Accessibility links

Назарбаев туралы бесінші көркем фильм шықты


Главный герой фильма «Так сложились звезды» под чудесным образом пошедшим дождем во время хаджа в Мекку. Кадр из фильма.

Главный герой фильма «Так сложились звезды» под чудесным образом пошедшим дождем во время хаджа в Мекку. Кадр из фильма.

Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы киноэпопеяның бесінші көркем фильмі прокатқа шықты. Ол «Жұлдыздар тоғысқанда» деп аталады.

Жуырда, сәуірдің 26-сы және 27-сі күндері Астана мен Алматы қалаларында көркем кинокартинаның премьералық көрсетілімі болды. Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жариялаған бюджет көлемі Қазақстанның қазіргі жағдайымен шамалағанда аса қомақты көрінеді– фильм бір миллиард 200 миллион теңгеге және демеушілер ақшасына түсірілген. Жергілікті кинематографистер мемлекеттегі қаржы тапшылығын сезініп жатқан тұста бұл - қомақты сома.

ЖАҢА РЕЖИССЕР ЖӘНЕ «ЖАҢА» НАЗАРБАЕВ

Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» киноэпопеясы ел экрандарына 2011 жылы шыққан «Балалық шағымның аспаны» фильмінен басталған. Кейін оның жалғасы - «Отты өзен», «Темір тау», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері шықты. Оларда Назарбаевтың балалық, жасөспірім, жастық шағы, саясаткер ретінде қалыптасу жолы баяндалады.

Алдыңғы төрт фильмді де қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашев түсірген. Олардың бәрінде - ерте балалық шағынан өзгесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін актер Нұрлан Әлімжанов сомдаған. Актер 20 шақты киноға түскенімен, Назарбаевтың бейнесін сомдағаннан кейін награданың астында қалып, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, бірнеше сыйлықтың лауреаты атанды, оның бірін Қазақстанның бірінші президенті қоры берген. Биылғы парламент сайлауында оны «Нұр Отан» билік партиясынан депутаттыққа ұсынған, бірақ актер депутат болмады.

«Елбасы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімін карьерист комсомол туралы «ЧП районного масштаба», «Похороните меня за плинтусом» фильмдерін, «Убойная сила» сериалының бірнеше сериясын, «Брежнев», «Белая гвардия» сияқты мини-сериалдарды түсірген ресейлік режиссер әрі сценарист Сергей Снежкин түсірді.

Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Берік Айтжанов. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Берік Айтжанов. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.

Ол журналистермен әңгімесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне түсуге шақырған Берік Айтжановты «халықаралық деңгейге шығуы тиіс еуропалық деңгейдегі актер» деп өте жоғары бағалады. Азаттықтың «Қазіргі президент туралы киноны ол президент болып отырған елдіғ ақшасына түсіруге келісіміңізді бергенде әлдебір дүдәмал күмән болмады ма?» деген сұрағына режиссер Сергей Снежкин:

- Күмәнім болған жоқ. Мен жалпы, режиссураны күшіңді сынап көретін, жаңалық ашатын, қиындықты еңсеруді үйренетін алаң деп ойлаймын. Сондықтан алып елдің қазіргі, көзі тірі президенті жайлы фильм түсіруді ұсынған кезде мен мұны тегеурін танытудың мүмкіндігі деп бағаладым. Мен кәсіби маманмын ғой, мемлекет ақшасын жұмсап, көркем кино түсіруді, адамның тағдыры туралы айтуды үйренсін деп мені бес жыл оқытты ғой, - деп жауап берді.

Қызыл кілеммен келе жатқан режиссер Сергей Снежкин. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.

Қызыл кілеммен келе жатқан режиссер Сергей Снежкин. Алматы, 27 сәуір 2016 жыл.

Сергей Снежкиннің айтуынша, фильм түсірілімі кезінде оған «толық шығармашылық еркіндік» берілген. Бірақ БАҚ алғашқы кезде Снежкиннің Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі әлдебір оқиғаларды көрсетуге тыйым салған бірінші продюсерлік топпен тіл табыса алмағанын жазған.

Бір қызығы, Сергей Снежкин «Елбасы жолы» киноэпопеясының алдыңғы фильмдерін мерейтойлық, сарайды дәріптейтін кино деп бағалайды.

- Ал біз адамның тағдыры жайлы фильм түсірдік. Кез келген режиссердің түсірген киносы адам тағдыры жайлы болады. Тек атауы ғана бөлек, - дейді ол.

Назарбаевтың рөлін сомдаған актер Берік Айтжановқа да сұрақ қою мүмкіндігі туып, Азаттық «Астанада өткен премьераға қатысқан президент «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін қалай қабылдады?» деп сұрады.

Бұл эпизодта Михаил Горбачев (актер Игорь Угольников) пен оның әйелі Раиса Максимовна (Дарья Мороз) Дінмұхамед Қонаев (Алдабек Шалбаев) және Нұрсұлтан Назарбаевпен егістік даласында жайылған дастархан басында тұр. Фильм кадры.

Бұл эпизодта Михаил Горбачев (актер Игорь Угольников) пен оның әйелі Раиса Максимовна (Дарья Мороз) Дінмұхамед Қонаев (Алдабек Шалбаев) және Нұрсұлтан Назарбаевпен егістік даласында жайылған дастархан басында тұр. Фильм кадры.

- Мемлекет басшысына ұнады. Ол фильмді жоғары бағалап, қалай түсірілгеніне де, режиссуралық деңгейіне де, бүкіл актерлерге де риза болды. Ешқандай ескерту айтып немесе жазғырған жоқ. Мен үшін ел президенті рөлін сомдау өте жауапты іс болды. Бойымда қуанышпен қатар, қолымнан келер ме екен деген қорқыныш та болды, - дейді актер.

БҮГІННЕН ӨТКЕНГЕ ШЕГІНІСТЕР

Фильм желісіне Қазақстан президенті туралы кітап жазу үшін одан сұхбат алуға келген ағылшын журналисімен сұхбаттасып, оған атқарған қызметі жайлы айтқан Назарбаевтың әңгімесі арқау болған. Төрт бөлімнен тұратын үш сағаттық фильмде қазіргі кезден өткен заманға, өткеннен қайтадан қазіргі заманға дүркін-дүркін оралатын «шегіністер» бар.

Сахнаға шыққан фильм түсірушілер тобы. Сахна алдында премьераны көруге келген алматылықтар.

Сахнаға шыққан фильм түсірушілер тобы. Сахна алдында премьераны көруге келген алматылықтар.

Фильмде Нұрсұлтан Назарбаевтың әке-шешесі Алла тағаладан бала сұрап жалбарынатын, болашақ президенттің балалық шағын көрсететін бірнеше «шегініс» болғанымен, бесінші бөлім желісі көбінесе 1984-1993 жылдарды қамтиды. Көрермен Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ ССР министрлер кеңесі төрағалығына тағайындалғанын, осы орындағы жұмысын, Қазақстан компартиясының 15-съезінде жасаған баяндамасы үшін елдің сол кездегі басшысы Дінмұхаммед Қонаевпен болған қатқыл әңгімесін, болашақ президенттің осы съездегі «тоңды бұзып өткен» сөзін көреді. Мұнан ары 1986 жылғы Алматыда болған қанды оқиғалар, 1991 жылдың тамызындағы ГКЧП (төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет) бүлігі, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамдарды, бірінші президенттік сайлауды, 1993 жылғы президент пен жоғарғы кеңес арасындағы қақтығыс пен оның қалай еңсерілгені көрсетілген.

Фильмнің ресми трилері. Мұнда 1986 жылдың желтоқсанындағы жастар шеруінің ойдан түсірілген эпизоды да көрсетілген:

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі премьерасына қатысып, фильмді көрген жұрттың пікірі қандай? Жергілікті киносыншылардың фильм жайлы пікірі пессимистік сарында болып шықты.

Алматылық киносыншы Дмитрий Мостовой:

- Атүсті түсіріле салған, іш пыстыратын мына дүниені 190 минут бойы тапжылмай отырып көріп, «ләззат алғандардың» төзіміне тәнтімін. Болды! – деп қысқа қайырды.

Киносыншы әрі кинематографист Андрей Черненко:

Бұл эпизодта Алматыға келген Борис Ельцин (актер Алексей Гуськов) ішімдік ішкен соң тастай суық тау суына шомылып тұр. Фильм кадры.

Бұл эпизодта Алматыға келген Борис Ельцин (актер Алексей Гуськов) ішімдік ішкен соң тастай суық тау суына шомылып тұр. Фильм кадры.

- Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесін сомдаған Берік Айтжановтың, Дінмұхаммед Қонаевты ойнаған Алдабек Шалбаевтың, Борис Ельцинді ойнап шыққан Алексей Гуськовтың актерлік жұмыстарының сәтті шыққан кездері бар екен. Бірақ олардың бұл сәттері жалпы картинаның кемшін тұстарын жамап-жасқай алмайды, өйткені мұнда шындық пен ойдан шығарылған жайттар астасып кеткен. Мысалы, фильмде 1993 жылы Жоғарғы Кеңеспен қақтығыс болды деп көрсетілген, ондай болған жоқ. Президенттің көмекшісі де Жоғарғы Кеңес төрағасы болған жоқ. Мұның бәрі ойдан шығарылған. Ал кей тұстарында режиссер Қазақстанды ашықтан-ашық келеке етеді, мұны қорықпай айта аламын. Фильмде Снежкиннің зәрлі уын шашып-шашып жіберетіні байқалып тұрады, - деді.

Андрей Черненко Сергей Снежкиннің фильміндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағына жасалған кей көріністер мен Назарбаевтың әке-шешесін ойнаған актерлердің жұмысын да фильмнің сәтсіз тұстары деп бағалайды. Андрей Черненко фильмдегі өрескел көп қатеге де назар аударған. Олардың саны Рүстем Әбдірашевтің алдыңғы фильмдерінен асып кеткен.

Нұрсұлтан Назарбаевтан ағылшын лорды сұхбат алатын бұл эпизодта Берік Айтжановтың тым қатты гримделгені байқалып тұр. Фильм кадры.

Нұрсұлтан Назарбаевтан ағылшын лорды сұхбат алатын бұл эпизодта Берік Айтжановтың тым қатты гримделгені байқалып тұр. Фильм кадры.

- 1990-жылдардың басындағы Алматыны жалпы планмен көрсеткен кезде арт жақта Almaty Towers сияқты кейін салынған мұнаралар көрініп қалған. Фильмде бала Нұрсұлтан Назарбаев тауға джинсы шалбармен өрмелеп барады. 1940-жылдардың аяғында совет баласы джинсы дегенді біліп пе еді? - дейді ол

КӨЗІ ТІРІ САЯСАТКЕРЛЕР ГАЛЕРЕЯСЫ

«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінде әлдебір жауапты шешімдер қабылдаған кезде іштей күмәнданғанымен, Нұрсұлтан Назарбаев табанды, өз әрекетінің дұрыстығына сенімді саясаткер ретінде көрінеді. Мысалы, ол СССР-дан қалған ядролық қарудан бас тарту қажет пе, әлде елде қалдыру керек пе деп немесе президенттік сайлауға түсу-түспеу жайлы да көп ойланады . Нұрсұлтан Назарбаев пәтерінде отырып жұбайымен «Президенттік сайлауға түссем бе, түспесем бе?» деп ақылдасады.

Геннадий Колбинді Сергей Гармаш сомдады.

Геннадий Колбинді Сергей Гармаш сомдады.

Көрерменнің көз алдынан Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшылары Дінмұхаммед Қонаев пен Геннадий Колбин, КПСС орталық комитеті бас хатшылары Константин Черненко мен Михаил Горбачев (оның жұбайы Раиса Максимовна), Ресейдің бірінші президенті Борис Ельцин, «Сингапур ғажайыбы» авторларының бірі Ли Куан Ю, АҚШ президенті Джордж Буш (үлкені) сияқты танымал немесе онша танымал емес саясаткерлердің тұтас галереясы өтеді.

Сергей Снежкиннің фильміндегі Дінмұхаммед Қонаевтың бейнесі екіұдай сезім тудырады. Режиссер оны қызметінен айырылғысы келмейтін, өзіне ор қазуға төзбейтін қатал саясаткер ретінде түсірген. Фильмде Михаил Горбачев мен Борис Ельцин сияқты советтік және ресейлік саясаткерлердің көркем бейнесі көрсетілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG