Accessibility links

«Қазақтың мінезі» көрінген фильм


Белгісіз себептермен прокатқа шығуы кешіккен «Құнанбай» фильмі белсенді әлеуметтік желі қолданушылары бас прокуратураға үндеу жолдағасын кинотеатрларда желтоқсан айынан бастап көрсетіле бастады.

Алматыдағы «Арман» кинотеатрының 85 орындық «жасыл» залында желтоқсанның 8-і күні өткен «Құнанбай» фильмінің кезекті көрсетіліміне бас-аяғы жиырма шақты адам ғана жиналды. Көрермендердің аздығының себебін киноға келушілердің бірі «көрсетілімнің күндіз болуынан» деп топшылайды. Өзін «Азамат» деп таныстырған жігіт:

- Кино күніне бір мәрте ғана, онда да тек күндізгі уақыттарға қойылған. Ал барлығымыз бұл уақытта жұмыстамыз. Сол себепті көрермен аз келіп жатыр, - дейді.

Алайда қаладағы бірқатар кинотеатрлар аталған фильмнің көрсетілімін күндізгі 14:00-ден бастап кешкі 21:00-ге дейін қойыпты.

Қарқаралы уезінің «аға сұлтаны» шеніне дейін жеткен 19-ғасырдың соңындағы қазақ зиялысы һәм классик ақын Абайдың әкесі Құнанбай қажының фильмдегі образы туралы бұған дейін фильмнің режиссері әрі басты рөлді сомдаушысы Досхан Жолжақсынов Азаттықа жеке әңгімелеген. «Кинода пендеуи Құнанбайды сомдадық. Отырып ап билік айтқаннан гөрі, қиналған Құнанбай, ойланған Құнанбай, шешім қабылдаған Құнанбай қылып алдық» деген ол.

Ұзақтығы 95 минуттық фильмдегі бас кейіпкердің образы, өмірі мен қызметі Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы көркемделген жағымсыздау консерватор бейненің емес, тарихи деректердің негізінде сомдалғаны айтылады. «Қазақфильмнің» бұл жолғы кинокартинасы ұлттық компания көп назар сала қоймайтын патшалы Ресей бодандығы кезеңіндегі қазақ халқының тұрмысын суреттейді.

«Құнанбай» фильмінің түсірілу барысы жайындағы фотогалерея:

Сәрсенбі күні «Арман» кинотеатрында өткен көрсетілімге келушілердің бірі ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы «фильм Құнанбай заманының негізгі өзегін бізге көрсете білді» деп есептейді. Ол картинаны:

- Кинода керемет рух бар. Түрмедегі тергеу және Кенесары тақырыбы қозғалғандағы Құнанбайдың айтқан уәжі, қайсарлығы адамның көзіне еріксіз жас үйіреді. Сосын өкпеге қиса да өлімге қимайтын, «малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» дейтін қазақ бейнесі фильмде көрінеді. Яғни Құнанбай мен Барақтың арасындағы тіктесу, ымыраласу – жай ғана эпизод ретінде алынбаған. Ол – қазақтың мінезі, - деп бағалады.

Түрмедегі тергеу және Кенесары тақырыбы қозғалғандағы Құнанбайдың айтқан уәжі, қайсарлығы адамның көзіне еріксіз жас үйіреді. Сосын өкпеге қиса да өлімге қимайтын, «малым - жанымның, жаным - арымның садағасы» дейтін қазақ бейнесі фильмде көрінеді.

Фильм желтоқсан айында прокатқа шыға салысымен қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары оны талқылай бастады. Айбол Исламғалиев есімді көрермен Facebook парақшасына: «Жасымды көрсетпеудің амалын іздестірдім. Таппадым» деп жазыпты. Ал Жадыра Аққайнар есімді қолданушы «Мен түсінбеген сәт мынау: басталған шағында жиында жалаңаш қыздың арқанды тіспен шешуінің мәні неде? Мен осыны ұқпадым. Және сол үшін бәйгеге түйе бергені қалай? Шапан жапты ма, не істеді өзі? Осы сауалға жауап алсам, жақсы болар еді!» деп сұрайды.

Жас келіншектің лыпасыз көп алдында қазыққа байланған түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкету ойыны («тайлақ тарту», я «түйе шешу» деп те аталады – ред.) туралы дәл осы эпизодты ақын Дәулебек Байтұрсынұлы «режиссер көрсетпей-ақ қойса болар еді» деп ойлағанын айтады.

- Бірақ осы бір шағын эпизод арқылы қазақтың аспанннан түсе қалған періште емес екенін, қазақтың да осындай да бір міні болғанын, қазақтың тарихында бар дүние екенін айтқысы келген. Мұндай үлкен дүниелердің ішінде кішкентай әттеген-айлардың болуы заңды, - деп тұжырымдайды ол пікірін.

«Арман» кинотеатрында өткен көрсетілімге венгриялық Дәуіт Чомпай Қара есімді азамат та келіпті. Бұған дейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын толық оқып шыққанын айтқан Дәуіт «Мен білетін Құнанбай қатыгез, әділетсіз адам болып көрінген еді. Ал фильмде мүлдем басқа. Қазақтың қамын ойлаған кісі ретінде бейнеленген» дейді.

Досхан Жолжақсынов түсірген "Құнанбай" және "Біржан сал" фильмдерінің сценариін жазған марқұм Таласбек Әсемқұловтың Азаттық студиясына келген кезі. Алматы, 3 қыркүйек 2009 жыл.

Досхан Жолжақсынов түсірген "Құнанбай" және "Біржан сал" фильмдерінің сценариін жазған марқұм Таласбек Әсемқұловтың Азаттық студиясына келген кезі. Алматы, 3 қыркүйек 2009 жыл.

Сценариін марқұм жазушы, сценарист Таласбек Әсемқұлов жазған Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмінің алғашқы тұсаукесері 2015 жылғы мамырдың 12-сі күні Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында, фильмнің түсіру жұмыстары өткен аймақта көрсетілген болатын. Одан кейін белгісіз себептермен прокатқа шықпай қалған фильм жайлы марқұм Таласбек Әсемқұловтың жары, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева алғаш рет қарашаның 18-і күні Facebook парақшасына жазған.

Зира Наурызбаева жазбасында «Досхан Жолжақсыновқа хабарласып, «Құнанбай» фильмінің неге прокатқа шықпай жатқанын сұрадым. Әуеліде мамырға, одан кейін қыркүйекке, сосын қарашаға жоспарланған. «Қазақфильм» үнсіз» дей келіп, қазақстандық кинотеатрлардың аталған фильмді көрсетуге құлықсыз екеніне меңзеген. Осыдан кейін іле-шала бұрынғы мәжіліс депутаты, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Мұрат Әбенов Facebook парақшасында: «ҚР Бас Прокуратура назарына: кинотеатрлардан ұлттық киномызды көрсетуді талап етеміз!» деп басталатын ашық хатын жариялаған. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен фильм желтоқсан айынан бастап елдегі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG