Accessibility links

«Тұңғыш президент қорының» мәртебесі «Елбасымен» теңесті


Түркістандағы Қазақ-түрік университетінің музейіндегі Назарбаев бюсті. Суретті Асылхан Әбдірайым түсірген.
Түркістандағы Қазақ-түрік университетінің музейіндегі Назарбаев бюсті. Суретті Асылхан Әбдірайым түсірген.

«Елбасы туралы» заңға сәйкес, президент пен оның отбасы мүшелеріне тиесілі барлық мүлікке ешкімнің тиісуге құқығы жоқ. Енді мұндай мүлік иесі қатарына «Тұңғыш президент қоры» да қосылды.

Қазақстан республикасының 2013 жылы 3 шілдедегі заңы бойынша, «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы туралы» заңының үшінші бабының екінші және үшінші тармақтары былай өзгерді:

«Қол сұғылмау мәртебесі Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасыға және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне меншік ретінде тиесілі барлық мүліктерге, олар кәдеге жарататын тұрғын және қызметтік ғимараттарға, қызметтік көлікке, байланыс құралына, оларға тиесілі құжаттарға беріледі. Қол сұғылмау мәртебесі Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы қорына тиесілі мүліктерге де беріледі».

Бұл заң бойынша, «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, оның қорының мүлкіне ешқандай шектеу қойылмайды».

Заңдағы өзгерістерге президент Нұрсұлтан Назарбаев шілде айының басында қол қойған, бірақ ол тек осы аптада ғана белгілі болды.

«БҰЛ ҰЙЫМДАР АРТЫҚШЫЛЫҚҚА ИЕ БОЛА АЛМАЙДЫ»

«Курсив» газетінің жазуынша, жалғыз құрылтайшысы президент Назарбаев болғанымен, оның қызы Дариға Назарбаева жетекшілік ететін «Тұңғыш президент қорының» «қол сұғылмайтын мүліктері» қатарына «АБК Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), «Фонд-Инвест» мүліктерін басқару басқармасы» ЖШС, «Kazakhstan Today» агенттігі тәрізді ұйымдар енген.

Қазақстан тұңғыш президентінің Астанадағы музейі.
Қазақстан тұңғыш президентінің Астанадағы музейі.
Азаттық тілшісі «ерекше дәрежеге» ие болған ұйымдарға хабарласса да, олардың жауаптарын есту сәті түспеді. Мысалы, «Kazakhstan Today» агенттігіне хабарласқанымызда, телефон тұтқасын алған қыз «бұдан мүлдем бейхабар» екенін айтып, қайта хабарласуды өтінді. Бірақ екінші рет телефон шалғанда тұтқаны ешкім көтермеді.

Жоғарыда аты аталған ұйымдар «Елбасы туралы заңның» жеңілдіктерін көре ме деген сауалға қатысты заңгерлердің пікірі әртүрлі.

– Мен өзгерістерді көрдім. Бірақ одан аты аталған ұйымдарды таба алмадым. Сондықтан, менің ойымша, компаниялар бұл заңдағы артықшылықтарға ие бола алмайды. Себебі олар президент немесе оның отбасы мүшелеріне тиесілі емес – заңды тұлғалардың мүліктері. Тіпті бұл ұйымдар «Тұңғыш президент қорына» тиесілі болса да мүмкін емес, – дейді астаналық заңгер Антон Фабрый.

«ЕНДІ МҰНЫ ЗАҢМЕН БЕКІТУ ДҰРЫС ЕМЕС»

Ал заңгер Сергей Уткиннің пікірінше, бұл ұйымдардың құрылтайшысы «Тұңғыш президент қоры» болған жағдайда, олар «Елбасы туралы» заңның жеңілдіктерін көре алады.

Заңгер Сергей Уткин.
Заңгер Сергей Уткин.
– Заңда компаниялардың аты көрсетілмеген. Онда тек «Тұңғыш президент қоры» деген сөз бар және оған қоса «сол қорға тиесілі мүліктер» деген сөз бар. Меніңше, «Тұңғыш президент атындағы қор» осы ұйымдардың құрылтайшысы сияқты. Ондай жағдайда бұл ұйымдар заңның артықшылықтарын пайдалана алады, – дейді ол.

Ол жеке компаниялар арасында мұндай алалаудың болғанына қарсы.

– Жалпы ешкім «қол сұғылмайтын» дәрежесіне ие болмауы қажет. «Барлығы заң мен сот алдында тең» деген жалпы ереже бар. Бізде іс жүзінде «ешкім тиісе алмайтын» құрылымдар жетерлік. Оны бәрі де біледі. Олар қандай да бір үлкен адамдарға тиесілі. Оларға шынында да ешкім тиісе алмайды. Полиция да, салық органдары да. Онда кез-келген нәрсе болуы мүмкін. Енді мұны заң жүзінде бекіту дұрыс емес, – дейді заңгер Сергей Уткин.

«ПОСТНАЗАРБАЕВТЫҚ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ»

Тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың ойынша, «Елбасы туралы заңға» мұндай өзгерістердің енуі – Ақорданың «постназарбаевтық кезеңге дайындық жасауы».

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов.
Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов.
– Менің пайымдауымша, Ақордада «Икс» сағатына дайындық жүріп жатыр. Яғни сол сәт туғанда президент айналасындағы адамдардың меншіктеріне кепіл бола алмайды. Дәл сол төңірегіндегілер осы заңды қабылдауға ықпал етті. Яғни ертең билікке басқа адамдар келген жағдайда мүліктерінің белгілі бір бөлігін ешкім тартып ала алмайды. Әрине, [жаңа билікке келген] адамдар ол заңның күшін жоюы мүмкін. Бірақ оған уақыт керек. Бұл – сол ұйымдардағы ақшаны шетелге жіберуге керек уақыт, – дейді журналист Сергей Дуванов.

2000 жылы қабылданған Қазақстанның тұңғыш президенті туралы заңға 2010 жылы өзгерістер еніп, Қазақстан президенті заңды түрде «Елбасы» аталған еді. Бұл заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев «президент өкілетін атқарған кездегі әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылмайды», «оны ұстауға, қамауға, тінтуге, жеке сұрақтар бойынша тергеуге болмайды».

Бұл заң қабылданар тұста елдегі демократиялық күштер «заң конституция мен демократия принциптеріне қайшы, елдегі жеке басқа табынушылықты үдетеді» деп, оған қарсы шыққан. Бірақ «Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаған президентке Елбасы мәртебесін заңмен бекітіп беру қажет» деген депутаттар «бұл – халықтың қалауы» екенін айтқан.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG