Accessibility links

ҰҚК мен Қаржы полициясының айқасын Бас прокуратура бақылайды


Күдікпен ұсталған Алматы қалалық қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасы туралы баспасөз конференциясында. Алматы, 25 қыркүйек 2009 жыл.

Күдікпен ұсталған Алматы қалалық қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдын Жантелеев "Комета S" баспасы туралы баспасөз конференциясында. Алматы, 25 қыркүйек 2009 жыл.

Қаржы полициясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасарына қарсы қозғалған қылмыстық істі Бас прокуратура өз қолына алды. Ал қаржы полициясы есірткі сақтады деген күдікпен департамент бастығының орынбасарын ұстаған ҰҚК әрекетінің заңдылығына күмән келтірген болатын.

Қаржы полициясының Алматы қалалық бөлімшесі бастығының орынбасары Айдын Жантелеевтің ісін Бас прокуратураға беру туралы шешім сәрсенбі күні қабылданыпты. Аталмыш іске қатысты тергеу амалдарын жүргізуді өз мойнына алған Бас прокуратура қарашаның 12-сі күні ақпарат құралдарына мәлімдеме таратты.

«Тергеу жұмысына Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, Қаржы полициясы да араласпайды. Біз тергеуді бейтарап жүргіземіз және жұмыс барысында күдіктінің қалай ұсталғанына да баға бере кетеміз», — деді Бас прокуратураның арнайы өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ол сондай-ақ, істі Бас прокурордың өзі тікелей бақылауға алғанын мәлім етті.


ҰҚК АЙЫПТАЙДЫ, ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫ КҮДІКТЕНЕДІ

Бас прокуратураның аталмыш істі өз қолына алуы бекерден-бекер емес. Қарашаның 11-і күні қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай Айдын Жантелеевтің ұсталғанын растай отырып, бұл тұрғыда ҰҚК әрекетінің заңды екеніне күмән келтірген еді:

«Ұсталған азамат пен оны қалай ұстағанын ескере отырып, ҰҚК қызметкерлері әрекетінің заңдылығы күмән тудырады. Сол себепті, агенттік ішкі тергеу жұмыстарын жүргізеді. Жантелеев ІІМ мен Қаржы полициясының органдарында 13 жыл бойы қызмет атқарған. Осы уақыт аралығында оның қандай да бір есірткі пайдаланатыны байқалмаған».

Бұдан соң келесі қарашаның 12-сі күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық бөлімшесінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлетаев комитет қызметкерлерінің әрекеті заңға сай жасалғанын айтып, төмендегіше мәлімдеме жасады:

-Аталмыш күдіктіге қатысты жедел тергеу іс-әрекеттері қатаң түрде заңға сәйкес және прокуратура органдарының қадағалауымен жүргізілген еді. Сондай-ақ күдікті соттың санкциясымен қамауға алынған. Жантелеевтің заңсыз есірткіні сатып алуы, сақтауы мен жеке өзінің пайдалануына қатысты тергеуде бұлтартпайтын дәлелдер бар, яғни жедел тергеу материалдары, оның ішінде бейне-аудио жазбалар бар. Сондай-ақ осы қылмыстық іс бойынша куәлердің мәлімдеулері де бар. Бұл лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеттерін айғақтайды,- деді Азаттық радиосының тілшісіне.

Бұған дейін комитет өкілдері күдіктінің есірткі шеккен күйінде ұсталғанын хабарлаған еді. Болатбек Төлетаевтың айтуынша, қазіргі кезде оның есірткіні ұзақ уақыт пайдаланғаны анықталып отыр.

«Осы қылмысты тергеу барысында Жантелеев ұсталғаннан кейін бір апта өткеннен соң, аталмыш наркологиялық орталықтан қайта сараптамадан өткізілді. Сол сараптаманың қорытындысы бойынша, оның ағзасында наркотикалық компоненттердің әлі бар екені анықталды. Мамандардың айтуынша, бұл азаматтың есірткіге тәуелді екенін көрсетеді. Егер адам есірткіні ұзақ уақыт пайдаланса, оның қанында наркотик компоненттері екі айға дейін сақталады екен. Ал егер бір-екі рет қана пайдаланған болса, бір-екі тәуліктің ішінде жоқ болып кетеді екен»,— деп атап көрсетті Болатбек Төлетаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қаржы полициясының Алматы қалалық бөлімшесі бастығының орынбасары Айдын Жантелеев 5 қараша күні есірткі сақтады деген күдікпен Алматы қаласында ұсталған еді. Оған ҚР Қылмыстық кодексі 259-бабының 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG