Accessibility links

Қазақстан туын ұстайтын спортшының есімі жарияланды


Қазақстан туы. (Көрнекі сурет)

Қазақстан туы. (Көрнекі сурет)

Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру агенттігі Лондон олимпиадасында ту ұстайтын спортшының есімін жариялады. Ойындардың ашылу салтанатында Қазақстан байрағын балуан Нұрмахан Тінәлиев алып шығады.


Агенттіктің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсім Жәлелитдинова грек-рим күресінің шебері Нұрмахан Тінәлиев мемлекеттік туды Президент Назарбаевтың қолынан алатынын және олимпиаданың ашылу салтанатында ұстап шығатынын растады.

«Нұрмахан грек-рим күресінен әлем чемпионатында екі рет қола жүлде алған. Азия чемпионы. Оның кандидатурасы агенттікте бірден қолдау тапты» дейді Гүлсім Жәлелитдинова.
Лондон олимпиадасына баратын қазақстандық жанкүйерлерге арналған естелік-ауыстыру жалаушасы. Астана, 31 мамыр, 2012 жыл.

Лондон олимпиадасына баратын қазақстандық жанкүйерлерге арналған естелік-ауыстыру жалаушасы. Астана, 31 мамыр, 2012 жыл.


Спорт және дене шынықтыру агенттігі Лондон олимпиадасына баратын жанкүйерлердің атрибуттарын да жариялады.

Лондонға Қазақстан спортшыларын қолдауға баратындарға арналған ту, жанкүйерлердің жарыс кезінде алмасатын жалаушасы, бейсболка, футболка дайын. Барлығының түсі көк. Бәрінде «Алға Қазақстан» деген жазу бар. Бұл атрибуттар жанкүйерлерге олимпиада кезінде тегін таратылады.

Агенттік жанкүйерлер әнұранын да халық назарына ұсынды. «Алға Қазақстан! Біз жеңеміз!» деген әуеннің авторы Ескендір және Біржан Хасанғалиевтар. Әнұран қазақ және орыс тілдерінде орындалады.
Лондон олимпиадасына баратын қазақстандық жанкүйерлердің киетін футболкасы. Астана, 31 мамыр, 2012 жыл.

Лондон олимпиадасына баратын қазақстандық жанкүйерлердің киетін футболкасы. Астана, 31 мамыр, 2012 жыл.


Әуен авторларының бірі Біржан Хасанғалиев «Бұл әннің сөзін ақын Серік Қалиев жазды. Аудармашылар бір шумағын орыс тіліне аударды. Әнұранды жазуға бір айдай уақыт кетті. Басында әуеннің төрт нұсқасын дайындадық. Комиссия біреуін таңдап алды. Әнұранды әкем (Ескендір Хасанғалиев) және мен, Мадина Сәдуақасова, Диана Шарапова, Әлішер Кәрімов, «Жігіттер» тобы орындайды» дейді.

Ескендір Хасанғалиев осыған дейін 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Қысқы Азия ойындарының (Азиада) әнұранын жазған.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG