Accessibility links

Назарбаевтың үздіксіз президенттігіне 25 жыл толды


Ерік Асанбаев (сол жақта) және Серікболсын Әбділдин Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі төралқасында отыр. Мінберде - Нұрсұлтан Назарбаев. Сурет «Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 1992-1993» кітабынан алынды.

Ерік Асанбаев (сол жақта) және Серікболсын Әбділдин Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі төралқасында отыр. Мінберде - Нұрсұлтан Назарбаев. Сурет «Нурсултан Назарбаев. Хроника деятельности. 1992-1993» кітабынан алынды.

25 жыл бұрын, 1990 жылы сәуірдің 24-і Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-інің президенті болып сайланды. Бірақ, Қазақстанда тұңғыш президент күні ретінде 1991 жылдың 1 желтоқсаны аталады.

ЖОҒАРҒЫ СОВЕТТЕГІ САЙЛАУ

1990 жылы наурыздың 15-іне СССР-де алғаш рет президенттік институт енгізіліп, сол кездегі одақ жоғарғы советінің төрағасы, компартия орталық комитетінің бас хатшысы Михаил Горбачев СССР президенті болып сайланды. Осыдан кейін Қазақстанда да президент институтын енгізу туралы бастама көтерілді. Бұл кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның бірінші хатшысы болып сайланғанына он ай болған еді. Баспасөз бетінде «президент – егемендік кепілі» дейтін жұмысшылар мен интеллигенцияның және түрлі ұжымдардың ұсыныстары жиі жарияланды.

Көп ұзамай, сәуірдің 12-іне «Қазақ ССР президенті қызметін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жарияланып, талқылауға ұсынылды. Арада екі апта өтісімен, сәуірдің 24-іне жоғарғы советтің сессиясы өтіп, сол күні заң қабылданып, Қазақ ССР президентін сайлады. Сөйтіп Нұрсұлтан Назарбаев өзі басқаратын жоғарғы советте өзі президент болып сайланды.

1990 жылғы 25 сәуірде шыққан "Социалистік Қазақстан" газетінің көшірмесі.

1990 жылғы 25 сәуірде шыққан "Социалистік Қазақстан" газетінің көшірмесі.

Қазақстан компартиясы орталық комитетінің пленумы туралы ресми ақпаратта «Қазақ ССР президенті қызметіне кандидат ұсыну туралы мәселе қарап, жасырын дауыс беру бюллетеніне бірінші хатшы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасы енгізіліп, оның бірауыздан қолдау тапқаны» айтылған. Сол кездегі баспасөз бетінде жарияланған деректерге қарағанда «халық депутаттары тарапынан кейде түсіністікпен, кейде айтыс-тартыспен өткен отырыс сағат тілі түнгі онға таяғанда аяқталып, Қазақ ССР-інің тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаевтың сайланғаны жарияланған».

Осы оқиға туралы «Социалистік Қазақстан» газеті «Көп ұлтты республикамыздағы барша адамдарына өмірбаянының әр жолы етене таныс Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сол бір сәтте үлкен тебіреніс үстінде тұрғанын Жоғарғы Советтің мәжіліс залында бас қосқан халық депутаттары ғана емес, теледидар арқылы бүкіл халық көрді. 1990 жылдың 24 сәуірі – республика тарихына айрықша қастерлі күн болып енеді» деп жазды.

Осы саяси оқиғадан кейін баспасөзде «Қазақстанның тұңғыш президенті» дейтін тұрақты тіркес пайда болды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ширек ғасыр үздіксіз президент

«ЖАЛАУЫМЫЗ – ҚЫЗЫЛ, МАҚСАТЫМЫЗ – СОЦИАЛИЗМ»

Сол күнгі пленум СССР және Қазақ ССР гимндерімен ашылды. Пленумға Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті. Жиында «Қазақ ССР президентін тағайындау және Қазақ ССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралған.

Алдын-ала баспасөзде талқыланған заңда президенттің бес жылға сайланатыны көрсетілген. Бірақ, заң жобасын депутаттарға түсіндірген депутат Сұлтан Сартаевтың айтуынша, тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы мерзімі 6 жылға созылған. Сұлтан Сартаев оны «президент сайлауын жоғарғы совет депутаттарын сайлаумен қатар келтірмес үшін жасалған» деп түсіндірген.

Қазақ ССР-і президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. 1990 жыл.

Қазақ ССР-і президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен СССР президенті Михаил Горбачев. 1990 жыл.

Қазақ ССР президенті туралы конституциялық заңда «Президенттік билікті теріс пайдалану мүмкіндігіне жол бермейтін тежеу мен қарсы тұтқа жөнінде» бірнеше бап арналған. Ол заңда «Президент болып Қазақ ССР-інің 35 жасқа толған және 65 жастан аспаған, Қазақ ССР территориясында 10 жыл тұрақты тұратын азаматы сайлана алады. Бір адам қатарынан екі мерзімнен астам Президент бола алмайды» деп атап көрсетілген.

Сұлтан Сартаевтың түсіндіруінше, президенттік билікке күшті қарсы тұтқа ретінде Қазақ ССР Конституциялық қадағалау комитеті құрылған. Ол президент жарлықтарының Конституцияға және заңдарға сәйкес келуі тұрғысынан оларға бақылау жасауы тиіс. Жоғарғы советтің ерекше өкілеттіктері де Қазақ ССР президенті қызметінің шептерін айқындауы тиіс болған.

Президент болып сайланысымен Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар алдына сөз сөйлеп, «Одақтас республиканың СССР-дан шығуына байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» СССР заңы туралы айтқан.

– Бұл заң ертең-ақ Одақтан шығу правосын жүзеге асыру туралы мәселе туа қалатынын әсте білдірмейді, біздің жалауымыз қызыл, біздің мақсатымыз – осы сөздің лениндік ұғымындағы ізгілікті социализм болғанын және болып қала беретінін біз тағы да барынша бекемдікпен әрі жауапкершілікпен мәлімдейміз, - деді Назарбаев өз баяндамасында.

Назарбаев өзінің президент ретіндегі алғаш жасаған осы баяндамасында «әлдебір демагогтар компартияны қоғамдағы басшылық рөлден аластату туралы әңгімелер айтып, адамдарды адастырып отырғанын» да айтып өткен.

«ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ – 24 СӘУІР»

Азаттық тілшісі 1990 жылы Қазақ ССР президентін сайлау процесіне қатысқан, сол кездегі Жоғарғы совет депутаты Серікболсын Әбділдиннен тұңғыш президент сайлауы кезіндегі саяси атмосфера қалай болғаны жайлы сұраған еді.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы декларацияға қол қою рәсіміне қатысқан мемлекеттер басшылары. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы декларацияға қол қою рәсіміне қатысқан мемлекеттер басшылары. Алматы, 21 желтоқсан 1991 жыл.

– Пленумның күн тәртібіне сол кездегі президиум төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев елде президенттік институт енгізу керек деді. Өз алдына жеке заң қабылдауға мұрша болмады. Сондықтан Қазақ ССР-і Конституциясына өзгеріс енгізу керек болды. Көптеген айтыс, тартыс өтті. Содан кейін президент сайлау түнге қалды. Кей депутаттар шаршағанын білдіріп, «кейінге қалдырайық, баламалы сайлау өткізейік» деген сөзіне Назарбаев көнбеді. Сөйтіп сағат онға дейін жұмыс істеп Назарбаевты сайладық,- дейді ол.

Серікболсын Әбділдиннің айтуынша «президенттікке балама кандидатура ұсыну мәселесін көтерген жиырмаға жуық депутат Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы дауыс берген. Оның сөзінше, СССР президенті Михаил Горбачев жариялаған жариялылықтан кейін республикада демократиялық бағытқа көшуді қолдаушылар көбейгенімен билікке қарсы оппозиция болмаған. Сол себепті «Қазақстанда коммунистер биліктен кетуі тиіс» дейтін ашық ұрандар да айтылмаған.

Бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің төрағасы, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Бұрынғы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің төрағасы, оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин.

Қазіргі уақытта желтоқсанның бірі – Қазақстанның тұңғыш президенті күні ретінде атап өтіледі. Бірақ, 1990 жылы 24 сәуірде парламенттегі президент сайлауына қатысқан Серікболсын Әбділдин Қазақстан президенттік институт енгізілген сәуірдің 24-ін тұңғыш президент күні деп санайды.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы желтоқсанның бірінде жалпыхалықтық сайлауда қайта сайланды. 1995 жылы сәуірдің 29-ына референдум арқылы өз өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзартты. Одан кейін, 1999 жылы, 2005 жылы және 2011 жылы өткен сайлауларда (екеуі - мерзімінен бұрын өткен) тағы да президент болып сайланды. Биыл 75 жасқа толатын Назарбаев сәуірдің 26-сында өтетін кезектен тыс президент сайлауына тағы да қатысады.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG