Accessibility links

Алматыдағы 1 мамыр мейрамы полициямен қақтығыспен аяқталды


Полиция мен жиынға қатысушылар арасындағы тартыс. Алматы, 1 мамыр, 2010 жыл.

Полиция мен жиынға қатысушылар арасындағы тартыс. Алматы, 1 мамыр, 2010 жыл.

"Алға" партиясының кеңсесі алдындағы оппозициялық ұйымдардың 1 мамыр жиыны полициямен қақтығыспен және қатысушылардың бірқатарын тұтқындауларға жалғасты. Ал қарапайым жұрттың бірқатары саябақтарда мерекелік шараларда жүрді.

Билік Алматының орталық алаңдарының бірінде митинг өткізуге рұқсат бермегендіктен Демократиялық қауымдастық республикалық жиынды жекеменшік территорияда өткізуге мәжбүр болған-ды.

Демократиялық қауымдастықтың республикалық жиналысын "Халық билігі" блогы ұйымдастырып, өткізді. "Республика" басылымы веб-сайтының хабарлауынша жиынға "Алға" және Қазақстанның коммунистік партиясынан, сондай-ақ 30-дан астам қоғамдық ұйымның 500-ге тарта делегат қатысқан.

Жиын соңынан оған қатысқан жүздеген адам орталық көшемен жүріп өтпекші болғанда кеңсені үш қатар болып қоршаған полиция артқы есіктен шығуларын талап етіп, соның салдарынан екі жақ қақтығысып қалған. Полиция қоғамдық белсенді Жасарал Қуанышәліні ұстауға әрекеттенгенде, ондағы адамдар жетекшілерін тұтқындап алып кетуге жол бермей, ара түскен. Дегенмен де оппозиция жиналысына қатысушылардың бірнешеуі ұсталған, олардың арасында "Республика" газетінің журналисі Жанна Байтелова да болған.

Жиынға қатысқандардың оншақтысы 28 панфиловшылар атындағы паркке дейін жетіп, фашистік Германияның тізе бүккеніне 65 жыл толуына арналған көпшілік мерекелік шараларына қосылған.

"Алға" партиясының кеңсесінде белсенділердің бірнешеуі қалған, олардың арасындағы Жасарал Қуанышәлі мен Ермек Нарымбаевтың наразылық ретінде аштық жариялағандығы белгілі болды. Олардың қандай талапты алға тартып отырғандығы әзір бізге анық емес.

Алматыдағы 1 мамыр оқиғаларының егжей-тегжейі туралы кеңейтілген репортажды сәлден кейін біздің сайтымыздан толық оқи алатын боласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG