Accessibility links

Су алған өңірлерден мыңдаған адам көшіріліп жатыр


Сарытөбе ауылының қауіпсіз жерге көшіріліп жатқан тұрғындары. Қарағанды облысы, 12 сәуір 2015 жыл. Суретті Қарағанды облысы ТЖ департаменті жолдаған.

Сарытөбе ауылының қауіпсіз жерге көшіріліп жатқан тұрғындары. Қарағанды облысы, 12 сәуір 2015 жыл. Суретті Қарағанды облысы ТЖ департаменті жолдаған.

Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлеріндегі бірнеше ауылды су алды. Кей ауылдардан жұртты қайықпен, көлікпен, пойызбен көшіріп жатыр. Тұрғындар "апаттың алдын алуға болатын еді" дейді.

Қарағанды облысындағы су басқан аймақтардан мыңдаған тұрғын эвакуацияланған. Оларды төтенше жағдай қызметкерлері автокөліктер, қайықтар және поезбен көшіріп жатыр. Тасқыннан жапа шекккендер «мұндай төтенше жағдайдың алдын алуға болар еді» деп .

«ШАТЫРҒА ӘРЕҢ ШЫҒЫП ҮЛГЕРДІК»

Сәуірдің 13-і күні түнде Токаревка кенті мен Нұра ауданындағы су тасқынынан жапа шеккен 140 тұрғын шұғыл түрде эвакуацияланды. Тұрғындарды Теміртау қаласынан 30 шақырым жердегі «Самал» санаторийіне орналастырды. Санатарийі қызметкерлері Азаттық тілшісіне:

- Санаторийге жеткізілген адамдардың арасында бала-шаға, қарттар мен дәрменсіз жандар көп. Оларды тамақ, түнемелік орын сияқты қажет нәрсенің бәрімен қамтып, жұрттың жуынып-шайынып, жылынуына жағдай жасадық. Қазіргі жағдайлары жақсы. 150 адамнан көп адам қабылдай алмаймыз, мұнда емделіп, демалып жатқан өзге адамдар да бар ғой, - дейді.

Қарағанды облысы Сарытөбе ауылының мектеп ғимаратына көшірілген тұрғындары. 12 сәуір 2015 жыл.

Қарағанды облысы Сарытөбе ауылының мектеп ғимаратына көшірілген тұрғындары. 12 сәуір 2015 жыл.

Ауыл тұрғындары апат болған күнді қорқынышпен еске алады. Эвакуацияланғандардың арасында Маржан Ахметжанова мен оның күйеуі бар. Олардың Нуринск станциясындағы үйін су басқан.

- Су кеше таңертеңнен бастап жайыла бастады. Оның алдында станция тұрғындарына эвакуациялауды ұсынған, бірақ жұрт мұндай жойқын апат болады деп ойламады. Кейін тасқын күшейіп, үлкен толқын қашаларды түп-орнымен жұлып әкетті. Далада жүргендеріміз жан-жаққа бытырай қашып, жан сауғаладық. Мен үйге кіріп, құжаттарды алып үлгердім. Қорадағы малын байлаудан босатып үлгергендер бар, бірақ малдың бәрі қырылып қалған шығар. Үйдің төбесіне шығатын сатыны толқын алып кеткендіктен, шатырға әрең шығып үлгердік. Су тез жайылып, кеудеден келді. Қатты қорықтық. Мұндайды ешқашан көрмеппін, - дейді Нуринск тұрғыны Маржан Ахметжанова.

Әйелдің айтуынша, түндегі қалың тұман мен қатты ағыстың кесірінен үйдің шатырын паналаған кейбір адамдарды мамандар эвакуациялай алмай, Нуринск станциясында кейбір адамдар қалып кеткен. Станцияда қалғандардың арасында ауылдастарын құтқаруға көмектескен Маржанның ағасы да бар екен. Қазір Маржан ағасына хабарласа алмай, нендей күйде екенінен хабарсыз отыр.

Үйдің төбесіне шығатын сатыны толқын алып кеткендіктен, шатырға әрең шығып үлгердік. Су тез жайылып, кеудеден келді.

Мамандар эвакуациялап үлгермеген туыстары мен таныстарына хабарласқан Нуринск станциясының өзге тұрғындары Азаттық тілшісіне "Нуринск кенті маңайын су басқанын әрі судың беті әлі қайтпағанын" айтты. Мұндай су тасқыны соңғы рет 1987 жылы болғанын баяндаған тұрғындар «бірақ ол кезде мұндай жойқын апат пен үлкен зардап келмеген еді» дейді.

«ЖҰРТҚА ҚАРАУ ҚОРҚЫНЫШТЫ БОЛДЫ»

Токаревкадан эвакуацияланған тұрғындардың айтуынша, кентке жайылған су үйлердің екінші қабатына дейін жеткен. Ол жақтан да шұғыл эвакуацияланған жұрттың кейбірі тіпті киініп те немесе ақша, құжаттарын алып та үлгермеген.

Эвакуацияланған адамдарды әуелі мектепке орналастырған. Осы мектепте аспаз болып істейтін Ақтау кенті тұрғыны Людмила Беликова Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлесіп, «Бір кісіні тіпті ішкиіммен алып келді. Үрейі ұшқан жұрттың түріне қарау қорқынышты болды. Енді не болатынын білмеймін» деді.

Су тасқынынан Қарқаралы ауданы тұрғындары да қатты жапа шеккен. Қарағанды қаласынан 27 шақырым жердегі еріген қар суы басқан Сарытөбе ауылынан төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындарды поезбен шұғыл эвакуациялаған. Ауылдан 400-ге жуық адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Оларды Көкпекті кентіне апарып, жергілікті мектепке орналастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз еткен.

Баспана, жиһаз, тұрмыстық және ауыл шаруашылығы техникасын, автокөліктерін қалай қалпына келтіреміз, малсыз қалай күн көреміз, бүкіл шығынды кім өтейді?

Су тасқынынан жапа шеккен кейбір тұрғындар мұндай төтенше жағдайдың алдын алуға болар еді деп санайды. Бұл үшін ауыл-қалаларда биыл ерекше көп түскен қарды уақытында күреп, Нұра сияқты өзен-көлдердегі қалың мұзды жарып, бөгеттердегі суды азайтып отыру керек. Тұрғындардың айтуынша, көп жерлерде жауын суы ағатын канализация дұрыс жұмыс істемейді, сондықтан судың жолы бітеліп қалған.

Тұрғындар «баспана, жиһаз, тұрмыстық және ауыл шаруашылығы техникасын, автокөліктерін қалай қалпына келтіреміз, малсыз қалай күн көреміз, бүкіл шығынды кім өтейді?» деп те уайымдайды. Қазір төтенше жағдай зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатқан кезде бұл мәселелер шешілмейді. Тұрғындар, сондай-ақ «қараусыз қалған үйлерді тонап кетуі мүмкін» деп қауіптенеді.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАСҚЫН

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауылына қарасты Саржал ауылын су алып кетті. Ауыл әкімінің орынбасары Жұмабай Асқаровтың айтуынша, тау ішіндегі қардың күрт еруі кесірінен ауыл шетінен өтетін «Шаған» өзені арнасынан асып, ауыл ішіне су жайылып кеткен.

Жұмабай Асқаровтың айтуына қарағанда, ауылға су сәуірдің 12-сі күні кешкісін кірген.

- Тасыған су ауыл шетіндегі 50 шақты үйдің ауласына кіріп кетті. Қазір аудан мен қаладан (Семейден) көмек келген. Бірақ арнасынан асқан өзенді әлі тоқтата алмай жатырмыз, - дейді әкім орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, әзірге мал шығыны мен суға кеткен адам жоқ.

Су алған Саржал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, 13 сәуір 2015 жыл. Суретті жергілікті ауыл тұрғыны жіберді.

Су алған Саржал ауылы. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, 13 сәуір 2015 жыл. Суретті жергілікті ауыл тұрғыны жіберді.

Өзін Салтанат деп таныстырған Саржал ауылы тұрғыны «ауыл ішіне жайылған судың тереңдігі жылқының бауырына жететінін» айтты.

- Тасқын кеше кешке келген. Көмекке жан-жақтан келіп жатыр. Бірақ су ауылға әлі кіріп жатыр. Су алған үйлердің бірінің жарылып кеткенін, екі гараждың (көлік тұрағы) құлағанын естідім. Оған қоса, таудағы бір малшының үйін су алып кетіпті. Ішінде адам қалып қойған дейді, құтқаруға тікұшақ кетті, - деді Салтанат.

Екі мыңдай тұрғыны бар Саржал ауылының әкімі Ұлан Өміртай Азаттық тілшісіне әзірге «тұрғындарды эвакуация жасап жатпағандарын; 65 үйдің ауласына, 13 үйдің ішіне су кіргенін; мал шығынын анықтауға мұршалары болмай жатқанын» айтты.

Бұдан басқа, Павлодар облысы Баянауыл ауданына қарасты «Теңдік» ауылын да су басып қалған. Бірақ бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Абай Дәулетқалиев егжей-тегжейлі айтудан бас тартты.

«Бұл жөнінде тек мен ғана айта алам» деген Дәлетқалиев «Қазір уақытым жоқ. Маған біреулер келу керек. Кейінірек хабарлас» деді.

«БӨГЕТ-ТОҒАНДАРДЫҢ БҰЗЫЛУ ҚАУПІ»

Қарағанды облысында су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Қазір төтенше жағдайлар департаменті Қарағанды облысында апаттық-құтқару жұмыстары шұғыл жүргізіліп жатқаны туралы ақпарат таратты. Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау жалғасып, өзге елдімекендерге су тасқыны қаупі туралы ескертілген.

Қазірге дейін Қарақоға, Юбилейное, Көксу, Северное ауыл-кенттері халқы эвакуацияланған.

Шет ауданында су тасқыны зардаптарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақсу кентінде көшелерді, аула мен қора-қопсыны басқан еріген қар суының беті қайтқан. Қардың күрт еруі салдарынан Ақсу-Аюлы ауылдық округындағы Манақ тоғанының Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылынан шығыс жаққа қарай 13 шақырым жерде бұзылу қаупі төнген.

Сарытөбе ауылында жүрген төтенше жағдайлар қызметкерлері. 12 сәуір 2015 жыл.

Сарытөбе ауылында жүрген төтенше жағдайлар қызметкерлері. 12 сәуір 2015 жыл.

Төтенше жағдайлар департаменті «Егер бөгет бұзылса, Қайрақты елдімекенін су басу қаупі төнеді. Сондықтан құтқарушылар Қайрақты ауылынан 60 адамды (20-сы бала) Ақсу-Аюлы кентіне эвакуациялады. Мал қырға шығарылды. Бөгеттегі су деңгейі үнемі бақыланып, тәулік бойы кезекшілік қойылды» деп хабарлайды.

Ақшатау кентінен 28 шақырым жердегі Таңатбай бөгетінің бұзылу қаупі төнгендіктен, Оңтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру, судан құтқару және апатты-құтқару қызметтері және Қарағанды облыстық ТЖ департаменті Жарылқап батыр ауылы тұрғындарын автотранспорт және қайықпен эвакуациялаған. Барлығы 250 адам эвакуацияланып, мал қауіпсіз жерге шығарылған. Бөгеттің арнасынан асып кету қаупі тоқтатылған.

Бұхар жырау ауданындағы Ботақара кентіне су тасқыны қаупі төніп, 180 адам эвакуацияланып, туыстарының үйлеріне орналастырылды. Ростовка ауылында да су жайылу қаупі төніп, бір жарым мың адам эвакуацияланған. Байқадам ауылында су деңгейі 80 сантиметрге түсіп, ертеректе эвакуацияланған 94 адам үйіне оралды.

Осакаровский ауданындағы Қарағайлы ауылында эвакуацияланған 154 адамның 126-сы үйіне оралды. Садовое, Сельстрой ауылдарында суды сору жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ауылдардан барлығы 81 адам эвакуацияланған. Садовое ауылында су деңгейі қазір екі метрге төмендеді.

Құтқару қызметі мен жергілікті атқару органдарының күшімен Ғабит Мұстафин атындағы кенттің бір мың 800 адам халқы толық эвакуацияланған. Шахтинск қаласындағы Восьмидомики кентін су басу қаупі төнген соң 138 адам Шахан кентіндегі балалар өнер мектебіне орналастырылған.

Нұра ауданындағы Тассауыт, Қантай, Қарой, Киевка ауылдарында да халықты эвакуациялау, малды қырға шығару, көшелерге құм толтырылған қаптар төсеу, қар суын бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарқаралы ауданында Жарлы, Жаңа жол, Көктас ауылы тұрғындарын эвакуациялап жатыр.

ЕСКЕРТУ

Билік Қарағанды облысындағы жағдайды қауіпті деп ескертеді. Қазір су тасқынына қатысты жағдайды бақылауға тұрақты мониторинг ұйымдастырылған. Күрт еріген қар суынан арнасы толған су қоймаларындағы жағдай ерекше бақылауға алынған. Бірақ тұрғындарды үрейленіп, дүрбелең тудырмауға шақырады.

Саржал ауылындағы тасқын. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, 13 сәуір 2015 жыл. Суретті жергілікті ауыл тұрғындары жіберді.

Саржал ауылындағы тасқын. Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, 13 сәуір 2015 жыл. Суретті жергілікті ауыл тұрғындары жіберді.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі «Алдын ала ескертілгенімен, көп адам эвакуациялауға көнбей қойды. Бірақ су тасқынына дейін кетуге мүмкіндікті көп адам пайдаланып үлгерді» деп хабарлайды.

Өткен тәулікте Қарағанды облысындағы Теміртау қаласы мен жеті ауданның (Абай, Қарқаралы, Жаңарқа, Шет, Бұхар жырау, Нұра, Осакаровский) 24 ауылында құтқару жұмыстары жүргізілген.

Шерубай-Нұра су қоймасы бөгетінің бұзылуына жол бермеу үшін 12 сәуірден бері мамандар осы өзенге секундына бір мың 100 текше метр су ағызып жатыр. Сондықтан мамандар тұрғындарды елдімекеннен тысқа шығудан шектеліп, Шерубай-Нұра, Нұра, Есіл өзені аңғарларында мал жаймауды және азық-түлік қорын жасау амалдарын қарастыруды сұрайды.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG