Accessibility links

«Храпунов ісімен» қаржы полициясының айналысып жатқаны белгілі болды


Виктор Храпунов, бұрынғы қазақстандық жоғары лауазымды шенеунік.

Виктор Храпунов, бұрынғы қазақстандық жоғары лауазымды шенеунік.

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Қазақстанның бас прокуратурасы растады.


Тамыздың 19-ы күні Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген бас прокурордың ресми өкілі Жандос Өмірәлиев істің қаржы полициясында тергеліп жатқанын айтты.

- Іс қаржы полициясында тергеліп жатыр. Тергеліп жатса, демек, қозғалғаны, - деді Жандос Өмірәлиев.

Әйтсе де, ол Храпуновқа қандай баптар бойынша айыптар тағылғаны туралы сұрақтарға жауап бере алмайтынын айтты. Бұл жөнінде қаржы полициясына да хабарласқан кезде еш жауап ала алмадық.

Храпуновтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жайлы әлсін-әлсін ақпараттар шығып отырғанмен, құқық қорғау орындары оны ресми түрде әлі растаған жоқ.
Іс қаржы полициясында тергеліп жатыр. Тергеліп жатса, демек, қозғалғаны.

Тамыз айының басында жергілікті ақпарат құралдарында «Храпунов ісінің» құпия екендігі жөнінде Алматы прокурорының орынбасары Тимур Сүлейменовтың мәлімдемесі жарияланған еді.

- Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 205-ші бапта жазылған талаптарға сәйкес, егер алдын-ала тергеу жұмыстары тергеу амалдарына кедергі келтірсе, онда оны қоғамға жаюға болмайды, - деген еді Тимур Сүлейменов.

Жергілікті ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сүйенсек, қаржы полициясы мамырдың 27-сі күні Виктор Храпуновтың үстінен «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғаған.
Виктор Храпунов 90-шы жылдардан бастап, әр түрлі лауазымды қызметтер атқарды.
2009 жылдың желтоқсан айында француздық «Билан» журналы Храпуновты Швейцариядағы ең дәулетті 300 адам санатына қосқан.

1997 – 2004 жыл аралығында Алматы қаласының әкімі, 2004-2007 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды.

Сол жылдың қаңтар мен қараша аралығында Қазақстанның төтенше жағдай министрі ретінде қызмет атқарды.

Ол 2007 жылдың қараша айында Алматы айналасындағы жер телімдерін «заңсыз бөліп беруге» байланысты отставкаға кетті.

Виктор Храпунов 2008 жылдан бері Швейцарияда тұрады. 2009 жылдың желтоқсан айында француздық «Билан» журналы оны Швейцариядағы ең дәулетті 300 адам санатына қосқан еді. Журналдағы мәліметтерге сенсек, 2009 жылы оның жеке дәулеті 300-400 миллион швейцар франкісіне (360-480 миллион АҚШ доллары) жеткен.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG