Accessibility links

Жас қыздардың төбелесі Facebook-ті тіксіндірді


Оқушы қыздар төбелесі түсірілген видеоның скриншоты.

Оқушы қыздар төбелесі түсірілген видеоның скриншоты.

Аймақ мектептерінің бірінде бірнеше жыл бұрын болған ақша бопсалау оқиғасының осы айда жарияланған видеосы бұл мәселенің жаңаша талқылануына себеп болды.

Желтоқсанның басында Facebook-қа салынған жасөспірім қыздардың төбелесін бейнелейтін видео бірден көптің назарына түсті. Шамамен бес минуттық видеожазбада «Шымкенттегі мектептердің бірінде оқиды деп сипатталған» 9-сынып оқушысы екінші бір оқушыны «уәде еткен ақшасын әкелмегені үшін» тепкінің астына алып балағаттайды.

«Рэкет қыз» онымен қоймай жәбірленуші қыздың киімдерін тартып алып, ақырында «20 мың теңге әкелем» деп айтуға дейін мәжбүрлейді.

Видеоны көріп, жағасын ұстаған интернет қолданушылар мектеп оқушыларының, оның ішінде қыз балалардың арасында таралған қатігездіктің себеп-салдары туралы қызу пікір білдірді.

Тоқтар Жақаш есімді қолданушы: «Сұмдық-ай! Ана қыз әкесінен көргенді істеп отыр-ау. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп түйеді.

«СЧЕТЧИК ҚОЮ»

Интернет қолданушы, Шымкенттегі колледждердің бірінде оқытушы болып жұмыс істейтін Айгүл Орынбектің айтуынша, видео 2006 жылы түсірілгенге ұқсайды. Оның сөзінше, жазбадағы негізгі кейіпкер 1992 жылы туған таныс бойжеткен. Екі жыл бұрын колледж бітіріп кеткен. Дәл осы эпизод бойынша жауапкершілікке тартылмаған. Айгүл Орынбек бұл видео мектептегі ақша бопсалау және әлімжеттік қылу әрекеттерінің бір көрінісін ғана бейнелейді деп ойлайды.

11-сынып оқушылары. Қазақстан. Жүктеген: Ерсейіт Серік. (Көрнекі сурет)

11-сынып оқушылары. Қазақстан. Жүктеген: Ерсейіт Серік. (Көрнекі сурет)

– Тек Шымкент қана емес, барлық өңірлердің мектептерінде, колледждерінде «счетчик қою» (оқушы я студенттен ақша бопсалау – ред.) деген әдет бар. Ол өмірі тоқтамайтын шығар. Жастар кинодан көреді, еліктейді, – дейді ол.

Колледж оқытушысы мұндай жағдайға өзі де куә болған. Ол ақша бопсалайтын бұзақы оқушыларды бүкіл мұғалімдер жақсы білетінін, бірақ олардың ата-аналарын балаларының қылықтарына сендірудің қиын екенін айтады.

– Бізде бір бала болды. Үйінде жалғыз бала, өзі боксер. Ақша бопсалаумен айналысатынын ата-анасына айтсам, жанына жуытпайды. «Сенбесеңіз, балаңызды сыртынан аңдып көріңіз» дедім. Айтқанындай, бір күні баласы басқа колледждердің бәрін аралап, үшінші пар (сабақ - ред.) дегенде бізге жетті. Сол кезде оны сыртынан бақылап жүрген шешесі де есіктен кіріп келді. Сонда ғана көзі жетті, – дейді оқытушы.

«КАМЕРАДАН ГӨРІ ҮЙІРМЕ ӘСЕРЛІ»

Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде істейтін Сағира Нұрбекова мектеп инспекторларын көбейтіп, камералар орнатса да, оқушылар арасында әлімжеттік жасау оқиғалары мен атыс-шабыстың азаймағанын айтады.

– Осы қыркүйек айында да мектептерде төбелес болғанын естідік. Бірақ мектептер мұндай шуларды тезірек басуға тырысады. Камераға 28 миллион теңге жұмсағанша сол ақшаны балаларға арналған спорт, өнер, би, т.б. ақысыз үйірмелер ашуға жұмсаса, әлдеқайда тиімдірек болар еді, – дейді ол.

Әйткенмен жергілікті полицияның мәліметіне сенсек, жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны барған сайын азайып бара жатқан болып шығады.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Ғалымжан Жетібаевтың айтуынша, жыл басынан бері ақша бопсалау фактісі бойынша бес қылмыстық іс қозғалған. Бесеуінде де мектеп және колледж оқушылары қатарластарынан күштеп ақша бопсалаған.

Мектеп асханасында отырған жоғарғы сынып оқушылары. Алматы, 13 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мектеп асханасында отырған жоғарғы сынып оқушылары. Алматы, 13 қыркүйек 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Оқушылардан 500-1000 теңгені талап еткен. Бесеуіне қатысты да 181-бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, үшеуіне қатысты үкім шықты. Екеуі енді сотқа жолданады. Кейбіреулеріне бір жарым жыл, бір жыл үш ай ретінде шартты жаза берілген, – дейді ол.

Полиция өкілінің айтуынша, кәмелетке толмаған жасөспірімдер бірінші қылмыс жасаған кезде шартты жаза тағайындалады. Құқық қорғау органдары оларды әке-шешесінің «қатаң қарауына» береді. Істі болған жасөспірімдер айына бір рет ішкі істер органына барып көрініп тұрады, басқа өңірлерге рұқсатпен шығады.

Ақша бопсалау фактілері Қазақстанның барлық өңірлерінде бар. Бұған дейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Тараз, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының мектептерінде ақша бопсалау фактілері болғаны туралы ақпараттар жарияланған еді. Кейбір жағдайда ақша бопсалаған жасөпірімді жәбірленушілер шыдамай жабылып өлтіріп кеткен оқиғалар да кездесті.

2011 жылы Қазақстанның бас прокуроры Асхат Дауылбаев оқу орындарындағы ақша бопсалаудың «эпидемия сияқты таралып кеткенін» мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, мектептер мен колледждердегі қатыгездік – жасөспірімдерді суицидке итермелейтін факторлардың бірі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG