуропа лигасының топтық кезеңінде де ешқашан ойнамаған.

Биылғы жетістіктердің арқасында Қазақстан УЕФА рейтингісінде 40-орыннан 34-орынға көтерілді.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG