Accessibility links

Қазақ хандығы туралы сериалды мерекеге дейін түсіріп үлгермейді


«Қазақ елі» телесериалын түсіру сәті. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

«Қазақ елі» телесериалын түсіру сәті. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсіріп жатқан 10 сериялы «Қазақ елі» телесериалы экранға 2015 жылдың 16 желтоқсанында шығады деп жоспарланған. Бірақ бұл жоспарды теңге девальвациясы мен қаражатқа қатысты өзге қиындықтар бұзған.

Қазақстан тарихын көрсетуге үкімет тапсырыс берген әрі көп жарнамаланған «Қазақ елі» сериалы түсірілім басталмай жатып қаржыдан қысылған еді. Әуелі биыл 16 желтоқсанда – Қазақстан тәуелсіздігі күні көрсетуге уәде еткен, енді сериалдың түсірілімін тағы біраз айға созбақ. Жоспарланған соманы 5 миллион долларға дейін кемітіп тастаған соң сериалды 10 серияға дейін қысқартуға тура келген.

Бірақ продюсер Арман Әсеновтің айтуынша, салық сияқты шығындарды төлегеннен кейін түсірілім тобына бюджеттен бөлінген соманың тек 2 миллион доллары ғана жеткен. Арман Әсеновтің айтуынша, сериалға мемлекеттен бөлінген ақша таусылған, сериал түсірілімін тамыздағы теңге девальвациясы «аяқтан шалған». Ал түсірілімді әлі жалғастыру керек.

«Қазақ елі» сериалының режиссері әрі жұртқа Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты дәріптеген көркем фильмдердің режиссері ретінде танылған Рүстем Әбдірашевтің сөзінше, сериалдың шамамен 40 пайызы түсірілген. ​

БОЛАШАҚ КӨРЕРМЕННЕН ӘЗІРШЕ 666 ДОЛЛАР ТҮСКЕН

«Қазақ елі» телесериалы советтік Қазақстан жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші бөлімі негізінде түсіріліп жатыр. Фильм желісіне 15-ғасырдағы оқиғалар арқау болған. Бір кездегі қуатты империя – Алтын Орданың ыдырау дәуірі, одан кейін қазіргі Қазақстан территориясында Әбілхайыр бастап құрған хандықтардың бірі көрсетіледі. Кейінгі сюжеттерге болашақ көрермендерге жергілікті оқулықтардан белгілі тарихи оқиғалар мен Ресей президенті Владимир Путиннің «қазақтарда бұрын мемлекеттілік те, мемлекет те болмаған» деген мәлімдемесінен кейін ел билігі Қазақ хандығының 550 жылдығы науқанын жариялаған соң жарық көрген көптеген мақала, көркем шығармалардағы жайттар арқау болған.

«Қазақ елі» телесериалының режимссері Рүстем Әбдірашев. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

«Қазақ елі» телесериалының режимссері Рүстем Әбдірашев. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

Қазір сериал бизнесмендер мен жекелеген адамдардың инвестициясының арқасында түсіріліп жатыр. Қазақстан нарығына жуырда «кірген» ресейлік қаржы компаниясы алғашқылардың бірі болып көмектескен. Телесериал авторларының айтуынша, ол компания бірден 100 миллион теңге берген. Қазір телесериалды қосымша қаржыландыру мәселесін Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі де қарастырып жатыр.

Сериалға ақша жинауды ұйымдастыруға бірер ай бұрын құрылған Қазақстан киносын қолдау қоры көмектесіп жатыр. Оның президенті – «Қазақ елі» сериалының режиссері Рүстем Әбдірашев. Краудфандинг әдісі де (халықтан жылу жинау) қолданылған. Кез келген адам шамасы келген соманы телесериал сайты арқылы аударып, жобаға көмектесе алады. Сайтта қазірге дейін жиналған ақшаның көлемі көрсетілген. Осы аптаның ортасында 200 мың теңгеге сәл жетпейтін сома жиналған. Бұл – шамамен 666 доллар.

Краудфандинг әдісін қолданар кезде «Қазақ елі» авторлары халықтан ақша жинау көмегімен 24 миллион 500 мың рубль (қазіргі орташа бағаммен есептегенде, шамамен 547 мың доллар) жинағанын мәлімдеген ресейлік «28 панфиловшы» фильмі авторларынан кеңес алған.

Блогер әрі киносыншы Төлеген Байтүкенов сериал түсірушілердің «әлемдік ауқымдағы» сапалы өнім жасау жайлы уәделеріне күмәнмен қарайды.

– Жобаның асығыс жазылып, бірнеше рет қысқартылған сценарийіне дейін қисынсыз тұсы көп. Көпсериялы жобада режиссер үшін ең маңыздысы – сценарий. Жағдайды барлағанда «әлемдік ауқым» туралы айту артық, – дейді ол.

СЕРИАЛ ШЫҒАТЫН КҮН КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫ

«Қазақ елі» сериалы телеэкранға 2015 жылдың желтоқсанында шығады деп жоспарланған еді. Бірақ дайындық жұмыстары созылып кеткендіктен, сериал шығатын күн 2016 жылдың көктеміне ауыстырылды. «Қазақ елі» сериалының режиссері Рүстем Әбдірашев «екі-үш жыл дайындалғанымыз жөн еді» дейді.

«Қазақ елі» телесериалында Қазтуғанның рөлінде әнші Бекболат Тілеухан ойнайды. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

«Қазақ елі» телесериалында Қазтуғанның рөлінде әнші Бекболат Тілеухан ойнайды. Алматы облысы, 4 қараша 2015 жыл.

40 күн бұрын басталған түсірілім процесі кемі тағы 50 шақты күнге созылатын сияқты. Сериал Алматы мен Алматы облысында түсіріліп жатыр. Қазір түсірілім тобы Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Шошанай ауылынан бірер километр жерде жұмыс істеп жатыр. Бұл жолы көпшілік көріністерді түсіруге 200-ден аса адам, 150 жылқы және 10 түйе пайдаланылған. Салт аттылар сауыт-сайман киіп, қару-жарақ асынған. Бірнеше жауынгер қолына қазақ руларының таңбалары бейнеленген тулар ұстаған. Жетісуға көшіп бара жатқан қазақтардың көші жүздеген метрге созылады. Көштен түйе, арба-күймеге жегілген ат, бақташы иттер қаумалап иіріп жүрген бірнеше отар қой көрінеді. Фильмде екі-үш секундқа ғана созылатын бұл кадрларды түсіруге талай сағат кетеді екен.

Қой мен жылқының көбін жергілікті тұрғындардан жалға алған. Бір отар қойды жалдауға күніне 70-100 мың теңге, ал бір ат үшін 8-10 мың теңге төлейді. Фильмнің бас кейіпкерлері мінген сәйгүлік аттарды каскадерлер тобы әкелген. Бір қызығы, қорғаныс министрлігі түсірілім тобына көмекке салт аттылар полкын арнайы жіберген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG