Accessibility links

Түс көрдім бүгін. Майлы, бақытты, семіз фуа-гра екем. Төсек-табағымда қарны ашқан жұртты жұтындырып, төңкеріліп-керіліп, есінеп жатырмын. Кеудемді шаттық кернеп, шексіз, кенересіз мақтаныш сезімі тепкілейді. Енді ше, бір-ақ күнде бақуатты өмірдің және үнемнің өлшеміне айналып шыға келдім.

Ай, шіркін, өзім-ай! Қазақстан халқын қақ жарған құдіретім-ай! Қақ жарғанда, тура екіге бөлмедім ғой - шіркін, шеберлікті айтсаңшы, іріктеп, ат төбеліндей бір топты, әрине, мені білетіндерді әспеттеп, сыйға-сый дегендей, ғиззат-құрмет көрсетіп бөлек жидым.

Ал мені танымайтын қаратабандарды, тіпті менің атымды әлі күнге дейін естімеген (сұмдық қой!), кегім кетіп жүрген, иә, әлгі, не деуші еді бұларды - «пролетариатты» шулатып әрі таман қуып тастадым. Бұлар мені арысы 3000 жыл, кейінгі 70 жыл, бергі 24 жыл білгісі келмеді ғой. Айтпақшы, кейінгі 24 жылда бұлар мені емес, мына мені емес (!), бананды таңдады ғой. Өй, өңшең көшеденбананалыпжегіштер! Осы «пролдардан» кегімді алып берген құдіретті ақ патшам-ай! Айызым қанып, мейлінше масаттанып жатырмын. Чакрам да ашылды ғой.

Бұрын ғой, Google-дің ішінде бәріміз отырғанда деймін де, жұрт менің түйіріме де татымайтын шашлық, бұқтырылған тауық деген қайдағы ұсқынсыз, кез келген бұрыштан табылатын біреулерді анда-санда іздеп, олардың қисық беделін сүйеп қоятын. Ойпырмоой, бүгін бұқарамен көп араласатын Google ақсақалдың өзі маған ілтипат көрсетіп, басын изеп, амандаса қалыпты. «Сізге жұрттың ықыласы ауып тұр» дейді біртүрлі майдақоңыр, мәхәббатлу дауыспен. Ағыл-тегіл қуаныш кернеп, талықсып бара жатқам.

- Қуанба, ақымақ!!! – деген ащы айқай құлағымды тіліп өтті. Атаңа нәлет, беті көгерген, өсекқұмар, аузын бассаң арты сөйлейтін Facebook екен. Мұның бар екенін бақыттан басым айналғанда ұмытып кеттіппін.

- Сен туралы жұрттың не жазып жатқанын білесің бе?! Ақымақ! – дейді қарғаша барқылдап – Сен туралы Zhalgas Yertay не жазғанын білесің бе!!!

Даусы не деген ащы. Көгеріп, базданып, беті тұлданып кеткен Спанч Боб-қа ұқсай ма - құрсын, тіке қарай алмадым. Тұтқиылдан болған шабуылдан тақ бір жай түсетіндей бетімді қолыммен көлегейлеп алыппын. «Мә, оқы!!!» деп қышқырды да, жайындай аузынан тілдей ғана парақшаны суырып, алдыма лақтыра салды.

Zhalgas-ы кім тағы? «Фуа-гра мен ленд крузер демекші» деп жазыпты құр отырмай. Өзім туралы болған соң бедірейіп, кемсеңдей үңілдім. Жүрегім бір сұмдықты сезеді.

«Баяғыда бір Хан(шайым) болыпты. Үлде мен бүлденің арасында жүріпті, ештеңеге зәру болмапты. Тіпті сарайынан сыртқа бір қадам аттап баспаған дейді. Бір күні романтикалық сезімдерге бой алдырып, халқының хал-жағдайын білмекші ойға келеді. Зәулім сарайынан сыртқа шықса, ентелеп тұрған халық қолдарын созып шулайды.

- Не сұрайды? - депті оң жағындағы уәзіріне.

- Нан с-сұ-сұрайды, - депті уәзір жасқаншақтай.

- Нандары жоқ па не, онда торт жемей ме, - деп таңырқапты ғой әлгі».

Енді мен ашуландым, шеке тамырым адырайып кетті. Басқа бір парақшаларды аударыстырып, бүкшеңдеп отырған Facebook-ке қарап:

Фуа-гра қаздың бауырынан жасалатын тағам.

Фуа-гра қаздың бауырынан жасалатын тағам.

- Ей, ақымақ, Көзіңді ашып қара! Бұл мен туралы емес! Бұл торт туралы!!! – деп, өзінен асырып, долдана қышқырдым да, парақшасын домалақтап отырған жағына жытыра лақтырдым. Қаз дауысты Фуа-гра деген атым бар, жұрттың бәрі үрпиісіп қалды.

Аты Facebook болған соң, бұ кісінің бетіне бұрын ешкім келе бермейтін, бірақ менің мерейім тым үстем болды ма - басын шайқап, астыңғы ернін қымқыра тістеп, біртүрлі қиялдана аспанға қарап, үндемей отырып қалды. Енді оны торттар қоршап алған еді.

Жеңістің дәмі мұндай тәтті болар ма! Кенет мұқым халыққа мені танытқан, менің қандай ақсүйек, қасиетті ас екенімді білдірген, халқын да фуа-гра жеуге жеткізген, енді «көп жемеңдер» деп тоқтата алмай отырған әлгі адамға еміреніп, еркелегім келіп кетті. Тіпті мені бананға айырбастап кеткен әлгі көшеденбананалыпжегіштерді де кешірдім. Олар да мені сүйеді, тек қолдары жетпе....

Осы кезде тфу, эти... әппеңң, оянып кеттім. Жұмысқа баратын уақыт өтіп бара жатыр екен. Атып тұрып, асүйге жеттім. Кешеден қалған «рожкиді» апыл-ғұпыл жылытып жеп, жемтірі шыққан жаман галстугімді жүре байлап, көшеге атып шықтым. Мен сияқты «рожкилерін» жеп, қара шайларын ішкен қалың жұрт та жұмыстарына қозғалды. Жұмыссыздар ұйықтап жатыр әлде түнімен ұйықтай алмады. Ақша жоқтықтан интернетке кірмеген оларға фуа-гра жайлы мәлімет әлі жетпеген еді.

Ал Facebook-тегі жұрт "Аштықта естіген фуа-граның құлақтан аты кетпес..." деген мақалдар шығара бастаған болатын.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG