Accessibility links

Жалғызтөбе түрмесіне жабылған бесеу Өскемендегі тергеу абақтысына неге апарылды?


Сотталып, түрмеде отырған бір топ шенеунікті бейсенбі күні Өскемендегі тергеу абақтысына алып кеткен. Олардың біреуін кезінде президент Назарбаев жемқорлыққа қатысты мысалға келтірсе, келесі тұтқын «Рахатгейт» бойынша, ал тағы біреуі «үздік милиционер» атанған қарт полковник. Бұлардың бәрінің ісін ҰҚК-нің қызметкерлері жүргізген.

СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ТУЫСТАРЫН АБАҚТЫҒА КІРГІЗБЕГЕН

Жеке басының қауіпсіздігі мақсатында өз есімінің баспасөзде аталмауын сұраған дерек көзі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданындағы Солнечный қыстағында орналасқан ОВ 156/17 қатаң режимдегі колониясындағы бес сотталушы қазанның 29-ы күні Өскемендегі тергеу абақтысына ауыстырылғандығын хабарлады. Облыс орталығынан шамамен 150 шақырым жерде орналасқан қалашықтағы бұл мекеме сот және құқық органдарының бұрынғы қызметкерлері ұсталатын республикадағы жалғыз колония екендігі белгілі.

Хабарларға қарағанда, Алматы қаласы қаржы полициясы басшысының бұрынғы орынбасары Ғайнолла Қыстаубаев және оның бұрынғы әріптестері Александр Шестаков пен Тимур Жағыпаров, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бұрынғы төрағасы полковник Дәрібай Шалаев және Павлодар облыстық қаржы полициясы басқармасының бұрынғы басшысы Серік Салтанбеков тергеу абақтысына жөнелтілген. Ал сотталушылардың туған-туыстары болса оларды қатардағы қылмыскерлерге арналған түрмеге ауыстыра ма деп қорқады.

– Мәселенің мән-жайы аса құпия сақталуда. Біз оларды «қара» түрмеге ауыстыра ма деп күдіктеніп отырмыз. Бұл әрекет олар үшін аса қауіпті. Бұрынғы совет елдеріндегі түрмелерде «қаралар» мен «қызылдар», яғни қарапайым тұтқындар мен бұрынғы полицейлерді бірге ұстауға болмайтындығы ешкімге де жасырын емес, – деді сотталғандардың бірінің анасы Татьяна Шестакова.

Оның айтуынша, демалыс күні Қыстаубаевтың жақындары Өскеменге кеткен, ал қалған сотталғандардың ата-аналары облыс орталығына дүйсенбі күні түстен кейін жетті. Келген бетте олар тергеу абақтысына барғандарын айтады, бірақ бұл мекемедегілер оларды карантин деп туғандарымен кездесуге рұқсат бермеген және олардың мұнда неге отырғандарын білмейміз деп жауап берген. Енді ата-аналары ертеңнен бастап адвокат жалдап, солардың көмегі арқылы басқа да мекемелердің есігін қағып көрмек.

ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ЖАСЫРАДЫ, ҰҚК ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесінің басқармасы бастығының қызметін атқарушы Мұрат Жұмаділов аталған азаматтардың Өскемендегі тергеу абақтысында отырғандығын растады.

– Олар заңды түрде – қаулымен сол жерге жіберілген, бір айдай сонда болады. Өзіміздің мекеменің бұйрықтары, нормативтік актілері
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысы. Астана, 4 маусым 2009 жыл.
бар, бізге қажетті ішкі жұмыстар ғой. Бұл жерде заңды бұзу немесе оларға қысымшылық көрсету жоқ, – деді ол.

Алайда Жұмаділов сотталғандардың қандай мақсатпен тергеу абақтысына жіберілгендігіне қатысты түсініктеме беруден бас тартты және оларды басқа бір түрмеге ауыстыруы мүмкін деген болжамды да жоққа шығарды.

– Ашығын айта алмаймын. Бір айдан соң олар қайтарылады, – деп қысқа қайырды Жұмаділов.

Азаттық радиосына мәлімет берген кісі оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері алып кеткендігін айтып отыр. Сотталғандардың жақындары да солай деп біледі.

– ҰҚК-нің өкілдері келіп алып кетті дейді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұл жерде не қатысы бар екендігі түсініксіз. Олардың бұл іске араласатын қандай құқығы бар? – деп күдіктенеді Шестакова.

Бірақ ҰҚК-нің баспасөз хатшысы Кенжеболат Бекназаров бұл мәліметті жоққа шығарып отыр:

– Біздің бұл іске ешқандай қатысымыз жоқ. Соты біткен, шешімі шыққан. Қайда жіберсе де қылмыстық атқару жүйесінің құқығы бар.

СОТТАЛҒАН ШЕНЕУНІКТЕРДІ БАСҚА ТҮРМЕГЕ АУЫСТЫРУ ЗАҢҒА ҚАЙШЫ

Алматы облысы бойынша пенитенциарлық мекемелердегі адам құқығының сақталуына мониторинг жөніндегі қоғамдық бақылау комиссиясының төрайымы Ардақ Жанәбілова бұрынғы шенеуніктердің қандай мақсатпен тергеу абақтысына әкелінгендігін анықтау үшін қылмыстық атқару жүйесі комитетіне хат жазбақшы.
Оларды басқасына ауыстыруға болмайды. Соған байланысты сот үкімінде сотталушының жазаны қай жерде өтеу керектігі арнайы көрсетіледі ...

– Менің ойымша, олардың Өскемендегі тергеу абақтысына жеткізілуінің екі жолын қарастыруға болады: біріншісі – бұрынғы шенеуніктердің үстінен тағы да іс қозғалуы мүмкін; екіншісі – оларды басқа бір түрмеге ауыстыру жағы көзделуі мүмкін, – деді Жанәбілова.

Оның айтуынша, осылардың ішіндегі екіншісі бұрынғы шенеуніктердің жеке басына қауіп туғызады және ол заңдарға қайшы келеді.

– Осындай қауіпті болдырмау үшін бұрынғы шенеуніктерді ұстайтын арнайы мекеме ашылған. Оларды басқасына ауыстыруға болмайды. Соған байланысты сот үкімінде сотталушының жазаны қай жерде өтеу керектігі арнайы көрсетіледі, – деді ол.

НАЗАРБАЕВТЫҢ БАЯНДАМАСЫ ЖӘНЕ БЕНТЛИ АВТОКӨЛІГІ


Өскемендегі абақтыға жеткізілген бесеудің ісін кезінде ҰҚК жүргізген болатын. Олардың үшеуі – Қыстаубаев, Шестаков және Жағыпаровтар осыдан 2 жыл бұрын сыбайласқан жемқорлық делінген даулы іс бойынша сотталған болатын. ҰҚК қызметкерлері оларды 2006 жылы ұстаған, 2007 жылғы 14 шілдеде Алматының Алмалы аудандық соты Қыстаубаевты – 12, Жағыпаровты – 10, Шестаковты – 9, осы іс бойынша өткен тағы бір қаржы полициясының қызметкері Ғалым Әбітаевты 7 жылға соттау туралы шешім шығарған еді. Әбітаев биыл жазда отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты жазасы жеңілдетіліп, түрмеден босап шықты.
Қазақстан қаржы полициясының қызметкерлері. (Сурет осы мекеменің ресми сайтынан алынды).


Бұл даулы істің өзіне назар аудартарлық бір тұсы – күдіктілерді ҰҚК-нің қызметкерлері ұстағаннан кейін санаулы күндерден соң, яғни 2006 жылы 1 маусымда президент Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінде сыбайласқан жемқорлықпен күрес туралы баяндама жасап, онда Қыстаубаев туралы мәліметтерді мысалға келтіреді.

Атап айтқанда, президент Назарбаев қаржы полициясының қызметкері Қыстаубаевтың үйінен құны аса қымбат «Бентли», «Лексус RX-330», «Мерседес SL-55 AMG», «Мерседес S-329» автокөліктері және «Харлей» мотоциклі, сондай-ақ басқа да құнды заттар мен үлкен көлемде ақша табылды деп баяндай келе, шенеунік тиісті жазасын алуы керек деген тұжырым жасаған.

Сот Қыстаубаевты және оның қаржы полициясындағы бірқатар әріптестерін ұйымдасқан қылмыстық топ құрған, сыбайласқан жемқорлықпен айналысқан деп айыптап, түрме жазасын шығарды.

Адвокаттар бұл сот ісінде барлық айыптар телефон тыңдауларына құралған, олардың ешқайсысын пара алып жатқан жерінде ешкім ұстамаған деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, баспасөз бетінде президенттің қауіпсіздік кеңесінде тізіп шыққан қымбат бағалы автокөліктер сот материалдарында келтірілмегендігі сөз болып, Назарбаевтың айтқаны рас болса, онда құны жоғары заттар қайда немесе кімнің иелігінде кетуі мүмкін деген сауалдар туындаған болатын. Ал оның жауабын іздеген тәуелсіз басылымдар бұл іске ірі лауазымды бірқатар шенеуніктің де қатысы бар болуы мүмкін деген болжамдарын келтірген-ді.

ҮЗДІК МИЛИЦИОНЕР – ШАЛАЕВ, «РАХАТГЕЙТ» ПЕН САЛТАНБЕКОВ

Өскемендегі тергеу абақтысында отырғандардың бірі полковник Дәрібай Шалаевтың қалай сотталғандығы да қоғамның есінде болар. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД-нің, кейін Түркістанның ішкі істер басқармасының бастығы қызметін атқарған Шалаев 50 жасқа келгенде 2006-шы жылы наурызда есірткі саудасымен айналысқан деген айыппен 17 жылға сотталды.
Полковник Дәрібай Шалаев тергеу абақтысында күзетшілермен бірге. (Сурет "ОКО" республикалық газетінен алынды).


Ішкі істер саласында 28 жыл қызмет еткен Шалаев кезінде Қазақстанда «милицияның ең үздік шұғыл қызметкері» атанғандығын, «Тайсон» деген атпен белгілі қылмыстық дөкейді ұстағаны үшін ерекше көзге түскендігін айта кету керек. Ақыр соңында ҰҚК-нің қызметкерлері оның меншігінен төрт келі героин және заңсыз тапанша тауып, 2005 жылы қарашада қолына кісен салған.

Азаттық оқырмандары «Рахатгейт» ісі бойынша ұсталған Серік Салтанбеков туралы да білуі тиіс. Кезінде Павлодар облыстық қаржы полициясын басқарған Салтанбековті өткен жылдың жазында ҰҚК-нің қызметкерлері ұстап алып кеткеннен кейін оның қайда екендігін білмей туыстары ұзақ іздеп қалған болатын. Ақыр соңында полковниктің Астанада тергеу абақтысында отырғандығы анықталған-ды, енді міне сол Салтанбековтың Жалғызтөбедегі түрмеге осы жылы түскендігі жария болып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG