Accessibility links

Азық-түлік себетін 2017 жылы қайта қарауы мүмкін


Азық-түлік дүкені. (Көрнекі сурет)
Азық-түлік дүкені. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда азық-түлік себеті құрамы ұзақ уақыт бойы - тоғыз жылдан бері жаңартылмаған. Ол жаңадан бекітілсе, ең төменгі күнкөріс мөлшерін де көбейтуге тура келеді.

Алматы қаласында тұратын Айгерім және Нұрлан Сағымбековтардың екі қызы бар. Мәдина - 12 жаста, Адель - 8 жаста. Отбасының айлық табысы – 132 мың теңге (720 долларға жуық).

Каскадер болып істейтін Нұрлан киноға түседі. Айгерім – жеке меншік компанияда менеджер. Нәрлі, дәруменге бай тамаққа ақшасы жетпейтін жас отбасының дастарханы жұтаң.

- Күйеуімнің ресми жалақысы – 50 мың теңге. Ақша табудың қамымен көбінесе басқа қалаларға, кейде шетелге де кетеді. Менің айлығым – 82 мың теңге. 80 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Дұрыс тамақтануға мүлде ақша қалмайды, - дейді Айгерім Сағымбекова Азаттық тілшісіне.

Келіншектің айтуынша, жуырдағы теңге девальвациясынан кейін тамақ қымбаттап, ақша ең қажет заттардың өзіне әрең жететін болған. Отбасы жеміс-көкөніс өнімдерін екі аптада бір рет сатып алады. Айгерім алты килограмм етті бір айға жеткізуге тырысады. Ол теңіз өнімдері балалардың да, ересектердің де денсаулығына пайдалы екенін біледі, бірақ Сағымбековтар отбасының микроэлементке бай ең арзан теңіз балығын да сатып алатын шамасы жоқ.

ҚАРБЫЗ ОРНЫНА - АСҚАБАҚ

Халқының бір бөлігі жұтаң тамақты қанағат тұтатын Қазақстанда «азық-түлік себетін қайта қарау қажет» деген пікір айтылып келе жатқанына көп болды. Қазақ тағамтану академиясы сарапшылары «азық-түлік себеті құрамын түрлендіріп, энергетикалық құндылығын арттыруға бағытталған ұсыныстарымызды үкіметке екі жыл бұрын бергенбіз» дейді. Олар тамақ рационындағы жеміс пен көкөністі көбейтуді және қыс мезгілінде қымбаттап кететін қарбыз бен жүзімді асқабақ пен бананға ауыстыруды ұсынған.

Алматыда жеміс-жидек сатып тұрған әйел. (Көрнекі сурет)
Алматыда жеміс-жидек сатып тұрған әйел. (Көрнекі сурет)
Бұл есеп бойынша себеттің салмағы ғана ауырлап қоймай, оның құны да қымбаттар еді. Ең төменгі күн көріс шамасы тұтыну қоржыны құнына сай есептеліп, бұл әлеуметтік жәрдемақы мен ең төменгі жалақы мөлшеріне әсер ететіндіктен, мәселені шешу үкімет саясатына тіреледі.

- Зейнетақы, жәрдемақы және жалақы мөлшері үкімет бекітетін азық-түлік себетіне сәйкес белгіленеді. Біз нан-тоқаш өнімдерін азайтуға тырыстық. Халықтың тамақ рационынан дақылдар, бақша өнімдері, кепкен жемістер (жеміс қағы), ет және балық өнімдері, қаймақ пен жұмыртқа үзілмеуі тиіс. Бұрынғы нормамен салыстырғанда, тамақ атауларының санын да көбейтіп, қазақтардың ұлттық тамағы – жылқы етін де енгіздік. Халық қанша кедей тұрса да, жылқы етін жейді. Мұны да ескеру қажет. Бананды енгізуді ұсынып едік, сыншылар «онсыз да кедейміз, бананның керегі не?» деп жатыр, - дейді тамақтандыруды рационализациялау зертханасының басшысы Сәтбек Мұсабеков.

Тағамтану академиясының сарапшылары өз ұсыныстарын үкіметке екі жыл бұрын өткізген. Бірақ Сәтбек Мұсабековтің айтуынша, «баяғы жартас сол жартас» күйінде қалған. Сарапшының пікірінше, үкімет азық-түлік себеті параметрлерін бюджет тапшылығы кесірінен қайта қарамай отыр.

АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТІ 2017 ЖЫЛЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Жалпы халықаралық стандарттар бойынша халықтың жан басына шаққандағы килокалория нормасы тәулігіне 2200-3000 килокалория болуы тиіс. Қазақстанда қазіргі қолданыстағы азық-түлік себетінің күндік нормасы – 2175 килокалория. Бұл көрсеткіш батыс елдерімен салыстырғанда төмен. Қазақстандық жаңа себеттің «жобасында» ұсынылған тағамдардың энергетикалық құндылығын 2250 килокалорияға дейін ұлғайту көзделген.

Тағамтану академиясы сарапшыларының соңғы ұсыныстарын ескере отырып азық-түлік себетін қайта қарау мәселесі парламентте 2012 жылдың күзінен бері талқыланып келеді. Ол кезде кейбір депутаттар жаңартылған себет құрамы «Африканың ең кедей елдерінің көрсеткіштері негізінде жасалған» деп сынаған еді.

Мәжіліс депутаты Светлана Романовская.
Мәжіліс депутаты Светлана Романовская.
Парламент депутаты Светлана Романовскаяның Азаттық тілшісіне айтуынша, азық-түлік себетін жаңарту проблемасы бойынша барлық министрліктермен жұмыс істейтін топ құрылған. Бірақ азық-түлік себеті параметрлерін қайта қарастыратын заңға тиісті түзетулер нақты қашан енгізілетініні әлі белгісіз.

Ал биыл ақпанда өткізген брифингінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «үкіметтің перспективалық жоспарына сәйкес, азық-түлік себеті 2017 жылы қайта қаралады» деп хабарлады.

Қазақстанда алғашқы азық-түлік қоржыны 1996 жылы бекітіліп, оған 20 тамақ түрі енді. 2005 жылы соңғы рет қайта қаралған азық-түлік себетінде қазір 43 тағам түрі бар.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG