Accessibility links

Қарағанды мен Теміртауда тұмаудан сақтану үшін дәке қорғаныштар киіп жүру тәртібі енгізілді


Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мамандары аймақта өкпесіне суық тиген екі адамның пневмониядан қайтыс болғандығын растағанымен, жалпы облыста жағдай қалыпты екендігін айтып отыр.


Қарағанды облысының тұрғындары тұмаудың жаппай орын алуынан сақтануда дәке қорғаныштарды пайдалана бастады.

Ал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары Теміртау қаласында өрт сөндіру қызметінің бір қызметкері мен жуырда Германиядан келген тағы бір азаматтың қайтыс болғандығы жайында ақпараттар тараты. Оларға бұндай оқиғалардың орын алғандығын қаза болғандардың туыстары растаған көрінеді.

Осы мәселеге қатысты Қарағанды облыстық денсаулық сақтау департаментіне хабарласқанымызда, мекеменің баспасөз хатшысы Айнұр Әбдиева бұл ақпараттарды растаған болатын.

- Иә, ол екі адам тұмаудан емес, пневмониядан қайтыс болды. Алайда кейбіреулердің айтып жүрген доңыз тұмауына қатысты пікірлері жалған. Біздің облыста аталған вирустың белгілері жоқ. Сондықтан, тұрғындар арасында жалған дүрбелең орын алуда. Бізде соңғы 9 жылда тұмауға қатысты сараптама жасалуда. Соған қарағанда, биылғы жылы тұмауға шалдыққандар саны мен одан көз жұмғандардың саны өткен жылдарға қарағанда біршама аз, – дейді Айнұр Әбдиева.

Одан өзге облыста әсіресе қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекмелерде тұмаудан сақтану үшін маскалық тәртіп енгізілгендігі туралы ақпаратты Айнұр Әбдиева ондай нұсқаудың бары рас, тұмаудан сақтанғысы келген жандардың оған мойынұсынғандары жөн деп атап көрсетті.

Осылай деген облыстық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Айнұр Әбдиева облыстағы жалпы жағдайдың дабыра туғызатындай деңгейде емес, қалыпты екендігін де айтты.

Дегенмен, жергілікті тұрғындар, инфекцияның кең таралуына дәріханалардың дәрі-дәрмек қорының төтеп бере алмайтындығын айтып отыр. Бүгінгі таңда аймақта маскалар мен тұмаудың алдын алу үшін пайдаланатын оксалин майының тапшылығы байқалған.

Бір күннің өзінде шамамен 500-ге жуық маска сатылып кетеді. Cұраныстың осыншалықты жоғарылығы оның бағасына да әсер етпей қоймайды.

Осыған қатысты, Темуртау қаласының денсаулық сақтау департаменті басшысының қызметін уақытша атқарып отырған Владимир Горбатов біздің радиомызға берген түсініктемесінде, өздерінің жекеменшік дәріханаларға ешқандай үкім жүргізе алмайтындығын алға тартты.

Сондықтан кез келген адам – тұмаудан сақтанудың ең тиімді әрі арзан түрі - масканы қолдан жасап алғаны жөн деген кеңес айтуда.
XS
SM
MD
LG