Accessibility links

«Жат» фильміндегі советтік жүйеге қарсылық


"Жат" фильмінен көрініс. Алматы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

"Жат" фильмінен көрініс. Алматы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Көрермен қауым танымал қазақ режиссері Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмімен танысты. Фильм Сталин заманындағы репрессиялық жүйеге іштей қарсы шыққан намысшыл дәруіш туралы.

Жергілікті баспасөзде көп жарнамаланған қазақстандық жаңа туынды – «Жат» көркем фильмінде құқық қорғаушылар «репрессиялық» деп атайтын қазіргі Қазақстанның саяси жүйесі емес, Сталин заманындағы совет жүйесі әшкереленеді. Қазақстандық көрермен режиссер Ермек Тұрсыновтың фильмімен қыркүйектің 24-і күні Алматыдағы «Еуразия» кинофестивалінде танысты.

ЕРКІНДІК ҮШІН БАЗ КЕШУ

Жаңа «Тұрсыновфильм» киностудиясының өнімі деп жарияланған «Жат» фильмінде 20 жылдан асатын тарихи кезең қамтылған, ал оқиға желісі шектеулі кеңістікте – тау бөктеріндегі шалғай ауылда өтеді. Бас кейіпкер Ілияс – фильмнің басында тоғыз жасар бала, ал соңында 40-қа келіп қалған жігіт ағасы.

Фильмде кейіпкердің өмірі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басындағы ұжымдастыру, ашаршылық, сталиндік репрессия, Қазақстанға жер аударылған саяси тұтқындар, соғыс, Поволжьеде тұратын немістер депортациясы, Иосиф Сталиннің қазасы, Хрущевтің жылымық кезеңінің басталуы сияқты тарихи оқиғалармен астастыра көрсетіледі.

Тоғыз жасар Ілияс шалғай ауылдағы саман үйде әкесімен бірге тұрады. Билік «ұжымдастырудың арқасында молшылық пен тоқшылық орнайды» деген уәдемен ауыл тұрғындарының малын тартып алады. Бірақ елді ашаршылық жайлайды. Биліктің күдігіне ілінген жандар із-түзсіз жоғалып кетіп жатады. Бір күні түнде НКВД қызметкерлері әкеткен Ілиястың әкесі де сол күйі оралмайды.

Көп ұзамай Ілиястың көршісі «сойып, балаларға азық етемін» деп оның биесін тартып алады. Балаға «біздің үйге келіп тұр» деп ұсынады. Бірақ бала басқа шешім қабылдайды. Ұсақ-түйек заттарын жинап, енесінен айырылған құлынды ертіп, тауға кетеді. Оның елден жырақтағы тіршілігі осылай басталады. Ол таудағы үңгірді паналайды. Аң аулап қоректенеді. Оқта-текте ауылға түсіп келеді. Оның қайда екенін еврей шал Ыбырай (саяси тұтқын) мен бала күнгі достары Кәмшат пен Ғани ғана біледі. Ыбырай оған мылтық тауып беріп, Ілияс таудан түскен сайын гильза, оқ-дәрі, қант-тұз сияқты керек-жарағын әзірлеп қояды. Ол мұның бәрін Ілияс таудан әкелген аңның терісіне айырбастап алады.

"Жат" фильмінен көрініс. Алматы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

"Жат" фильмінен көрініс. Алматы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, досы Ғани үңгірге келіп, Ілиясқа «соғысқа аттану керек» дейді. Бірақ мектепті тастап, жұрттан жырақ кеткен, жабайы табиғат аясында өскен Ілиясқа патриотизм сезімі жат сияқты. Ол «адам өлтіруге болмайды» деген уәжбен соғысқа барудан бас тартады. Досы оны «сатқын», «дезертир» деп айыптайды. Екеуі кейін Ілиястың досы майданнан балдақпен оралған кезде кездеседі.

Бұл – Ілиясты бүкіл ауыл білетін кез. Оны сан-саққа жүгіртіп, жаман атағын шығарып жібереді. Жұрт атын естісе, қорқатын болады. Соғыстан оралып, колхоз төрағалығына сайланған досы Ғани бір күні Ілиясқа «ақысын алып, ауылдың жеке меншік малын бақ» деп ұсынады. Сол мезеттен бастап Ілияс жұртпен араласа бастайды. Ол ақысын алып, қой бағады. Бірақ тұрмыс тауқыметін көп тартқан жігіттің денсаулығы сыр береді. Көп ұзамай бұл өмірмен қоштасатынын сезген Ілияс ажалға дайындала бастайды. Бір күні Ілиястың ерттеулі аты ауылға бос келеді. Бір жамандықты сезген ауыл жігіттері таудағы үңгірге аттанады. Үңгірдің тас үйілген кіре берісін аршып, ішке кірген жігіттер Ілиястың жансыз денесінің үстінен шығады.

Соңғы көріністе еврей шал Ыбырай қар басқан беткеймен келе жатып «Еркіндік үшін өмірмен қоштасу тым үлкен құн емес пе?!» дейді.

ФЕСТИВАЛЬ АРАЛАҒАН ФИЛЬМ

Алматыдағы жабық көрсетілімді санамағанда «Жат» фильмінің премьерасы биыл қыркүйектің ортасында Канаданың Торонто қаласындағы кинофестивальде де өткен. Бұл – қазылар алқасы да, конкурсы да болмайтын фестиваль. Негізгі жүлде – көрермен ықыласы.

Фильмнің режиссері Ермек Тұрсынов (оң жақта) пен басты рөлде ойнаған актер Ержан Нұрымбет. Алматы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Фильмнің режиссері Ермек Тұрсынов (оң жақта) пен басты рөлде ойнаған актер Ержан Нұрымбет. Алматы, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Ал оған дейін «Жат» фильмі «Оскар» халықаралық сыйлығына Қазақстан атынан ұсынылған. Мұны қазақ режиссерінің фильміне рецензия жазған авторлар да көрсеткен. Рецензиялардың бірі Hollywood reporter басылымында жарияланған. Рецензия авторы фильмнен бақташы туралы тәмсілді танып, бас кейіпкер Ілиясты Дерсу Узала (Акира Куросаваның аттас фильмі), Иеремий Джонсон (Сидни Поллактың аттас фильмі) және тіпті «Алғашқы қан» фильміндегі Рэмбо сияқты кейіпкерлерге ұқсатқан. Шетел басылымында жарияланған рецензия авторы «тарихи оқиғалар жеткіліксіз ашылған, кейіпкер тым аңғал, оның бойында әлеуметтік және сексуалдық қызығушылық жоқ» деп кинофильмнің әлсіз тұстарын жазған. Рецензент фильмдегі өзге кейіпкерлерді «жақсы» және «жаман» деп бөлуді де жаттанды сарын деп атаған.

Торонто фестивалінен кейін «Жат» фильмі Алматыда өткен ХІ «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілген. Фильмді бір мезетте қазақ және орыс тілдерінде екі залда көрсетті. Екі залда да бос орындар қалғанымен, көрермен көп жиналды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG