Accessibility links

Балалар үйінде жұрттың өрттен кейінгі көмегін орынсыз санайды


Алматыдағы №1 балалар үйінің өртеніп кеткен ғимараты. 23 қараша 2016 жыл.

Алматыдағы №1 балалар үйінің өртеніп кеткен ғимараты. 23 қараша 2016 жыл.

Осы аптада болған өрттен кейін Алматы қаласының кей тұрғындары №1 балалар үйі тәрбиеленушілеріне көмек керек деген постты оқып, балаларға жылы киім-кешек пен азық-түлік апарып жатыр. Бірақ балалар үйі өкілдері «көмек сұраған жоқпыз әрі оның қажеті жоқ» дейді.

Қарашаның 21-і түнгі сағат 11-де Алматыдағы №1 балалар үйі корпустарының бірінің ғимаратында өрт шықты. Екінші қабаттағы бөлме өртенген. Сосын өрт үшінші қабатқа жайылып, кейін шатырды шалған. Өрт сөндірушілер өртті түн ортасына қарай сөндірген. Алматы қалалық төтенше жағдайлар депатраменті (ТЖД) өкілі Сандуғаш Баймұхамбетованың хабарлауынша, өртті сөндіру кезінде 161 бала мен 12 қызметкер қауіпсіз орынға көшірілген.

12 жастағы төрт бала ауруханаға түскен, бірақ оларды күйік шалмаған. Олар биіктен құлаған кезде жарақат алған. Төртеуі өрттен қашып, терезеден секіріп кеткен. Балалардың жағдайы туралы комментарий берген Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Нұржан Исабеков:

- Зардап шеккен қыз баланың кеуде омыртқасы сынған. Үшеуінің ішіне зақым келген. Оның екеуінің жарақаты ішінде, белдеріне зақым келген, - дейді.

Зардап шеккен балалардың үшеуін жуырда ауруханадан шығармақ. Балалар үйі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгерім Мақсұтованың Азаттыққа айтуынша, балаларды өртенген ғимараттан көрші корпусқа көшірген. Оның сөзінше, өрттен кейін балалардыжұрттың көп жиналуы шошытқан.

Алматыдағы №1 балалар үйінің жатын бөлмесі. 23 қараша 2016 жыл.

Алматыдағы №1 балалар үйінің жатын бөлмесі. 23 қараша 2016 жыл.

- Әлеуметтік желілерде көмек сұраған постқа жұрттың бұлай үн қатқанына әрине қуанамыз, бірақ жалған ақпарат тараған. Біздің балалар жылы киім-кешек пен азық-түлікке мұқтаж емес. Оларда бәрі бар! Асхана қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, корпустардың іші жылы. Балаларды өртенген корпустан екіншісіне көшірдік. Балаларды орналастыруға бөлмелер жетеді, - деп түсіндірді Айгерім Мақсұтова Азаттыққа.

Өртенген ғимараттың бірінші қабатында қызметкерлер күнделікті жұмысымен айналысып жатыр, екінші қабат жақтан жөндеу жұмыстарының үні естіледі. Мекеме әкімшілігінде келушілерді директор Гүлмира Қондыбаева ғана емес, Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанна Сүлейменова да қабылдап жатыр. Оның сөзінше, балалар үйіндегі өрттен кейін ыңғайсыз жағдай қалыптасқан. Балалар үйі басшылығының айтуынша, алматылықтар интернет арқылы тараған жалған ақпаратқа алданып қалған.

Енжарлық танытпай бірден көмекке ұмтылған жандарға иіліп тағзым еткеннен өзге айтарым жоқ, бірақ, өкінішке қарай, олар алданып қалған.

- Енжарлық танытпай бірден көмекке ұмтылған жандарға иіліп тағзым еткеннен өзге айтарым жоқ, бірақ, өкінішке қарай, олар алданып қалған. Мұндағы балаларға тамаша жағдай жасалған. Өрт болды, бірақ бақытымызға орай, бәрі аман, - дейді Жанна Сүлейменова Азаттыққа.

Өрт болған күннің ертеңінде интернетте балалар үйі тәрбиеленушілеріне жылы киім-кешек керек деген ақпарат тарады. Байланыс телефондарының ішінде Анастасия (бойжеткен жеке себептермен аты-жөнін толық айтудан бас тартты) деген еріктінің де телефон нөмірі көрсетілген.

- Ондай жазбаны таратқан жоқпын. Әлеуметтік желілердегі аккаунттарымда«Карапуз» тобындағы сәбилер үшін заттар жинаумен айналыспайтынымды жазғанмын. Біріншіден, балалардың жасы дұрыс көрсетілмеген, екіншіден, мен балалар үйінің өкілі емес, жай ғана еріктімін. Әлгі балалар үйімен достасып кеткенмін, ақшам мен уақытыма қарай шамам келгенше көмектесемін, - дейді Анастасия Азаттыққа.

Бойжеткеннің пікірінше, жұрт әлгі жалған постқа алданып қана емес, өрт шыққанын естігенде шын ниетімен көмекке ұмтылған.

Мүмкін, әлгі ақпаратты біреулер ойланбай таратқан шығар. Қалада мұқтаж жандарға көмек жинауға арналған қайырымдылық қоймалары бар. Балалар үйіне бірдеңе керек болса, қоймалар балаларға қажеттің бәрін жинап еді.

- Меніңше, әлдебір бақытсыздық кезінде адамдардың көмекке ұмтылуықалыпты реакция. Бұл – жұрттың бауырмалдығы . Мүмкін, әлгі ақпаратты біреулер ойланбай таратқан шығар. Қалада мұқтаж жандарға көмек жинауға арналған қайырымдылық қоймалары бар. Балалар үйіне бірдеңе керек болса, қоймалар балаларға қажеттің бәрін жинап еді. Бірақ меніңше, балалар өрттен емес, сырттағы қарақұрым халықтан көбірек қорыққан сияқты, - дейді ол.

Жалған аккаунттар мен жалған жаңалық, посттар әлеуметтік желілерде заңды құбылысқа айналды. Бірақ көпшілік пікірі Алматыдағы №1 балалар үйіндегі өрттен кейін тараған парақша жалған болуы мүмкін, бірақ жұрт шын пейілімен бауырмалдық танытып, көмектесті дегенге саяды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG