Accessibility links

Орталық Азиядағы азық-түлік қымбатшылығы әлеуметтік толқуға түрткі болуы мүмкін


Солтүстік Қазақстан облысындағы астық жинау науқаны. 2008 жылдың қазаны.

Солтүстік Қазақстан облысындағы астық жинау науқаны. 2008 жылдың қазаны.

Jamestown («Джеймстаун») қоры наурыздың 16-сында Орталық Азия аймағы мемлекеттеріндегі азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйіне талдау жасап, мәселені шешу жолдарын қарастырды.

Азық-түлік қауіпсіздігі – кез-келген елдің өз халқын сапалы, бағасы сай азық-түлік қорымен қамтамасыз ету қабілетінің көрсеткіші; әрі билік легитимділігі мен қоғамдық институттар қызметінің тиімділігін де анықтай алады.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНЫҢ ШАРЫҚТАУЫ «ҚАУІПТІ ШЕККЕ» ЖЕТТІ

Jamestown қорының жазуынша, Орталық Азия мемлекеттеріндегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған факторлар – әлемдегі азық-түлік қымбатшылығы, аймақ елдерінің кедейлігі, инфляцияның өсіп кетуі, макроэкономикалық тұрақтылық мәселесі, су ресурстары мен сауда-саттық саласында ынтымақтастықтың жоқтығы, климаттық және географиялық жағдайлардың қиындығы.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік Банктің азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты дайындаған баяндамасы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін күн тәртібіне қайта шығарып, мәселе шешімін таппаса, аймақ елдері орасан зор әлеуметтік-саяси келеңсіздіктерге ұшырайтынын ескертті.

Осы ретте 2005 жылы Өзбекстанның Әндіжан аймағында болған көтеріліс пен Қырғызстанда соңғы алты жылда биліктің екі реті ауысуы сияқты тұрақсыздық Орталық Азияда шапшаң реформалар жүргізу қажеттігін айқындай түскенін айтады қор.

Биыл ақпанның 15-інде Дүниежүзілік Банктің басшысы Роберт Зеллик әлемдегі азық-түлік бағасының қымбаттауы «қауіпті шекке» жеткенін және оның Орталық Азия аймағы үшін кері әсері болуы мүмкін екендігін айтып, ескерту жасады. Роберт Зеллик: «Орталық Азияда азық-түліктің бағасы аймақтағы кедейлік деңгейімен салыстырғанда едәуір қымбаттады. Осының салдарынан әлеуметтік және саяси келеңсіздіктерге түрткі болатын шиеленісті жағдай қалыптасып отыр» деді.

БҰҰ ақпанның 3-і күні азық-түлік бағасына жасаған талдауында аймақта ең негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттағанын жеткізеді. Бұдан ары Jamestown қоры Орталық Азия мемлекеттеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне азды-кем талдау жүргізеді.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҚОР ЖИНАП ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ

Jamestown қорының жазуынша, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде Тәжікстанның ахуалы сын көтермейді. Осыдан дәл екі жыл бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонов халықты кем дегенде екі жылға жететін ең қажетті азық-түлік қорын жинап алуға шақырған еді. Кейбір деректер бойынша, елде соңғы уақытта азық-түлік өнімінің тек бір түрі – ұнның бағасы 80 пайызға дейін қымбаттаған. Ал орта деңгейлі тәжік отбасындағы күнделікті тұтынатын тағамдардың 60 пайызы – ұннан жасалатын өнімдер.

Қазір Тәжікстанның өзінде өндірілетін азық-түлік өнімдері халық
Тәжіктің ұлттық тағамы. 16 қараша 2010 жыл.
сұранысының тек 70 пайызын ғана өтей алады. Үкімет бидай бағасын 15 пайызға арзандату және нарықтағы бидай бағасы саясатының қалай қалыптасатынын зерттеу үшін стратегиялық қордағы бидайды пайдалануға көшті.

Елдің өзінде жоқ азық-түлік түрлерін импорттап, ауыл шаруашылығын дамыту үшін өңделмеген жерлерді (50 мың гектар бос жатқан жер бар) пайдалану саясатының тиімділігіне кейбір сарапшылар күмәнмен қарайды.

Ал Қырғызстанда 2010 жылы болған тұрақсыздықтар елдің азық-түлік қауіпсіздігін бір шайқалтып өтті. Тұрақсыздықтан зардап шеккен экономиканы аяғынан тік тұрғызуға ұмтылып жатқан Қырғызстан да қазір азық-түлік бағасының қымбаттауына тап болып отыр дейді Jamestown. Мәселен, Бішкекте баға 20-дан 30 пайызға дейін қымбаттаса, шеткері аймақтарда баға 50-ден 100 пайызға дейін көтеріліп кеткен.

Қырғызстан азық-түліктің 35 пайызын сырттан импорттайды, ал өзінде өндірілетін астық халықтың сұранысының 73 пайызын өтеуге жетеді. Жергілікті фермерлердің жетпіс пайызы қаржылық және техникалық жағынан тапшылық көріп отыр. Жергілікті сарапшылар қазір мемлекеттік қордағы астықты пайдалануды және ауылшаруашылық өндірісінде фермерлерді ынталандыру үшін жеңілдетілген несие беруді қолға алу қажет деген пікірде. Тек «Айыл Банктің» бір өзі фермерлерге жылына тоғыз пайыздық үстемемен 1миллиард сом (шамамен 21,47 миллион АҚШ доллары) бөлуді қарастырып жатыр.

«Бірақ парламент әлі 2007 жылы сәтсіздікке ұшыраған азық-түлік қауіпсіздігі турасындағы заңды қабылдауы қажет және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешумен бел шеше айналысып жатқан он бір агенттіктің жұмысын үйлестіруі шарт» деп кеңес береді қор.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛТАСЫ 20 ПАЙЫЗ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫ КӨТЕРЕ АЛМАЙДЫ

Азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы Түркіменстанда да шешімін таппай отыр. Елде шөлейтті жерлердің басым болуы мен айдалатын егістік жердің тек 4,5 пайызының ғана пайдаланылуы Түркіменстанда дәнді дақыл өндірісінің жағдайы күрделі екендігін көрсетеді. Оның үстіне Түркіменстанның су ресурстарының 95 пайызы Орталық Азиядағы өзендердің жоғарғы ағысында отырған мемлекеттерге тәуелді екенін жазады Jamestown.

Бірақ мемлекет азық-түлік өнімдерін өндіруде алға қойған жоспар орындалды деп отыр. Өткен жылы елде 1,4 миллион тонна бидай жиналды десе, басқа дерек көздері жиналған астық көлемі 800 мың тонна ғана дейді. Ал биыл 1,6 миллион тонна астық жиналады деп болжанып отыр.

Ашғабад «мемлекет сыртқа жоғары сортты бидай экспорттау мүмкіндігіне әлдеқашан жетті» деп санайды. Алайда өзге деректер тұрғындардың күнделікті ас мәзірінде бағасы қымбат картопты асқабақтың алмастырғанын, халықтың қалтасы 20-25 пайызға дейін қымбаттаған азық-түлік бағасын көтере алмайтынын жеткізеді.

ӨЗБЕКСТАН ӨЗІН-ӨЗІ АСЫРАЙ АЛА МА?

Өзбекстандағы азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйі үкіметтің өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету және Қазақстаннан сатып алатын бидай көлемін қысқарту шараларымен байланысты деп жазады қор. Мәліметтер бойынша, 27 миллион халқы бар Өзбекстанға жылына төрт миллион тонна бидай қажет екен. Ал елдің стратегиялық қорындағы бидай қазіргі кезде 400-600 мың тонна аралығындағы мөлшерде деген мәлімет бар.

Ресми дерек бойынша, Ташкент 2007 жылы 7 миллион тонна астық жинады делінген, алайда өткен жылы бидайдың бөлшек саудадағы бағасы 200 пайызға дейін қымбаттап, түгелдей дерлік азық-түлік өнімдерінің бағасы жүз пайыздық деңгейден жоғарылап кеткен.

Оның үстіне Өзбекстанның астық нарығының 90 пайызын қазақстандық компаниялар жаулап алған, ал сарапшылар мұны «үкіметтің жоғарыдағы өзін-өзі қамтамасыз ету саясатының толықтай күйреуге ұшырауы» деп бағалап отыр.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫН ӨТКІЗУГЕ ӘСЕР ЕТТІ

Азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы Қазақстанды да сырт айналып өтпейді дейді Jamestown. Оған дәлел – азық-түлік бағасының 12-ден 60 пайызға дейін қымбаттауы. Әлемдік нарықта көмірсутегі отыны мен азық-түлік бағасының қымбаттауынан бөлек, Қазақстанның Кедендік одаққа мүше болуы мен
Қазақстанның Орал қаласындағы шағын дүкен. (Көрнекі сурет)
Қытайдан келетін тауарлардан алынатын салық көлемінің 20 пайызға артуы да бағаның қымбаттауына әсер етіп отыр дейді қор.

Ал Қазақстан оппозициясы «сәуірдің 3-іне белгіленген президент сайлауына үкімет бетпе-бет келіп тұрған азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы әсер етті» деген пікір айтады.

Орта Азия елдеріндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі алуан түрлі сипатта. Бірақ бес мемлекетке ортақ факторлар да баршылық. Мәселен, аймақ елдері теңізге шығатын жолдың жоқтығынан, қоғамдық институттардың әлсіздігінен, қатаң климаттық жағдайдан, сондай-ақ ортақ сауда айналымының дамымай қалуынан, су көздеріне қатысты түйткілдер мен кедейліктің аса жоғары деңгейде болуынан (25 пайыздан 60 пайызға дейін) зардап шегіп отыр.

Бұған қоса әлемдік нарықта көмірсутегі шикізатының қымбаттауынан пайда табатын аймақтағы мұнай мен газ өндіруші Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстанның экономикасының өсімі де айтарлықтай емес. Мұны инфляцияның жоғары болуы мен азық-түлік бағасының қымбаттауынан көруге болады деген уәж айтады Jamestown қоры.

Сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін оңтайлы шешу үшін аталған бес елге жеке-жеке әрекет етпей, бірлесе қимылдауды, кедейлік пен жемқорлықты ауыздықтауды, макроэкономикалық мәселелерді шешу мен ауылшаруашылық өндірісін дамытуды ұсынады. Сондай-ақ аймақ мемлекеттері су ресурстарын пайдалану мен сауда-саттық саласында кең ауқымды, барынша тиімді ынтымақтастық орнатқандары жөн дейді сарапшылар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG