Accessibility links

«Қожайындар» фильмін құқық қорғаушылар бағалады


Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі полицей.
Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі полицей.

Алматыда режиссер Әділхан Ержановтың ірі экранға шықпаған «Қожайындар» фильмінің көрсетілімі болды. Фильмді құқық қорғаушылар да тамашалап, оны «тура Қазақстанның көшірмесіне» балады.

Желтоқсанның 11-і күні Алматыда үлкен прокатқа әлі шықпай жатқан «Қожайындар» фильмінің екінші көрсетілімі болды. Биыл қазанда Алматыда өткен Clique Film Fest авторлық кино фестивалінде оны алғаш көрсеткен еді. Бұл жолы Әділхан Ержановтың фильмін Олег Борецкийдің киноклубы ұсынған. 255 адамдық зал көрерменге толды.

Жуырда аталып өткен халықаралық адам құқығы күніне арналған көрсетілім өткізуді «Сорос-Қазақстан» қоры, ал фильмді киносыншы Олег Борецкий ұсынған. Көрермендер арасында «бұл фильмнің үлкен экранға шығуына жол бермей отыр» деп есептейтін құқық қорғаушылар мен өзге азаматтық белсенділер көп болды.

ХЭППИ-ЭНДІ ЖОҚ ФИЛЬМ

Режиссер Әділхан Ержановтың өзі оқиғасы «қарабайыр» деп атаған фильм сюжеті жайлы бірер сөз. Ағайынды екі жігіт (бірі кәмелетке толмаған) пен қарындасы аналарының қазасынан кейін Алматыдан қиырдағы бір ауылға келеді. Мұнда анасы мұраға қалдырған үй бар. Бірақ әлгі үйді Жуба деген жергілікті дөкейдің отбасы иемденіп алған, енді үйді заңды қожайындарына – ағайынды үшеуге босатып бергісі келмейді. Жуба жергілікті әкімшілік бастығының туысы болғандықтан оны полиция қолдайды.

Ақыры ағайындылардың үлкенін түрмеге қамайды. Кішісін үйді беру туралы құжатқа қол қоюға мәжбүрлейді. Ол науқас қарындасы екеуі жергілікті тұрғыннан ақшасын бөліп төлемек болып сатып алған ескі «Волга» автомобиліне барып паналайды. Осы арада көліктің доңғалақтарын ұрлап кетеді. Доңғалақ сатып алу үшін дүкен жертөлесіне түскен бозбала тозаққа келгендей болады. Ол жерден тапанша да тауып алады. Әлдебір үнсіз кейіпкер тапаншаны оқтап, жасөспірімге береді.

Кейін түрмеде отырған ағасы қайтыс болып, қарындасы ажал аузында жатады. Жедел жәрдем дәрігерлері келіп, қарындасына долбармен рак диагнозын қойып, қыздың ары кетсе бір сағаттық өмірі қалғанын айтады. Жол-жөнекей өліп қалады деген қауіппен дәрігерлер қызды ауруханаға әкеткісі келмейді.

Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі Жуба есімді кейіпкер.
Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі Жуба есімді кейіпкер.

Ағайынды үшеуден жалғыз тірі қалған бозбала ашынып, полиция бөлімшесіне барып, жергілікті полиция бастығын, кейін Жуба мен оның екі сыбайласын өлтіреді. Бірақ полицей ауыр жаралаған бозбала жанжалға себеп болған үйіне жетіп, көп ұзамай сол жерде көз жұмады.

Киносыншылар фильмді «жабайы» комедия жанрына қосады. Олар фильм сюжетін емес, Қазақстандағы қазіргі өмірдің символына айналған образдарды айрықша атап көрсетті. Фильмдегі әр түрлі кейіпкерлердің көбінің болған жайтқа деген немқұрайды, енжар көзқарасын атайды. Өздері кәдімгі адамға лайықсыз әрекеттер жасайды. Мысалы, жергілікті «дөкей» Жуба мен оның сыбайластары тіпті зират басында билей жөнеледі. Құдды, өлген адам өлді, тірі адам тіршілігін жасауы керек дегендей.

«Қожайындар» фильмінде тұрмыс әлдебір сән-салтанаттан жұрдай ғана емес, жұпыны етіп көрсетілген. Сәл қисайып кеткен ескі үй, салдырлаған ескі «Волга», жөндеу көрмеген қабырғалары арсиған полиция бөлімшесі.

ЕЛДЕГІ ҚОЖАЙЫНДАР

Олег Борецкийдің киноклубындағы талқылауда фильм «өмірімізді мысқылдаған, сюрреалистік тұрғыдан бейнелеу» деген бағалар алды. Бір әйел фильмді кафкалық сарындағы фильм деп атады. Пікір білдіргендер «Қожайындар» Қазақстанның тура қазіргі тұрмысын көрсеткен

Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов бұл фильмді елдің саяси жүйесіне шығарылған үкім деп атады.

– Милиционер келбетіндегі саяси бейнесі анық көрінген. Бұл – біздің билік. Олардың қылығы да біздің биліктікі. Толық бейнесі, – дейді ол.

Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі дауға себеп болған үй.
Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильміндегі дауға себеп болған үй.

Алла есімді көрермен: «Фильм маған ашықтығымен әсер етті. Әсіресе фильмдегі дөкейдің тост айтқан тұсы. Ол сендер сатқынсыңдар, отанды саттыңдар деді. Фильмде оның тектік санасы оянатын сияқты. Балаларды үйінен қуып шыққан кезде біздің ата-бабаларымыз көшіп-қонып жүретін, ал сендердің барар жер, басар тауларың да жоқ деді» дейді.

Көрермендердің кейбірін заңсыздықты бүркемелеген полицейдің жұмыс кабинетінде намазын қаза жібермейтіні қайран қалдырды. Көрермендер фильмдегі дәрігерлердің олақтығына назар аударды.

Бірақ фильмді өзгеше қырынан түсінгендер де бар. Мысалы, бір жас жігіт кинокартина ревелюцияға шақырған деп жорыды.

Көрермендердің бірі: «Фильмнен үмітсіздік байқалады. Ол тіпті зорлық та көмектеспейтінін көрсетті. Сондықтан мұндай елде қалып керегі бар ма деген ойға қаласың» дейді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис фильмдегі оқиғаны елдегі өмірдің тура көрінісі деп бағалады. Оның пікірінше, «Қожайындар» фильмі 4-5-ғасырларда өмір сүрген теолог әрі философ Августин Аврелийдің айтқан сөздің классикалық үлгісі.

Әділдік жоқ мемлекет дегеніміз не? Бар болғаны ұры-қарылар тобы.

– «Әділдік жоқ мемлекет дегеніміз не? Бар болғаны ұры-қарылар тобы». Бұл фильмге Августин Аврелийдің осы сөздерін жазып қоюға болады екен, – дейді Евгений Жовтис.

Биыл мамырда Әділхан Ержановтың «Қожайындар» фильмі Канн кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына енгізілді. Варшавада өткен халықаралық кинофестивальде «Тәуелсіз рух» номинациясы бойынша жеңімпаз аталды. Фильм «Өмірді жайдары, әділ әрі батыл көрсеткені үшін» Ресейдің «Киношок» кинофестивальінде кинотанушылар мен киносыншыларының Гильдия арнайы жүлдесін жеңіп алған.

XS
SM
MD
LG