Accessibility links

Мәнерлеп сырғанаудың жас жұлдызы


Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Жапониядағы әлемдік Гран-При жарысында. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Жапониядағы әлемдік Гран-При жарысында. Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды.

Қазақстандық 14 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева халықаралық жарыстарда топ жара бастаған жаңа жұлдыз. Ол Азаттыққа өзінің дайындығы мен жоспарлары туралы әңгімеледі.

Қазанның 16-сы күні Ниццада (Франция) аяқталған жасөспірімдер арасында халықаралық жарыста жеңіске жеткен Элизабет Тұрсынбаева жасөспірімдер арасында әлемдік Гран-при жарысында екі рет үздік үштікке енді. Азаттық тілшісі жас спортшымен сұхбаттасып, қазіргі жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы сұрап білді.

14 жастағы Элизабет Тұрсынбаева биыл қыркүйекте Аичиде (Жапония) өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік гран-при жарысында қола, қазанда Дрезденде өткен гран-приде күміс медаль алды. Бұдан бөлек спортшы биыл Summer Skate Canada (Торонто), Triglaf Trophy (Словения), Gardena Spring Trophy (Италия) және New Years Trophy (Словакия) жарыстарында алтын жүлде алған. Элизабет қазанның 16-сы Ниццада аяқталған International Cup Of Nice жарысында жасөспірімдер арасында бірінші орын алды.

- Мәнерлеп сырғанауды бес жасымнан бастадым. Туған ағам Тимур да мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Кейін ата-анам мені де Тимур жаттығатын мектепке апарған. Бірақ жаттықтырушылар алғысы келмей, әрең келісті. Ағам ірі жетістікке жете бастаған соң жаттықтырушылар мені де қабылдауға келісті деп ойлаймын. Басты мақсатым – әр жарыс сайын нәтижелерімді жақсарту. Менің басты қарсыласым – өзім. Ата-анам да қарсыластарым туралы көп ойламай, мұз айдындағы өнерім туралы ойлауды айтады, - дейді жас спортшы Азаттық тілшісіне.

«БАСЫНДА КҮДІКПЕН ҚАРАДЫ»

Спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев қызын алғашында мәскеулік мамандардың мектебінде жаттықтырған.

- Элизабетті алғаш рет Ирина Страхова есімді жаттықтырушыға апарғанда «орыс тілін түсінбейді, мәнерлеп сырғанауға икемі жоқ» деп алмай қойды. Себебі Элизабет кішкентайынан ата-апасының қолында болғандықтан орыс тілін білмейтін еді. Басқа мамандарға да апарғаннан түк шықпады. Тек үшінші рет барғанымызда Ирина Страхова Элизабетті тобына қабылдады. Бірақ «егер Элизабет дұрыс жаттыға алмаса бірден шығарамыз» деп қолхат алып алды. Бір жарым жылдан кейін мамандар оны үлкендер тобына ауыстырып, ол сол топтың көшбасшысы болды. Элизабет жаттығу кезінде құлап, аяғын ауыртып түнімен ұйықтамаған кездері болған. Бірақ ол барлығына шыдап келеді, - дейді спортшының әкесі.

Элизабет Тұрсынбаева (ортада) қазіргі бапкері Брайан Орсер (сол жақта бірінші) және әкесі Байтақ Тұрсынбаевпен бірге (оң жақта бірінші) тұр. Сурет спортшының жеке архивінен алынды.

Элизабет Тұрсынбаева (ортада) қазіргі бапкері Брайан Орсер (сол жақта бірінші) және әкесі Байтақ Тұрсынбаевпен бірге (оң жақта бірінші) тұр. Сурет спортшының жеке архивінен алынды.

Элизабет Тұрсынбаева 2011 жылы Мәскеуде белгілі бапкер Сочи олимпиадасының чемпионы Аделина Сотникованы дайындаған Елена Водорезованың мектебінде, 2012-2013 жылдары тағы бір ресейлік маман Этери Тутберидзенің қол астында жаттыққан. Ал 2013 жылдың соңынан бері оны Торонтода (Канада) әлемге танымал канадалық бапкер Брайан Орсер жаттықтырады.

- Орсер - өте мықты маман. Ол Ванкувер олимпиадасының чемпионы кореялық Ю-на Кимді, Сочи олимпиадасының чемпионы жапониялық Юдзуру Ханюды дайындаған. Ал хореграфиямды Трейст Уилсон қояды. Мәскеудегі бапкерлерімнен де үйренгенім көп. Олар менің аксель, тулуп сынды секірістерімді қойып берді, - дейді жас спортшы.

СПОРТШЫ, МУЗЫКАНТ, АСПАЗШЫ

Элизабеттің айтуынша, қазір ол күніне шамамен алты сағат уақытын жаттығуға арнайды. Жаттығудан бос уақытында тігін тігу, сурет салу, ас дайындауды жақсы көреді. Спортшы қазақ, орыс тілімен қатар ағылшын тілін де еркін меңгерген.

- Жаттығу мен жарыста көп болатындықтан мектеп бағдарламасын экстернат (оқу бағдарламасын өз бетінше қашықтықтан оқу әдісі – ред) ретінде оқимын. Бос уақытымда асханада кекс, түрлі рецептерге қарап тәтті тағамдарды дайындаймын. Скрипка мен фортепианода ойнағанды қатты жақсы көремін, - дейді ол.

Элизабеттің басты қолдаушылары – ата-анасы. Оның барлық жарыстарында анасы, не әкесі жүреді.

- Мұз айдынға шығарда бапкерім және анам мені қолдап, барлық элементтер жайлы қайталап айтады. Менің бағдарламамда барлық қиын элементтер бар. Тек соларды таза орындап шықсам болды. Жанымда анам болса, өзімді сенімді сезінемін. Ол менің ойымды көзімнен оқып қоятын жан. Жалпы, маған Ю-на Ким, Мао Асада, Каролина Костнер сияқты әлемге танылған мәнерлеп сырғанаушылар ұнайды. Бірақ ешкімді кумирім деп санап, оларға еліктеген емеспін. Мәнерлеп сырғанауда өз атымды қалтырып, олимпиада мен әлем чемпионатында жеңгім келеді. Әрине, бұл өте қиын, бірақ жаттықсаң, бұл мақсаттарға жетуге болады, - деп ағынан жарылды жас спортшы.

«ШЕТЕЛДІК АЗАМАТТЫҚТАН БАС ТАРТТЫМ»

Элизабет Тұрсынбаева – қазақстандық қыздар арасында тұңғыш әлемдік Гран-При жарыстарында жүлде алған спортшы. Ол өз жетістіктері мен өнеріне қызыққан бірнеше ел азаматтық ұсынғанын айтады.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева.

- Ресейде жаттығып жүргенде осы елдің мамандары қалуымды сұрап, біраз өтінді. Бірақ мен қазақ екенімді және Қазақстанның спортшысы екенімді айттым. Тағы біраз ел азаматтығын ұсынды, бірақ мен бас тарттым, - дейді мәнерлеп сырғанаушы.

Мәнерлеп сырғанау - өте қымбат спорт түрі. Спортшының жаттығуына және жарыстарға қатысуына қыруар қаржы керек. Байтақ Тұрсынбаевтың айтуынша, Элизабеттің жаттығу мен жарыс шығындарын өтеуге Қызылорда облысының әкімдігі мен жеке компаниялар көмектеседі.

Енді Элизабет Тұрсынбаева 14-19 қарашада Миланда (Италия) өтетін «Merano Cup» кубогына қатысады. Одан кейін 9-15 ақпанда Сеулде (Оңтүстік Корея) болатын ересектер арасындағы «Төрт құрлықтың кубогына» барады. Бұл жарыс қазақстандық спортшының ересектер арасындағы алғашқы турнирі болмақ.

Ал 2015 жылғы 2-8 наурыз арасында ол Таллинде (Эстония) өтетін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына да қатысады.

Жас спортшы 2016 жылы Лиллехамерде (Норвегия) өтетін жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр. Одан кейінгі мақсаты – 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы универсиадаға қатысу. Азаттық Элизабет Тұрсынбаеваның алдағы жарыстарындағы нәтижелері туралы оқырмандарын тұрақты түрде құлақтандырып отырмақ.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG