Accessibility links

Президенттікке үміткер Уәлихан Қайсар тіл сынағынан өтпей қалды


Уәлихан Қайсар, президенттік сайлауға түсуге үміткер. Астана, 8 ақпан 2011 жыл

Уәлихан Қайсар, президенттік сайлауға түсуге үміткер. Астана, 8 ақпан 2011 жыл

Үміткерді сайлауға қатыстыру мәселесін енді орталық сайлау комиссиясы қарап, сәрсенбі күні шешімін жариялайды. Ал Уәлихан Қайсаров лингвистикалық комиссия Ақорданың тапсырмасын орындады деп санайды.


Сейсенбі, ақпанның 8-і күні Орталық сайлау комиссиясында президенттікке үміткер болуға өтініш берген «Кенесары хан» ұлттық тарихи-мәдени қорының президенті Уәлихан Қайсар мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін тексеру жөніндегі лингвистикалық комиссияның сынағынан өтпей қалды.

ЖАБЫҚ СЫНАҚ

Уәлихан Қайсардың айтуынша комиссияның қойып отырған талаптары тым қатал. Мәселен, 2005-і жылғы президент сайлауында сынаққа үш сағат уақыт берілген болса, биылғы кезектен тыс сайлаудың сынақ алу уақыты едәуір қысқартылып отыр.
Уәлихан Қайсар «Ел болашағы бүгіннен басталады» деген тақырыпты таңдап алды.

Үміткерлер қосымша уақытты пайдаланғанның өзінде бір жарым сағаттың ішінде лингвистикалық комиссияның алдында 15 минут сөз сөйлеп, қазақ классиктерінің шығармасынан үш бет оқып шығып, екі бет шығарма жазуы тиіс. Уәлихан Қайсар «Ел болашағы бүгіннен басталады» деген тақырыпты таңдап алды. Бұдан кейін лингвистикалық комиссия БАҚ өкілдерін сыртта күте тұруға шақырды да, сынақ жабық есік артында өтті.

АЛҒАШҚЫ ҮМІТКЕРДІҢ СЫНАҚТАН СҮРІНУІ

Уәлихан Қайсар өзіне берілген бір сағат уақыттың ішінде мемлекеттік тілді меңгеру жөніндегі сынақты тапсырып шыққанымен лингвистикалық комиссияның қорытындысын екі сағат күтуге тура келді. Кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков журналистерге Уәлихан Қайсардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне комиссияның көңілі толмайтынын жеткізді.
Мырзатай Жолдасбеков: Тақырыпқа байланысты бірқатар кемшіліктер орын алды.

Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес құрылған лингвистикалық комиссия президенттікке үміткер Уәлихан Әбішұлының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін айқындады. Үш кезеңнен тұрған сынаққа жабық белгіленген сұрақтар әзірленді. Сұрақтарды кандидаттың өзі таңдап алды. Жазба жұмысы бойынша президенттікке үміткер өзі таңдап алған тақырыпты аша алмады. Ойы шашыраңқы баяндалды. Ой жүйесінде сабақтастық жоқ. Шығарма авторы сөйлем құрауда көп қате жіберді, дейді лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков,

Оның айтуынша үміткер орфографиялық, пунктуациялық, стильдік кемшіліктерді өте көп жіберген. Мәселен орфографиялық қателер саны жетеу, пунктуациялық қателер он бір, стильдік қателер жиыны он. «Қысқасы бас-аяғы екі беттік жазба жұмысында жиырма сегіз қате табылды», - дейді лингвистикалық комиссия төрағасы.
Тақырып туралы түзу айтылмады. Әйтпесе, сіздер жақсы білесіздер, Қазақстан халықаралық ынтымақтастық аясында өзінің орнын айқындаған белгілі мемлекет.

Үміткер Уәлихан Қайсардың екінші тапсырма бойынша кітаптан оқыған мәтіні комиссияның көңіліне қоныпты. «Ол орташа деңгейде оқып шықты», дейді Мырзатай Жолдасбеков. Үшінші тапсырма «Халықаралық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан» деген еркін тақырып болыпты.

Осы тақырыпқа байланысты бірқатар кемшіліктер орын алды. Ең негізгісі тақырып ашылмады. Біздің үміткеріміз Қазақстанның ынтымақтастық аясындағы деңгейін анықтаудың орнына тіл туралы және өзге де басқа мәселелерге көбірек мән берді. Тақырып туралы түзу айтылмады. Әйтпесе, сіздер жақсы білесіздер, Қазақстан халықаралық ынтымақтастық аясында өзінің орнын айқындаған белгілі мемлекет, дейді лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.

«КОМИССИЯ АҚОРДАНЫҢ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАДЫ»

Президенттікке үміткер Уәлихан Қайсар лингвистикалық комиссияның шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. «Олар менің қазақ тілінде қалай сөйлейтініме қараған жоқ», - дейді ол.

Халықаралық ынтымақтастық туралы ашық жеткізіп айтқан жоқ деді. Айттым, бірақ менің ойымша бұл – саясат. Бұл – Ақордадан келген тапсырма, лингвистикалық комиссия соны орындап отыр, дейді президенттікке үміткер Уәлихан Қайсар.

СӘЛІМ ӨТЕН СЫНАҚҚА КЕЛМЕЙ ҚАЛДЫ

Уәлихан Қайсар өзге де үміткерлер сынақтан сүрінетін шығар деген пікір айтады. Сейсенбі күні алғашқы болып өзін өзі ұсынған үміткердің бірі Сәлім Өтен мемлекеттік тіл жөнінде сынақ тапсыру қажет болатын. Өйткені, ол ең бірінші болып 5 і ақпан күні өтініш түсірген еді.
Бүгін ол кісіге лингвистикалық комиссияға емтихан күні еді.

Бес күн ішінде біз оны (Сәлім Өтенді – ред.) Конституциялық заң талаптары бойынша тексеруіміз керек еді. Бүгін ол кісіге лингвистикалық комиссияға емтихан күні еді. Кеше мен өзім ол кісіге телефон арқылы хабарын бердім. Телефонмен сөйлескен кезде ол Ақтөбе қаласында жеке жұмыстарымен жүр екен. Ол бүгінге үлгермейтін болған соң басқа күні емтихан тапсыруға сұранды.

Біз енді ол кісіні күтеміз. Мүмкін ертең де келе алмайды. Келген жағдайда қайтадан өтініш жазуға мәжбүр болады, дейді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешев.

Сәрсенбі күні тағы бір үміткер «Жасыл әлем үшін» экологиялық қозғалысының жетекшісі Мұсағали Дуамбеков мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын сынақ тапсырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG