Accessibility links

Түркістанда студенттік қаржы дауы туды


ХҚТУ студентінің жарамсыз деп танылған ақы төлеу квитанциясы

ХҚТУ студентінің жарамсыз деп танылған ақы төлеу квитанциясы

Халықаралық қазақ-түрік университетінің жүзге жуық студенті «университет өкілдері төленген оқу ақысын жеп қойды» деп шағымданады. Оқу орны ақшаның заңды жолмен аударылмағанын айтады.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-курс студенті Мадина Құдайберген биылға дейін өзі ақылы бөлімінде оқып келген үш курстың оқу ақысы төленбегенін жақында естіп таң қалған. Ол Азаттыққа оқу орны өзіне «қыркүйектің 8-іне дейін үш жылдық ақыны төлемесе, университеттен шығарылатыны туралы ескерткенін» айтады.

«АҚЫСЫ ТӨЛЕНБЕСЕ, КЕЛЕСІ КУРСҚА ҚАЛАЙ КӨШКЕН?»

«Мен өзім 1 және 2-курсты университеттің Кентау қаласындағы филиалында бітіргем, ал 3-курсты филиал жабылғаннан кейін Түркістанда жалғастырғам. Оқу ақысын өзім оқитын кафедраның офис-менеджеріне апарып беріп отырғам. Ол кісі квитанция берген жоқ. Олар бухгалтериямен келісіп, ақшамызды ортадан жеп отырғанға ұқсайды. Енді үш жылдық оқу ақысы -640 мың теңгені аз уақыт ішінде таба алмаймын. Деканат ақымызды «әлгі офис-менеджермен соттасып өндіріп алсаңдар да, бірдеңе етіп қыркүйектің 8-іне дейін төлеңдер» деп талап етті» деп уайымдайды Мадина Құдайберген.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралыұ қазақ-түрік университетінің 4-ші курс студенті Мадина Құдайберген. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралыұ қазақ-түрік университетінің 4-ші курс студенті Мадина Құдайберген. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Университетте қазір Мадина сияқты осындай түсініксіз жайтқа тап болып, оқудан қуылар алдында тұрған жүзге жуық студент бар. Олардың ішінде оқу ақысын төлегені туралы квитанция алғандар да қаржы аударғанын дәлелдей алмай жүр.

Сондай «қарыз» студенттердің бірінің ағасы Серік Манамбаев кезінде туысы үшін оқу ақысын төлегені үшін университет берген квитанцияның қолдан жасалған екені анықталғанын айтады.

«Келісім-шарт бойынша егер оқу ақысы төленбесе, курсқа көшіру тұрмақ студенттер емтиханға жіберілмейді. Ал бұл жерде студенттің курстан курсқа көшірілгені жайында сынақ кітапшасында деканның мөрі бар, қолы бар, бұйрық шығарылған. Үш курс бойы бұлар оқып келеді де, енді 4-ші курсқа келгенде сендердің бұған дейінгі 3 курс оқу ақысы төленбеген деп отыр» дейді Серік Манамбаев.

«ЖАҚСЫ ЕМЕС ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР»

Студенттердің бұл мәселе бойынша университет ректорымен кездеспек болған әрекеттерінен түк шықпаған. Олар «университет қызметкерлері ақшаны қымқырып, жеп қойған» деп болжайды. Азаттық тілшісі сөйлескен оқуларын жалғастыра алмай қаламыз ба деп уайымдап жүрген халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері «оқу ақысын төледік, біздің не кінәміз бар» деп дал.

Азаттық тілшісі бұл мәселе туралы оқу орнының басшылығынан комментарий сұрады. Университет өкілдерінің айтуынша, әу баста ақылы оқуға түскен студенттерге қаржыны заңды түрде университеттің банк есеп-шотына аударудың заңды жолдары түсіндіріледі. Алайда кейбір студенттер «белгісіз себептермен бұл заңды жолды аттап өтіп, университет қызметкерлеріне (деканат методистері мен кафедра офис-менеджерлеріне) ақшаны ұстата салып», осындай қиындыққа тап болып отыр.

Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Берік Ахметов «ақша жеу» фактісін растайды. Оның айтуынша, бұл мәселеге байланысты көктем айларында ішкі комиссия құрылып, тексеру жасалған. Соның нәтижесінде «жақсы емес оқытушылар анықталған».

«Көп жағдайда ақылы бөлім студенттері қаржыны қолма-қол ақша күйінде берген. Олардың кейбіріне растайтын квитанция берілген, кейбіріне берілмеген. Шын мәнінде көбі университеттің банк есеп-шотына ақша құймай, деканат пен кафедра қызметкерлерінің қолына ұстатып кеткен. Ал қызметкерлер ол ақшаны кейде университеттің банк есеп-шотына құйған, кейде басқа жаққа жұмсаған. Сондықтан біз осы есеп-шоттарға түскен ақшаны тексеріп, тексеру нәтижесінде «жақсы емес» қызметкерлер барын айқындап, қаржы полициясы мен прокуратураға шағымдандық, материалдарды өткізгенбіз. Қорытындысын күтіп отырмыз» дейді ол.

Проректордың сөзінше, мұндай проблемаға кезіккен жүзге жуық студент бар, олардың кейбірін қаржы мәселесіне жауапты деканат қызметкерлері «қарыз» ретінде көрсетіп, курстан-курсқа көшіріп келген. Қазіргі кезде «ақшасы желінген» студенттерге университет құқыққорғау органдарына хабарласуға кеңес берген. Әйткенмен оқу орны есеп-шотына заңды жолмен қаржы аудармаған студенттердің оқудан шығарылатынын хабарлады.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінде 7500-ге жуық студент оқиды.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG