Accessibility links

Алғашқы ақылы жол қандай болмақ?


Жаңадан төселген "Астана-Бурабай" тас жолында ақы төлеу терминалдары орнатылып жатыр. Әзірше мамырдың соңына дейін көліктерді тегін өткізетін жолмен Азаттық тілшісі жүріп көрді.

Жалпы ұзындығы 220 шақырымдық "Астана-Бурабай" тас жолымен жүру үшін маусымның 1-інен бастап көліктер ақы төлеп арнайы талон алады. Талон қаладан шыға берістегі терминалда беріледі. Терминал құрылысы тәмамдалып қалған.

Мына суреттегі терминалға төленетін талон бағасы жолдың қашықтығына қарай әртүрлі болмақшы. Мысалы, тас жолды тұтас жүріп өтетін жеңіл көлік иесі 200 теңге төлейді. Ал жүк машиналары мен автобустар үшін орын саны мен жүк көтеру салмағына қарай түрліше тариф бекітілген.



Тас жолдың бойында орналасқан жақын қашықтықтағы елді мекендерге барушылар азырақ ақы төлейді. Мысалы Астанадан Шортандыға бару үшін 60 теңге, одан арырақ Ақкөлге барғысы келсе, 110 теңге төлейді. Ал осы тас жол бойында орналасқан ауылдардың тұрғындары бір-біріне тегін қатынайды.



Автобан 6 жолақтан тұрады. Үш жол ары, үш жол бері қарай. Жолдың сапасы жақсы. Алайда тақтайдай тегіс деп айтуға келмейді. Оны жоғары жылдамдықпен келе жатқан көліктің кей жерлерде қозғалақтап кететінінен аңғару қиын емес. Жүріп жатқан нөпір көлік жоқ. Алайда ызғытып қатты жүріп жатыр. Жол жиегіне жаңадан май құю бекеттері мен дәмханалар салына басталғаны байқалады.




Автобанның қос қапталында да көлік бұзылған жағдайға арнап жасалған жөндеу орындары бар. Дегенмен олардың аралары жақын емес. Жолдың екі жағы темір жақтаумен қоршалған. Шетіне шығу мүмкін емес. Сондықтан жөндеу орнына жете алмай бұзылып қалған көліктер жол бойында қалуға мәжбүр. Шортандыдан қайтып келе жатып, осындай жүк көлігін жолықтырдық. Иесі жүруге жарамсыз көлігін кілттеп, кетіп қалыпты.




Осы жолмен аптасына 2-3 мәрте жүретін Шортанды ауданына қарасты Новоселовка ауылының тұрғыны Елімбек Озат жолдың ақылы болуына қарсы емес. Ол: «Жаңа жол уақыт үнемдейді» дейді. Елімбектің пікірінше, ақылы жолға балама тегін жол салып шығындалу қажетсіз. Тек қысты күнгі борандарда жол бойын қар басып қалады. Биылғы қысты мысалға келтірген ол, ақылы жолды да дер кезінде тазалап отыру қажеттігін айтады.



Кейбір дамыған елдердегі сияқты ақылы жолға балама ретінде қасынан түсетін енсіздеу, бірақ тегін жол Астана мен Бурабай арасында жоқ. Бірақ жүргізушілер Қазақстандағы алғашқы ақылы жолды бастан-аяқ екі-ақ сағатта жүріп өтуге болатынын айтып риза.





2008 жылы парламент Қазақстанда қандай жолдардың ақылы болатыны туралы заң қабылдады. Ол бойынша, белгілі бір компания жол салу немесе жөндеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар меншіктеу құқығын байқау арқылы жеңіп алса, тендерге шығарылған жол 25 жылға жеңген компанияға жалға беріледі. Жалға беру мерзімі аяқталысымен жолдар мемлекетке қайтарылады. Бұл тәсіл арқылы үкімет бұл салаға қосымша қаржы тартпақ. 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстанның үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы бағдарламасы бойынша "Астана-Бурабай" бағытынан бөлек «Астана - Қарағанды», «Алматы - Қорғас», «Ташкент - Шымкент» (Жамбыл облысының шекарасы), «Алматы - Қапшағай», «Орал - Каменка» (Ресей шекарасы) жолдары да ақылы болуға тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG