Accessibility links

Көкпарға серке емес, тұлып тарту айтыла бастады


Көкпардан Азия чемпионатында Қазақстан және Ресей көкпаршыларының кездесуі. Қазақстандық көкпаршы серкені мәреге жеткізді. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.
Көкпардан Азия чемпионатында Қазақстан және Ресей көкпаршыларының кездесуі. Қазақстандық көкпаршы серкені мәреге жеткізді. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.

Орталық Азия елдеріне әртүрлі атпен танымал көкпарда сойылған тұтас серкеш тартылады. Бірақ кейінгі кездері бұл дәстүрдің этикалық жағы да қозғала бастады.

Орталық Азиядағы көкпар мен құс салып, аң аулау сияқты ұлттық спорт түрі болып саналатын жарыстардағы «қатыгез көріністерге» қатысты аракідік жануарлар құқығын қорғаушылар наразылық танытып жатады. Ал дәстүрлі ойын жақтаушылары басында мұндай сынға үзілді-кесілді қарсы шыққандарымен соңғы уақытта кейбір халықаралық этикалық нормаларды ескеріп, ережені жетілдіруге мақұл екендерін білдіре бастады.

Астанада қыркүйектің 11-і күні басталған көкпардан алғашқы Азия чемпионатына Қытайдың Іле өлкесінен келген жаттықтырушы Жұмай Тұрсынның айтуынша, өз елінде көкпарға әлі күнге дейін серке тартады.

– 1984 жылдан бері осындай ережеге түсірілді. Содан бері, ауыл, аудан, облыс, жалпы, мемлекет бойынша нақтылы ережеге бекітіліп, сол бойынша көкпарға серке тартылады, – дейді Жұмай Тұрсын.

«ОДАНША ЕТІН АШТАРҒА БЕРМЕЙСІҢДЕР МЕ?»

Чемпионатқа Түркиядан келген көкпаршы Борхон Қорғолбайдың айтуынша, қазір ол елде көкпарға серке тартылмайды.

Көкпардан Азия чемпионатына Түркиядан келген көкпаршы Борхон Қорғолбай. Астана, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Көкпардан Азия чемпионатына Түркиядан келген көкпаршы Борхон Қорғолбай. Астана, 11 қыркүйек 2013 жыл.
– Серкенің өзін тартып жүргенімізде, «Оданша бұл серкені сойып, тамақ таба алмай отырғандарға бермейсіңдер ме?» деп жергілікті халық арасында бізді сынағандар болды. Сосын біз серкені сойғаннан кейін етін алып, ішіне сабан салатын болдық. Қазір Түркияда көкпар ойындарында ішіне сабан салынған серкенің тұлыбын тартады, – дейді 30 жыл бұрын Түркияға қоныс аударған ұлты қырғыз Борхон Қорғолбай.

Ол көкпардан Түркия құрамасының сапында жүрген 14 адамның сегізі қырғыз екенін айтты. Борхон Қорғолбайдың сөзінше, ол елде спорттың бұл түріне қызығушылар көбейіп, арнайы стадиондар да салынған.

СЕРКЕНІҢ ОРНЫН ТҰЛЫП БАСПАҚ

Астанада өтіп жатқан көкпардан алғашқы Азия чемпионатын ұйымдастырушылардың бірі Бекболат Тілеуханның айтуынша, алдағы уақытта Қазақстанда да серкенің орнын тұлып басуы ықтимал.

– Осыған байланысты қазір ақылдасып жатырмыз. Бұған дейін тараздық өнертапқыш серкенің орнына қолдану үшін былғары теріден тұлып жасаған. Алайда ол икемсіз. Одан басқа да жасалып жатқан тұлыптар бар. Алайда олар да ойдан шығып жатқан жоқ. Тері деген ұстағанда тартылуы керек, – дейді ол.

Көкпардан алғашқы Азия чемпионатын ұйымдастырушылардың бірі Бекболат Тілеухан. Астана, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Көкпардан алғашқы Азия чемпионатын ұйымдастырушылардың бірі Бекболат Тілеухан. Астана, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Астанада 11-15 қыркүйек аралығында өтетін көкпардан Ашық Азия чемпионатына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Қытай, Түркия, Ауғанстан, Тәжікстаннан 108 көкпаршы қатысып жатыр. Бірінші орын алған топ – 10 миллион теңге, екінші орын иесі – 6 миллион теңге, ал үшінші орын алған команда 4 миллион теңге алады.

Көкпар чемпионатын ұйымдастырушылар бұл жарыс екі жылда бір рет өтіп тұрады деп мәлімдеді.

Орталық Азия елдерінде кең тараған көкпар ойыны кезінде топқа бөлінген қатысушылар ортаға тасталған ешкі түлігіне (серкеш, я лақ) ат үстінен таласады. Тушаны көптің қолынан жұлып әкетіп, оза шауып шыққан топ жеңімпаз атанады. Зерттеушілер қазақ арасындағы көкпардың шығу тегіне қатысты кезінде әлеуметтік мәні болған әскери машықтың бір түрі деген пікір айтады.

Астанадағы көкпардың кейбір көріністерін мына видеодан көре аласыз:
Астанадағы көкпар
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:21 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG