Accessibility links

Шымкенттік фильмдегі «патриот» бандит


Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, фильм режиссері Сұңқар Омар қылмыс әлеміндегі авторитет Бағданың рөлін де ойнаған. «Регион 13» фильмінен алынған кадр.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, фильм режиссері Сұңқар Омар қылмыс әлеміндегі авторитет Бағданың рөлін де ойнаған. «Регион 13» фильмінен алынған кадр.

Прокатқа енді ғана шыққан «Регион 13» криминалдық драмасы шетел агенттерімен күреске тіпті қылмыс әлемінің «басшысына» дейін кірісіп кететін «Қазақстанда бәрі бақылауда» дегенді меңзейтін сарында түсірілген.

Шымкент қаласында түсірілген «Регион 13» көркем фильміндегі бас кейіпкердің бірі - қарақшылар тобының басшысының лақап есімі Бағдат (Бағда). Кейбір тұстарда оны тіпті жағымды кейіпкер етіп көрсеткен. Бағда шетел агенттерінің Оңтүстік Қазақстанда ұлтаралық араздықты қоздырып, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру жоспарын біліп қояды. Агенттер мұны кезінде Қырғызстанның Ош қаласында қолданған тәсілмен және шетел қаржыландыратын үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен іске асырмақ. Осы мақсатта аймаққа психикаға әсер ететін препараттар қосылған тамақ өнімдерін әкеліп, таратуды жоспарланған.

Қылмыс әлемінің жетекшісі бойында патриоттық сезім оянып, шетел агенттерінің «жымысқы» жоспарын тоқтатуға бел байлайды. Ол тіпті, қылмыс үстінде ұстап алу үшін шетел агенттерінің әрекетін бақылап отырған жергілікті ҰҚК басқармасымен жанжалдасып қалады.

Фильм кейіпкерлері Қазақстанның оңтүстігінде Ош оқиғасын қайталауға тырысу әрекеттері туралы айтқанымен, Украинадағы соңғы бір жарым жылда болып жатқан оқиғалар жаңғырығы да сезіліп қалады. Фильмдегі бірнеше кейіпкер - Львов облысынан деструктивтік элементтерге көмектесу үшін жіберілген жігіттер. Қазақ кейіпкерлердің бірі әлгі украиндардың бірін қызбалықпен «бандерашы» деп атайды.

Ақыры әлгі «келімсектер» сазайын тартып, Бағда мен оның көмекшісінің қолынан оққа ұшады. Олардың көзін жою сәті Голливуд стилінде түсірілген. Яғни, небәрі екі күрескер зұлымдықтың жолын кесіп, мұздай қаруланған бір топ қарақшының көзін жойып жібереді. Фильмде Бағданың тағдыры, қаза тапқаны немесе тірі қалғаны түсініксіз болып қалған. Картина авторлары оның ҰҚК арнайы жасағы оғынан қаза тапқан сәтін фильмнің жалғасын түсіру үшін көрсетпеуі мүмкін деп болжауға болады. Бірақ қазір ондай жоспар бар-жоғы белгісіз.

«ФИЛЬМДІ ӘУЕСҚОЙЛАР ТҮСІРГЕН»

Шетелдік агенттер. «Регион 13» фильмінен алынған кадр.

Шетелдік агенттер. «Регион 13» фильмінен алынған кадр.

«Регион 13» фильмін көрермендер қалай қабылдағанын Азаттық тілшісі кинолентаның пиар-менеджері Екатерина Погореловадан білуге тырысып көрді. Тілші оған мамырдың 2-сі күні хабарласқан еді. Бірақ Погорелова фильмді қазір қанша адам көріп үлгергенін білмейтінін, ал прокат қорытындысы екі аптадан кейін белгілі болатынын айтты.

Азаттық тілшісі Алматыдағы кинотеатр өкілдерінен «Жаңа фильмге көрермен көп келіп жатыр ма?» деп сұраған еді. Бірақ тілші хабарласқан кинотеатрлардың жартысы сатылған билет саны туралы ақпарат беруден бас тартты. Екі кинотеатр фильм прокатқа шыққан алғашқы күні көрермен келмегендіктен, сеанс өтпей қалғанын айтты. «Chaplin MEGA Park Dolby Atmos 3D» кинотеатрының сеансына барған Азаттық тілшісін қосқанда, залда үш адам отырды.

Фильм прокатқа шыққан сәуірдің 30-ы күні Алматы-1 ауданы жақтағы «Chaplin Mango RealD 3D» кинотеатры сеансына ешкім келмеген. Ал мамырдың 1-і күні түн ортасындағы сеансқа 15 адам келген. Кинотеатр өкілінің айтуынша, түнгі сеанс үшін бұл - жақсы көрсеткіш.

Қауіпсіздік қызметкерлерінің бірі (Оңтүстік Қазақстан облысы ҰҚК департаменті қызметкері). «Регион 13» фильмінен алынған кадр.

Қауіпсіздік қызметкерлерінің бірі (Оңтүстік Қазақстан облысы ҰҚК департаменті қызметкері). «Регион 13» фильмінен алынған кадр.

Фильм прокатқа шығар қарсаңда жарияланған БАҚ материалдарында «Регион 13» фильмін кәсіби дайындығы жоқ әуесқойлар түсіргені айтылған. Режиссер, сценарист, актерлердің бәрі кәсіби мамандар емес. Бір кейіпкердің рөлін ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры солисі ойнаған. Бірақ оның өзі – болымсыз эпизодтық көрініс. Ал қалғандары үшін бұл фильм - кинодебют.

Фильм режиссері әрі сценарий авторы – Омар Сұңқар. Ол қарақшылар тобының басшысы Бағданың рөлін де ойнаған. Мамандығы – дене шынықтыру пәні мұғалімі. Ал фильм түсіріліміне кейін қосылған режиссер әрі продюсер Марғұлан Қапашевтің қысқа метражды кино түсіру тәжірибесі ғана бар. Әйел кейіпкерлердің рөлдерін би жаттықтырушылары ойнайды.

ҚИЫНДЫҚПЕН ТҮСІРІЛГЕН КАРТИНА

«Регион 13» фильмі үлкен қиындықпен әрі ұзақ түсірілген. Фильмнің интернет-сайтына қарағанда, ол әуелі «История города 13Х» деп аталған. Шымкенттегі «Pan Shar Production» компаниясы оны 2012 жылы түсіре бастаған.

Фильм прокатқа сәуір айының соңғы күні «Регион 13» деген өзге атаумен шықты. Бұрынғы атауынан көп өзгешелігі жоқ жаңа атау фильмдегі оқиғалардың Шымкентке қатысы барын көбірек аңғартады.

Бірақ кинотеатр афишаларында фильмді түсірушілер ретінде мүлде өзге компаниялар, яғни «Кинокомпания Tengri Studio» және Orda Cinema Group көрсетілген.

Фильмдегі махаббат желісін биші Евгения (актриса Евгения Гуренкова) мен маркетолог, жапондық пен совет әйелінің байланысынан туған жетім Такеши (актер Тахир Ишметов) ойнап шыққан.

Фильмдегі махаббат желісін биші Евгения (актриса Евгения Гуренкова) мен маркетолог, жапондық пен совет әйелінің байланысынан туған жетім Такеши (актер Тахир Ишметов) ойнап шыққан.

– Фильм түсірілмей жатып тоқтап қалатын болғандықтан, 2014 жылдың қаңтарынан бастап оны құтқаруға біздің компания кірісті. Режиссері ауыстырылды, сценарийі бастан-аяқ қайта жазылды. Фильмді түсіруге «Азат құстар» қысқа метражды фильмі үшін 2014 жылы Канн кинофестивалі лауреаты болған продюсер Марғұлан Қапашев қосылды. Қосымша қаржы көзін таптық, - дейді өзін Нұрлан деп таныстырған «Кинокомпания Tengri Studio» өкілі.

Нұрланның айтуынша, фильмнің әуелгі режиссері - Тахир Ишметов (фильмдегі рөлдердің бірін ойнайды). Бірақ кейін фильм режиссері ретінде басында актер ғана болған Омар Сұңқар тағайындалған.

Азаттық тілшісіне «Регион 13» фильмі бюджетін анықтаудың сәті түспеді. Фильмнің пиар-менеджері Екатерина Погорелова оның «коммерциялық құпия» екенін айтты. Бірақ «Регион 13» бюджеті шағын сияқты. Өйткені фильмде қымбатқа түсетін компьютерлік графика да, көлік жару, үйлерді өртеу сияқты арнайы техниканың көмегімен түсірілетін әсерлі кадрлар жоқ. Экраннан оқ атып жаттыққан кейіпкерлер қиратқан бос шөлмектерді ғана көресің.

Алексей Азаров – Азаттықтың мәдениет тақырыбындағы шолушысы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG