Accessibility links

Жастар Қызылағашқа көмек жөнелтті, тұрғындар ақпараттың ашықтығын сұрайды


Қызылағаш тұрғындарына жіберілуге дайын тұрған азық-түлік, киім-кешектің бір тобы. Алматы, 18 наурыз, 2010 жыл.
Қызылағаш тұрғындарына жіберілуге дайын тұрған азық-түлік, киім-кешектің бір тобы. Алматы, 18 наурыз, 2010 жыл.

Президент Назарбаевқа ашық хатта ауылды су басып қалуына айыптыларды жауапқа тарту, қонысты басқа жерден салу, мерт болғандардың нақты санын айту талаптары бар. Қызылағаштықтарға алдымен алматылық студенттер көмек қолын созды.


ПРЕЗИДЕНТКЕ БЕС ТАЛАП


Бейсенбі күні интернетте тараған ашық хатқа су басып қалған ауылдың 250-ден аса тұрғыны қол қойған. Тұрғындар апат барысында қайтыс болғандардың, қираған баспана, шығын болған мал, техника, автокөлік, т.б. нәрселердің санын дұрыс анықтауды сұрай отырып, осы апатқа себепкер болған және оның алдын алуға селқос қараған жауапты адамдардың Қазақстанның Қылмыстық кодексінде көрсетілген заң актілеріне сәйкес қатаң жазаға тартылуын талап еткен.

"Қызылағаш тұрғындарының 50 пайыздан астамы оралман, олардың 80 пайыздан астамының өз атында егістік және шабындық жері жоқ. Сондықтан осы апатқа байланысты, жалпы жоспарда баспана мәселесімен қатар егістік жер мәселесінің де бірге шешілуін сұраймыз", - деп жазылған хатта.
Қызылағаш аулының тұрғыны Анар есімді келіншек. Талдықорған, 16 наурыз, 2010 жыл.
Одан өзге, ауылды қайта тұрғызу барысында, адамдарды бөліп-жармай сол қалпында орналастыру мен апатқа ұшыраған халыққа ұзақ мерзімге әрі барынша төмен пайызда несие қарастырылуын сұрайды апаттан аман қалғандар.

Сонымен қатар, тұрғындар қазіргі 90 пайыз қиранды мен үйіндіге айналған мекеннің үстіне қайта тұрғызылған ауылға қоныстануға жүрегіміз дауаламайды дейді. «Өйткені, ойран болған орынға көптеген ауылдастарымыздың қаны төгіліп, мүрдесі топырағына оранды. Мыңдаған малдың қаны төгілді, тұтыну бұйымдарының күллісі көміліп қалды» деген қызылағаштықтар, «өзге жерден тың іргетас қалануын» талап етуде.

ҚАУЕСЕТ ПЕН ДҮРБЕЛЕҢ

Алматы облысында тұрғындар арасында дүрбелең орын алып отыр. Наурыздың 16-күні белгісіз біреулер Текелідегі бөгеттердің бірі жарылғандығы туралы сыбыс таратқан. Бұл ақпараттың анық-қанығына жетпестен жергілікті тұрғындар жаппай Талдықорғанға көше бастаған.

- Сыбыстар Қызылағашта болған оқиғадан кейін тарады. Адамдар бас амандығы тек өздерінің қолында екендігін түсініп, биліктегілерге сенбей отыр, - дейді өзін таныстырғысы келмеген Текелі тұрғыны.
Текелінің тұрғыны журналистермен сөйлесіп тұр. Талдықорған, 16 наурыз, 2010 жыл.

«Текеліде бөгет жарылыпты-мыс» деген сыбыс тез арада көршілес ауылдарға да тарап үлгерген. Соған көршілес жатқан Еркін ауылының тұрғындары құжаттары мен ең қажетті заттарын ала салысымен үйлерін тастап кеткен.

Одан өзге наурыздың 17-күні Сарқанд ауданының Қойлық ауылын су басып қалды деген тағы бір сыбыс тарап үлгергенімен, олардың ешқайсысы расталған жоқ.

Алматы облысында 148 су қоймасы бар. Бүгінде солардың жағдайы мен ол қоймаларға жауапты адамдарды анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Әр бір объектіге – полиция, әкімшілік және Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерінен тұратын жасақ қойылған. Оларға су қоймаларын күні -түні бақылауда ұстау міндеттелген.

ЖАҚЫНЫҢА ЖӘРДЕМДЕС

Алматы облысындағы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстанның түпкір түпкірінен өз еркімен көмек қолын созып жатқандар бар. Бірі киім -кешек жинаса, ендігілері қаржылай қол ұшын беруде.
Cтуденттер Қызылағаштағы су тасқынынан зардап шеккендерге азық-түлік, басқа да қажетті заттар жинауда. Алматы, 18 наурыз, 2010 жыл.

Сондай гуманитарлық көмектің бірі бейсенбі күні Алматыдан аттанды. Қаладағы бірқатар жоғарғы оқу орындарының студент жастары, өткен сенбіден бастап «Жақыныңа жәрдемдес!» акциясының аясында ауыл тұрғындарына қажетті заттар мен азық түлік жинастырған.

– Біз студенттер арасында осы шара туралы айтқанымыз сол-ақ екен екі күннің ішінде бірталай азық-түлік жиналды. Кейбір студенттер тіпті 20-50 теңгеден жинап жатты. Жиналған ақшаға құрылысқа қажетті саймандар сатып алдық, – дейді Алматыдағы медицина колледжінің студенті Имашева Мақпал.

Бейсенбі күні Қызылағашқа аттанған жүк керуенімен бірге барған Азаттық тілшісі су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына қажетті деген тұрмыс заттары мен азық-түліктің сол күні-ақ таратылып берілгенін хабарлады.

Одан өзге қаладағы бірқатар ұжымдар мен өнер адамдары, мемлекеттік қызметтегі азаматтар өздерінің бір күндік жалақысын Қызылағаш тұрғындарына көмек ретінде аударған екен.

Сәрсенбі күнгі парламент мәжілістінің кеңейтілген отырысын бір минут үнсіздікпен бастаған депуттар да бір күндік жалақыларын Қызылағаш тұрғындарына беретін болып шешті.

Соңғы мәліметтерге қарағанда су басып қалған ауыл тұрғындарына көмек көрсету үшін ашылған есеп шотқа 10 миллион теңгеден астам қаржы жиналған, бұл шамамен 70 мың АҚШ долларындай болады.
XS
SM
MD
LG