Accessibility links

Тасқын аймағынан көшірілгендер үйлеріне қайтуға қорқады


Бұқар жырау ауданы мен Теміртау маңындағы су астында қалған ауылдардың ондаған тұрғыны Теміртаудағы су басқан өңірлерден эвакуацияланғандарға арналған лагерьде тұрып жатыр. Су астында қалған үйлеріне көп ұзамай оралуы тиіс зардап шеккендер енді «Үйлерді қалпына келтіруге биліктен көмек бола ма?» деп уайымдайды.

Су басқан Нұра станциясынан төрт айлық қызы, күйеуімен эвакуацияланған 32 жастағы Светлана Латунованың отбасы бір аптадан бері Теміртаудағы «Асега» қонақүйінде ұйымдастырылған лагерьде тұрып жатыр. Мұнда Бұқар жырау ауданы мен Теміртау маңындағы су басқан ауылдардан жеткізілген жүздеген тұрғын орналастырылған.

«ҚАЙТАТЫН ҮЙІМ ЖОҚ»

Светлана Латунованың талай жыл ақша жинап, Нұра станциясынан сатып алған үйі мен бүкіл дүние-мүлкі су астында қалған. Су тасқынынан қашқан кезде әйел қызының кейбір заттарын, бағалы бұйымдары мен құжаттарын ғана алып үлгерген. Отбасы ақшасыз қалған. Отбасын жалғыз асырап отырған күйеуі жұмыс істеген кәсіпорын да су астында қалған. Светлана «енді күйеуім жалақысын көрмейтін шығар» дейді. Келіншек қызының туу туралы куәлігін ресімдеп үлгермегендіктен, әзірше балалар жәрдемақысын да ала алмайды.

- Қазір қызыма жөргектер, көкөніс пен жемістен арнайы жасалған езбе қажет, омырау сүтіне жарымайды. Ал үйге қайтқан соң тіпті таршылық көретінімізді ойлауға да қорқамын, - дейді су астында қалған Нұра станциясының тұрғыны Светлана Латунова Азаттық тілшісіне.

Күйеуімен, төрт жасар қызымен тұрған Светлана Латунова. Теміртау, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған лагерь, 16 сәуір 2015 жыл.

Күйеуімен, төрт жасар қызымен тұрған Светлана Латунова. Теміртау, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған лагерь, 16 сәуір 2015 жыл.

Светлана мен күйеуі - балалар үйінің түлектері болғандықтан, жас отбасының жағдайы тіпті мүшкіл сияқты. Өйткені екеуінің қысылғанда жәрдем сұрайтын туыстары жоқ.

- Ақшаны әзер жинап, үйді 2013 жылы сатып алғанбыз. Жихаз бен тұрмыстық техникаға деген ақшаны да там-тұмдап ұзақ жинағанбыз. Енді бәрінен айырылдық, - дейді Светлана.

Теміртаулық Гуреевтер отбасының жағдайы да ауыр. Бес адамнан тұратын отбасының кішкентай екі баласы бар әрі қала шетінен жеке меншік үй жалдап тұрған. Түнде шырт ұйқыдан оянған олар үйді белуардан су басқанын көріп, киінуге мұршалары келмеген. Олар да баспанасыз қалған әрі қолда бар дүниесінен айырылған.

- Зардап шеккендердің бәрін алаңдататын негізгі мәселе - баспана жайы. Судың беті қайтқанның өзінде үйіміз көпке дейін тұруға жарамсыз болып қалды ғой. Үйлерді жөндеп, қалпына келтіру керек. Су тасқынынан зардап шеккен жандарға билік көмектесуі тиіс. Жұрт есін жиып, үйлерін жөндеп алғанша тұратын уақытша баспана берсін. Күн әлі суық, оның үстіне сыз үйде бала-шағамен тұру да қауіпті. Билік міндетті түрде көмектесуі тиіс, - дейді Александра Гуреева.

Теміртау шетіндегі су алған ықшамаудан тұрғыны Александра Гуреева. 16 сәуір 2015 жыл.

Теміртау шетіндегі су алған ықшамаудан тұрғыны Александра Гуреева. 16 сәуір 2015 жыл.

Зардап шеккен тұрғындар президент сайлауы қарсаңында үйлерді қалпына келтіру аса маңызды мәселе деп санайды. Жұрт «егер билік материалдық көмек көрсетпесе, сайлауға бармаймыз» дейді.

ЛАГЕРЬДІҢ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІГІ

Қазір Бұқар жырау ауданы мен Теміртау қаласы маңындағы ауылдардан жеткізілген ондаған тұрғын Теміртаудағы су басқан өңірлерден эвакуацияланған адамдарға арналған «Асега» қонақүйіне уақытша орналастырылған. Теміртаудың шет жақтары да су астында қалғандықтан, жергілікті тұрғындарды паналату қажет болып, жуырда жүздеген адамды (көбі Бұқар жырау ауданынан) Қарағанды қаласына әкеткен. Теміртау лагерінде шеттен келгендерден жолды көтере алмайтын қарттар мен кішкентай балалары бар отбасыларды ғана қалдырған. Қазір балаларды мектеп пен балабақшаға жіберуге мүмкіндік жоқ. Олар көбінесе қонақүй бөлмесінде отырады немесе аулада серуендейді, дәлізде ойнайды.

Гуманитарлық көмек келген кезде жұрт сәл сергіп қалады. Бәрі киім-кешек, азық-түлік салынған пакеттер түсірілген бөлмеге беттейді. Бірақ баспасөз өкілдерін көріп қалса, көбі ұялып, теріс айналады. Шарасыз жағдайға тап болған олар мұндайға үйренбегенін айтады.

Ара-тұра билік өкілдері келіп, лагерьдегілердің жағдайын біліп кетеді. Адамдардың қандай жағдайда тұрып жатқанын тексеру үшін санэпидемстанция қызметкерлері де келіп кеткен.

Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған лагерьге келген гуманитарлық көмек. Теміртау, 16 сәуір 2015 жыл.

Су тасқынынан зардап шеккендерге арналған лагерьге келген гуманитарлық көмек. Теміртау, 16 сәуір 2015 жыл.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды паналатқан қонақүй оларды үш мезгіл тамақтандырады, медициналық және психологиялық көмек көрсетеді. Әсіресе эвакуацияның алғашқы күндері мұндай көмекке көп адам жүгінген.

- Билік «үйлеріне қайтсын» дегенше, адамдар мұнда қалады. Мұның қаншалықты ұзаққа созылатынын білмеймін, судың беті де әлі толық қайтқан жоқ қой. Кейбір тұрғындарға қазір үйлеріне қайтуды ұсынып жатыр. Билік «су тасқынынан келген зиянды есептеуге кірістік, ол үшін тұрғындар үйлерінде болуы тиіс» дейді. Әкімдік эвакуацияланғандарға кеткен шығынды, жоқ дегенде тамаққа кеткен шығынымды өтеп бере ме - білмеймін. Бірақ билік айтпаса да, адамдарды өзім паналатар едім. Қысылтаяң кезде адамдарға көмектесу керек қой, - дейді «Асега» қонақ үйінің қожайыны Роза Паркина.

Зардап шеккен тұрғындар «лагерьде мінсіз жағдай жасалған» дейді. Әр отбасыға төсек, теледидар, әжетхана, душ, шкаф, үстел-орындықтары бар жеке бөлме берілген. Бірақ ауызсу тапшы. Теміртау қаласының көп бөлігінде талай күннен бері ауызсу жоқ. Сондықтан эвакуацияланған жандардың лагеріне ауыз суды жергілікті тұрғындар жеткізіп береді немесе қонақ үй басшылығы қамтамасыз етіп отыр.

ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚТЫҢ ЖӘРДЕМІ

Түн ортасында шұғыл эвакуацияланған адамдардың көбі қажет заттарын алып үлгермеген, асып-сасқанда тіпті жалаңаяқ күйі кеткендер бар. Сондықтан қазір оларға көбінесе балалардың киім-кешегі, тамағы, жөргектері, аяқ киім қажет. Зардап шеккендерді қажетті заттардың көбімен жергілікті тұрғындар қамтамасыз еткен. Олар гуманитарлық көмектерін қонақүйге сөмкелеп тасыған.

Су алған аймақтан көшірілген балалар. Теміртау, 16 сәуір 2015 жыл.

Су алған аймақтан көшірілген балалар. Теміртау, 16 сәуір 2015 жыл.

- Шынымды айтсам, зардап шеккендерге жәрдемдесуге шақырған үндеулерге жұрт бұлай қосылады деп күткен жоқпын. Кейбіреулер тіпті су жаңа заттар әкеліп жатыр. Балаларға памперс, тамақ сатып әкеледі. Бұрын қолданылған заттарын әкеліп жатқандар бар. Әркім өз шамасына қарай көмектесіп жатыр. Тіпті таяққа сүйенген кейуаналардың өздері қолдан пісірген тәттілерін әкеліп, балаларға таратып кетеді. Мұны көріп, көзімізге жас келді. Бірақ әлдебір заттарын әкеліп, «байқаңдар, таласып қалмаңдар» деп мазақ етіп кететіндер де бар. Мұндай сөздер айтуға ұялса етті, - дейді «Асега» қонақ үйінің қожайыны Роза Паркина.

Азаттық тілшісі лагерьге келген күні Теміртаудағы шаруашылық заттарын сататын екі дүкен жаңа көрпе-жастықтар, ыдыс-аяқ әкелді. Мұның бәрін жұрт кейін үйлеріне қайтқанда алып кетеді. Ал азық-түлік дүкені бірнеше килограмм ет бөлген.

Қонақ үйді паналаған тұрғындардың лагерьдегі жағдайына қатысты шағымы жоқ. Бірақ оларға «енді қалай күн көреміз және қайда тұрамыз?» деген сұрақ маза бермейді. Зардап шеккендердің көбі биліктен үміт күтеді.

Астанадағы шенеуніктер Қарағанды облысындағы халыққа жәрдем ретінде және құтқару жұмыстарын жүргізуге бір миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Аймақтың су астында қалған ондаған елдімекеніне тасқыннан келген зиян көлемі әлі есептелген жоқ.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG