Accessibility links

Бекмаханов туралы фильм авторлары жастарға сенеді


Фильм кейіпкерлері Ермұхан Бекмаханов (актері Берік Айтжанов) пен Халима Бекмаханова (актриса Қарлығаш Мұхамеджанова) сценарий бойынша Кенесары ханның Эрмитаждағы бас сүйегіне қарап тұр. «Аманат» фильмінен алынған кадр.

Фильм кейіпкерлері Ермұхан Бекмаханов (актері Берік Айтжанов) пен Халима Бекмаханова (актриса Қарлығаш Мұхамеджанова) сценарий бойынша Кенесары ханның Эрмитаждағы бас сүйегіне қарап тұр. «Аманат» фильмінен алынған кадр.

Алматыда Ресей империясына қарсы көтерілісті бастаған Кенесары Қасымов туралы зерттеу жазғаны үшін совет үкіметі тұсында саяси репрессияға ұшыраған қазақтың көрнекті тарихшысы Ермахан Бекмахановтың тағдыры жайлы түсірілген фильм премьерасы өтті.

1968 жылғы оқиға желісіне құрылған «Аманат» фильмі көрерменді бірде 1930-1950-жылдарға, енді бірде 1840-жылдарға жетелейді. Фильм ғұмырбаяндық очеркке материал жинау үшін жас журналистің Ермұхан Бекмахановтың жесірі Халиманың үйіне келуінен басталады. Тарихшы жесірінің отбасылық фотоальбомды парақтап отырып айтқан әңгімесі көрерменді өткен заманға жетелейді.

ЕРМҰХАН БЕКМАХАНОВТЫҢ КИНОЭКРАНДАҒЫ ӨМІРІ

Мінекей - болашақ ерлі-зайыптылардың танысқан сәті. Екінші сурет – екеуінің қыз-жігіт болып жүрген романтикалық шағы. Ары қарай - екеуінің шаңырақ көтеріп, тұңғыш перзенттің дүниеге келген кезі. Енді бір суреттер Ермахан Бекмахановтың докторлық диссертациясын қорғап, қазақ арасында ең жас тарих ғылымдарының докторы атанған кезін көрсетеді. Бұл көріністер оны жарқын болашақ күтіп тұрғандай әсер қалдырады, бірақ...

Тарихшы докторлық диссертациясы мен оның негізінде жазылған «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясында Кенесары Қасымовтың қозғалысын қазақ халқының ұлт-азаттық күресі ретінде сипаттайды. Тарихшылардың бір бөлігі бұл концепцияны «қателік» санап, авторын «буржуазияшыл ұлтшыл» деп айыптаған. 1948 жылы Ермахан Бекмахановтың кітабын талқылау үшін тарихшылар екі мәрте (әуелі Мәскеуде, кейін Алматыда) жиналған. Фильм тарихшыларды Ермұхан Бекмахановты қаралаушылар мен оны қолдаушылар лагеріне бөлген Алматыдағы пікірталасты көрсеткен.

«Аманат» фильмінде қосымша желі арқылы Ресей империясына қарсы көтерілісті бастаған Кенесары Қасымов көрсетіліп отырады.

«Аманат» фильмінде қосымша желі арқылы Ресей империясына қарсы көтерілісті бастаған Кенесары Қасымов көрсетіліп отырады.

Фильмде домалақ арыздар заманы, сол кезеңдегі қоғамдағы жалпы көңіл-күй көрсетілген. Мысалы, бас кейіпкер жұмыс істейтін институт директоры онымен әңгімесінде «қызметкерлеріміз ғылыми жұмыс емес, домалақ арыз жазумен көбірек айналысады» дейді.

Фильмде Ермұхан Бекмұхановты қудалау процесі қалай қарқын алғаны көрсетілген. Әуелі «Правда» газеті Ермұхан Бекмахановтың концепциясын аяусыз сынаған үш тарихшының мақаласын басады. Ол большевиктер партиясынан шығарылып, университеттен қуылады; ауылға кетіп, мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Кейін Ермұхан Бекмахановты тұтқындап, мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінде «біржақты» тергеудің астына алады. Тарихшыдан 1930 жылдардың екінші жартысында «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің «жапон тыңшылары» ретінде репрессияға ұшыраған кейбір қайраткерлерімен байланысын мойындауды талап етеді. Көрермен тергеушілердің бас кейіпкерден жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Қаныш Сәтпаевты қаралап көрсетуді талап еткенін сезеді.

Ақыры, «қатесін мойындаған» тарихшыға сот үкімі шығып, оны 25 жылға еңбекпен түзету лагеріне кеседі. Картинада Иркутск облысындағы Ермұхан Бекмаханов жұмыс істеген ағаш кесу орны көрсетілген. Фильм бас кейіпкердің өзге «зэктар» арасынан институтта бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптесін кездестірген эпизодпен аяқталады.

Фильмде 1954 жылдың басында ақталып, түрмеден шыққан Ермұхан Бекмахановтың кейінгі өмірі көрсетілмеген. Бірақ тарихшының бұл кезеңдегі өмірі көрерменге онсыз да белгілі. Ғалым Қазақ мемлекеттік университетіне оқытушылық жұмысқа оралып, онда 1966 жылы мамырдың аяғы - кенеттен қайтыс болғанға дейін жұмыс істеген. Оның ғылым докторы және профессор атағын қайтармаған. Доктор дәрежесін оған жаңа зерттеуінен кейін берді. Ал «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» монографиясы 1991 жылға дейін арнайы қорда сақталып, тәуелсіздік жылдары ғана қайта басылып шықты.

«БҰЛ ФИЛЬМДІ ТҮСІРУ - ӨМІРЛІК МАҚСАТЫМ БОЛДЫ»

«Аманат» фильмі сценариінің авторы әрі режиссері – «Мұстафа Шоқай», «Лейланың дұғасы», «Омпа» сияқты фильмдер түсірген Сатыбалды Нарымбетов.

Халима Бекмаханова (сол жақта) мен режиссер, «Аманат» фильмінің сценарий авторы Сатыбалды Нарымбетов. Алматы, 4 маусым 2015 жыл.

Халима Бекмаханова (сол жақта) мен режиссер, «Аманат» фильмінің сценарий авторы Сатыбалды Нарымбетов. Алматы, 4 маусым 2015 жыл.

Фильмді түсіру жұмыстары жайлы ол:

— Бұл фильмді түсіруге ұзақ дайындалып, сценариін бес жыл бұрын жаза бастадым. Халима апай (Ермахан Бекмахановтың жесірі) мен тарихшы Мәмбет Қойгелдиев көмектесті. 15 жыл бұрын бұл фильмді түсіре алмас едім. Бірақ Бекмахановтар отбасын бұрыннан танимын, 1960 жылдардың аяғынан бастап Халима апай мені өз ұлындай көреді, - дейді.

Режиссер «Аманат» фильмі сценариін бекіту қиын, есімдерін атамағанымен, бөгет жасауға тырысқандар болғанын айтады.

Режиссер әрі сценаристің айтуынша, ғұмырбаяндық фильмді түсірудегі ең басты әрі қиын мақсат - «өтірік қоспау»

— Сондықтан сценарийдің тоғыз нұсқасын жасадым. Бас кеңесшім тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев болды. Халима апайдың жеке күнделігі мен Ермұхан Бекмахановтың жазған хаттарына сүйендім, - дейді Сатыбалды Нарымбетов.

Түсірілген материалды француз Эрве Шнейд монтаждаған. Режиссердің айтуынша, еуропалық көрерменге де қызықты болу үшін монтажды француздарға сеніп тапсырған.

Воронеж паркіндегі «Алашорда» қайраткері Хәлел Досмұхамедов пен студент Ермұхан Бекмахановтың (актері Берік Айтжанов, оң жақта) сұхбаты. «Аманат» фильмінен алынған кадр.

Воронеж паркіндегі «Алашорда» қайраткері Хәлел Досмұхамедов пен студент Ермұхан Бекмахановтың (актері Берік Айтжанов, оң жақта) сұхбаты. «Аманат» фильмінен алынған кадр.

Ол фильм атауының мағынасын да түсіндіріп берді. Фильм Кенесары Қасымовтың бабасы Абылай ханның өсиеті, аманатына негізделген. Бұл - студент Ермұхан Бекмахановқа Кенесары қозғалысын зерттеуді аманат еткен «Алашорда» қайраткері Хәлел Досмұхамедовтің де өсиеті (фильмде екі қайраткердің арасындағы диалогтар бар).

ФИЛЬМ ЖАЙЛЫ АЛҒАШҚЫ ПІКІРЛЕР

«Аманат» фильмі көрсетілгеннен кейін Ермұхан Бекмахановтың туыстары мен шығармашылық топтың бір бөлігі қатысқан талқылау өтті. Әсіресе Халима Бекмаханованың пікірін білу қызық болды.

- Фильмдегі Ермұхан [актер Берік Айтжанов] өте сәтті шыққан. Тірі кезіндегі ерімнен аумайды. Ал Қарлығаш (Халима Бекмаханованың рөлін ойнаған актриса Мұхамеджанова) маған онша ұқсамайды, бірақ екеуміз отасқан жылдары бастан кешкен сезімдерімді тамаша жеткізген, - деді Халима Бекмаханова.

Ол кісіге оператор жұмысы мен фильмде қазақ әйелдері мен қазақ халқын қалай көрсеткені қатты ұнаған.

- Актерлерді жұрт қазақтардың қандай әдемі, қандай дарынды екенін біліп жүретіндей етіп іріктепті, - дейді ол.

Бірақ талқылауға қатысқандар Халима Бекмаханованың 20 жылдан астам өмірін қамтыған фильмде оның неліктен жас күйінде қалғанын түсінбегендерін айтты. Мұның себебін Сатыбалды Нарымбетов «Символ ретінде солай еттік. Джоконда сияқты мәңгі-бақи жас болып қалуы тиіс. Сондықтан оны «қартайтпадық» деп түсіндірді.

Ермұхан Бекмахановтың қызы Нүрияның пікірінше, фильм өте әдемі әрі өте лирикалық болып шыққан, бірақ ол кейбір сәйкессіздікті байқаған.

- Әкем сәл өзгеше жан болатын. Рухы мықты, ерік-жігері мол адам еді. Түрмеден оралғаннан кейін ауыр науқас болса да докторлығын қайта қорғап шыққаны естеріңізде шығар, - дейді ол.

Ермұхан Бекмахановты тергеген мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің аға лейтенанты рөлін актер Азиз Бейшеналиев (сол жақта) ойнаған.

Ермұхан Бекмахановты тергеген мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің аға лейтенанты рөлін актер Азиз Бейшеналиев (сол жақта) ойнаған.

Фильм кейіпкерлерінің бәрінің дерлік, оның ішінде мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі тергеушісі Болабек Бучиннің де шын есімдері алынған. Оны Ресей-Қырғызстан актері Азиз Бейшеналиев ойнаған. Бірнеше адам оның рөлді шынайы сомдағанын атап өтті. Мысалы публицист Адольф Арцишевский «Керемет дүние жасапсыздар. Патша үкіметіне де, совет үкіметіне деген жеккөрінішті жинақтап көрсете білгенсіздер» дейді.

Тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаеваға фильм деректі әрі эмоциялық сезімге бай картина ретінде ұнаған.

Бірақ әдеттегідей сын-ескертулер де айтылды. Мысалы, журналист Анна Дармодехинаға актерлердің көбінің диалогы мен ойыны ұнамаған.

- Құдды, қағаздан оқып тұрғандай сөйлейді. Берік Айтжанов пен Азиз Бейшеналиевтің кейіпкерлерінен өзгесінің бәрі - өлімсіреген картон кейіпкерлер. Бірақ бұл олқылықты фильмнің өз ісіңе кәміл сеніп, отаныңа қызмет ету керек деген басты идеясы толықтырып тұр, - дейді Анна Дармодехина.

Киносыншы Галина Леонованың пікірінше, кейбір кадрларын қысқартса, фильм жандана түсер еді.

- Фильм жастарға арнап түсірілген, ал жастар өмірде де, экранда да өзге ырғақ, ритмге үйренген, - дейді ол.

Қалың көрермен «Аманат» фильмін күзге қарай ғана көре алады. Фильм авторлары мұның себебін «кинопрокат үшін жаз уақыты - тыныш маусым» деп түсіндіреді. Азаттық тілшісі продюсер Арман Әсеновтан «Көрермен фильмді жақсы қабылдайды деп ойлайсыз ба?» деп сұрады.

- Фильмді көрерменнің қалай қабылдайтынын өзім де білгім келеді. Бірақ қазір жастардың бойында патриоттық рух оянып келеді. Егер көрермен болсам, үйіме барып бала-шағамды ертіп әкеліп, бұл фильмді тағы бір мәрте көріп шығар едім, - дейді Арман Әсенов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG