Accessibility links

SCAT ұшағының өртенуіне қатысты тергеу басталды


SCAT әуе компаниясы ұшағының өртеніп жатқан сәті. Ақтау әуежайы, 16 маусым 2015 жыл. Сурет авторы - Марат Мейіров.

SCAT әуе компаниясы ұшағының өртеніп жатқан сәті. Ақтау әуежайы, 16 маусым 2015 жыл. Сурет авторы - Марат Мейіров.

Ақтауда SCAT ұшағының өртенуіне қатысты тергеу басталды. Компания бұған дейін әлемдегі ең қауіпті әуе компаниялары тізіміне енгізілген еді.

Қазақстанның бас көлік прокуратурасы маусымның 17-cі күні "Ақтауда SCAT әуе компаниясы ұшағының өртенуіне қатысты Маңғыстау облыстық прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады" деп хабарлады.

Маусымның 16-сы күні кешке Ақтау әуежайында Астанадан DV742 рейсімен ұшып келген SCAT компаниясының "Боинг-737-300" жолаушылар ұшағы техникалық қызмет көрсету, атап айтқанда оттегі баллонын толтыру кезінде өртенген. Өрт басталмай тұрып ұшақтан жолаушылар мен барлық жүкті түсіріп үлгерген. Өрт сол күні сағат 20:29-да өшірілген.

SCAT компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі Виктория Ульянова Азаттық тілшісіне:

- Өрт кезіндегі стресстен біздің компанияның бір қызметкерінің қан қысымы көтеріліп, ауруханаға түсті. Барлық қажетті процедуралар жасалып, қазір денсаулығы қалпына келді, - деді.

Ақтау әуежайының директоры Ерғазы Жолдасов. 17 маусым 2015 жыл.

Ақтау әуежайының директоры Ерғазы Жолдасов. 17 маусым 2015 жыл.

Ақтау халықаралық әуежайы директоры Ерғазы Жолдасовтың Азаттыққа айтуынша, ұшақ салонындағы 123 жолаушы түсіріліп, олардың салмағы 1588 кг болатын жүктері тасымалданып бола бергенде ұшақтың жүк салынатын артқы жақтағы бөлігінен, сол жердегі оттегі баллондарын толтыру кезінде шыққан. Ұшақ өртін әуежайдың өрт сөндірушілері өз күшімен сөндірген.

- SCAT әуе компаниясының инженерінің қолын күйік шалды, басқа адам шығыны болған жоқ. Өртті әуежай өрт сөндірушілері өз күштерімен сөндірді. Өрт оның қанатына жайылып үлгермеді, егер олай болғанда сөндіру мүмкін болмайтын еді, - дейді Ерғазы Жолдасов.

Әуежай директоры ұшақ "үлкен деформацияға ұшырағандықтан" қалпына келтіру мүмкін емес деп санайды.

-Нақты материалдық шығындарды азаматтық авиация комитетінен келетін комиссия анықтайды. Өрттен әуежайдың телескопиялық трапының есік, терезесін күйік шалды, құрал-саймандары істен шықты, - деді Жолдасов.

Ақтау халықаралық әуе жайы директорының пайымдауынша, әуе компанияларындағы төтенше жағдайлардың жиілеп кетуіне негізінен адам факторы себеп болуы мүмкін.

-Халықаралық стандарттарды дұрыс меңгермегендіктен туындайды. Оны толық түсінуге тілдік кедергінің болуы да, кәсіби деңгейдің төмендігі де әсер етеді, - деді ол.

Инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, ұшақтың алдыңғы бөлігі - ұшқыштар кабинасы мен жолаушылар салоны арасы жанып кеткен. Ұшақ жөндеуге келмейді деп танылған.

Прокуратура ұшақ өртіне қатысты "әуе көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы" бабы бойынша іс қозғаған.

Биылғы жылдың басында Airlineratings.com сайты SCAT компаниясын әлемдегі ең қауіпті әуе компаниялары тізіміне енгізген.

2013 жылы қаңтардың 29-ы күні Алматы маңында SCAT компаниясына тиесілі Көкшетау-Алматы бағытымен ұшып келе жатқан Challenger-200 ұшағы құлап, борттағы 5 экипаж мүшесі мен 16 жолаушы опат болған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG