Accessibility links

Биыл Қазақстанның футбол командаларына келген легионерлер саны көбейді. 2012 жылы Қазақстан біріншілігіндегі легионерлер 94-ке жетті. Мамандар шетелдік футболшыларды тарту мәселесінің оң және теріс жақтары бар дейді.


Премьер-лиганың барлық клубтары шетелдік футболшыларды шақыру құқықтарын мейлінше пайдаланып жатыр. Бұрын легионерлер бұрынғы советтік елдерден ғана келсе, қазір олар әлемнің түкпір-түкпірінен келетін болған.

«ЖЕҢІЛІП ЖАТҚАНДА ЖАРНАМА КЕРЕК ЕМЕС»

2011 жылы Қазақстан чемпионы болған «Шахтер» командасы, сонымен қатар «Астана», «Жетісу», «Ақтөбе» клубтары жеті легионерден сатып алған. Алматылық «Қайрат» клубы өз қатарына 5 шетелдік футболшыны қосыпты. Солардың бірі, жартылай қорғаушы - Хорватия азаматы Йосип Кнежевич. Оны «Қайратқа» ресейлік «Амкар» клубы 10 айға жалға беріп отыр. «Қазақстандық командаға өтуіме бұрынғы клубта алаңға көп шықпауым себеп болды» - дейді футболшы.
Йосип Кнежевич (оң жақта), "Қайрат" футбол клубының жартылай қорғаушысы. (Сурет "Қайрат" футбол клубының жеке мұрағатынан алынды. Суретті түсірген Эдуард Гавриш).

Йосип Кнежевич (оң жақта), "Қайрат" футбол клубының жартылай қорғаушысы. (Сурет "Қайрат" футбол клубының жеке мұрағатынан алынды. Суретті түсірген Эдуард Гавриш).


- Әзірше тек екі ойын өткіздім. Команданың қимылына көңілім толмады. Менің ойымша, уақыт керек, енді 10-15 күннен кейін реттеліп қалармыз, - дейді Йосип Кнежевич.

«Жеңіліп жатқан кезде жарнаманың қажеті жоқ» деген команда басшылығы бізге «Қайраттың» легионерлерімен сөйлесуге көп уақыт бермей, футболшыларды жаттығуға шақырып алды.

Клуб қазір премьер-лиганың турнирлік кестесінде 12-орында тұр, осы жылғы үш ойынның біреуінде ғана жеңіске жеткен.

«БІРАЗДАН БЕРІ ФУТБОЛ ОЙНАМАҒАН ЕДІМ»

«Қайрат» командасының тағы бір легионері Бурак Акылдызбен де сұқбаттастық. Оны бізге команда басшылығы «Қазақстанға келген алғашқы түрік легионері» деп таныстырды. Түркияның Denizlispor клубында өнер көрсеткен қорғаушы Қазақстанға ол команда банкрот болып қалғаннан кейін ауысыпты. Әзірге бір жылға келісім жасасқан.

- Менеджер қызығушылық танытқан клуб бар екенін айтты. Келістім. Біраз уақыттан бері футбол ойнамай қалған едім. Енді Қазақстанда қалуға қарсы Бурак Акылдыз, "Қайрат" футбол клубының қорғаушысы. (Сурет "Қайрат" футбол клубының жеке мұрағатынан алынды).

Бурак Акылдыз, "Қайрат" футбол клубының қорғаушысы. (Сурет "Қайрат" футбол клубының жеке мұрағатынан алынды).

емеспін, алайда тіл білмей, түсінісуге кедергілер болып жатыр. Қалыңдығым келіссе, осында қаламын, - дейді Бурак Акылдыз.

Ол «Қайраттың» үш ойынына қатысқан, алайда «бар өнерімізді көрсете алмадық» дейді.

«СЕРБ АГЕНТТЕРІНІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ»

«Биылғы легионерлер қатарының күрт артуы регламенттің қайта қаралуымен байланысты» дейді Қазақстан ұлттық лигасы өкілдері.
Легионерлер көбейсе, Қазақстан командаларының Еуропа футболында да бәсекеге қабілеті күшейеді деп үміттенеміз.

- Егер 2011 жылы әр клубқа бес легионер шақыруға рұқсат берілсе, биыл жеті легионер алуға рұқсат етілді. Бірақ бұдан қазақстандық футболшыларға ешқандай зиян келмейді. Себебі былтыр клубтар 23 футболшыдан тұрса, биыл командадағы футболшылар санын 25-ке дейін көбейтуге рұқсат берілді. Бұл легионерлер арасындағы бәсекелестікті күшейтуге де әсер етеді. Клубтар 7 легионерге дейін алып отырғанымен, олардың алаңда бір мезетте бесеуі ғана ойнай алады. Легионерлер көбейсе, Қазақстан командаларының Еуропа футболында да бәсекеге қабілеті күшейеді деп үміттенеміз, - дейді Қазақстан ұлттық футбол лигасының басшысы Олжас Абраев.

Легионерлердің көбі - Шығыс Еуропа елдерінен келген футболшылар. Қазақстанға Сербия, Босния мен Герцеговина азаматтары келіп жатыр.

- Бәлкім, бұл Қазақстан футбол аренасындағы серб агенттерінің белсенділігімен байланысты шығар, - дейді Олжас Абраев.

Биыл Сербиядан Қазақстан клубтарына 27 футболшы, Босниядан 7, Хорватиядан 6 легионер келіпті. Премьер-лигада Литва, Молдова, Өзбекстан және Африка елдерінің де футболшылары ойнап жүр. 2011 жылы Қазақстан біріншілігінде тұңғыш рет Испания және Голландия футболшылары ойнаған болса, биыл британдықтар да пайда болды.

Олжас Абраевтың ойынша, «елдегі біріншіліктің деңгейі жылдан жылға көтеріліп, қазақ футболының жанкүйерлері де көбейіп келеді».

«БІР ЖЫЛДЫҚ» ЛЕГИОНЕРЛЕР

Ойыншылардың трансферлік құны туралы ақпарат тарататын transfermarkt.de веб порталының мәліметі бойынша, Қазақстандағы легионерлердің жалпы құны 23 миллион 650 мың еуро болған. Осы жылы ең үлкен қаражатты - 3 миллион 100 мың еуроны «Ақтөбе» клубы жұмсапты. Одан кейінгі орындарда талдықорғандық «Жетісу» мен қостанайлық «Тобыл» тұр. «Жетісу» 2 миллион 850 мың, «Тобыл» 2,5 миллион еуроға легионерлер алған.

- Бұл - ойыншылардың нарықтағы шамалас құны, алайда нақты ақпарат деп ойлауға болмайды, - дейді Қазақстан ұлттық футбол лигасының басшысы Олжас Абраев.

Спорт шолушысы Есей Жеңісұлының айтуынша, «Қазақстанға келетін легионерлердің көбі - аса шеберлігімен көзге түспеген ойыншылар. Өйткені мықты ойыншыларды шақыруға мол қаражат керек. Ал біздегі командалардың көбі облыстық бюджеттен қаржыландырылады».
Бір командаға жақсы жеті легионер келсе, Еуропа лигасының топтық турниріне шығуға жетіп тұр. Бізде әлі ешқандай команда топтық турнирге шыққан жоқ.

- Олардың ішінде төлеген ақшаны ақтамайтындары көп. Көбі «бір жылдық» легионерлер. Қазақстанда үш жыл тұрақты ойнаған легионерлер саны 10-нан аспайды. Мәселен, 90-нан аса легионер бар десек, соның 20-сы бірінші айналымнан кейін жарамсыз болып шығады. Кейбірі таңдау кезінде, оқу-жаттығу кезінде өзін жақсы көрсетіп, келісім-шартқа қол қойылып, тұрақты ақша ала бастаған соң ойнамай қояды. Жалпы, бір командаға жақсы жеті легионер келсе, Еуропа лигасының топтық турниріне шығуға жетіп тұр. Бізде әлі ешқандай команда топтық турнирге шыққан жоқ. Ал, UEFA-дағы 53 елдің ішінде 45-орында тұрмыз. Осыдан-ақ ой түйе беріңіз, - дейді Есей Жеңісұлы.

Әйткенмен, Есей Жеңісұлының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанға тәуір легионерлер аз да болса келе бастаған.

- Биылғы легионерлер ішінде он шақтысын «жақсы ойыншы» деп бағалауға болатын шығар. Өйткені Қазақстанда бұрынғы жылдармен салыстырғанда Спорт шолушысы Есей Жеңісұлы. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Спорт шолушысы Есей Жеңісұлы. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

футболшыларға тәуір ақша төлене бастады. Қазір командаларда негізгі құрамға енбейтін, алаңға анда-санда ғана жіберілетін футболшы айына бес мың АҚШ долларын алады. Жас ойыншылар екі-үш мың доллар алуы мүмкін, - дейді ол.

Оның ойынша, легионерлер Қазақстан футболының деңгейін сәл де болса өсірді.

- Өткен жылы «Шахтер» командасы Еурокубокта Словенияның өте мықты «Лука Копер» командасын артта қалдырды. Бұл, сөз жоқ, босниялық легионерлер Алдин Джидич пен Никола Василиевичтің арқасы. Василиевич бір ойында дубль жасады. Пайдасы тиді. Жақсыларының пайдасы болады, - дейді ол.

Есей Жеңісұлы «Қазақстан футболшыларының шеберлігі қандай?» деген сұраққа «оптимистік жауап бере алмайтынын» айтты.

- Біздің футболшылардың бірде-біреуі сырт елде ойнамайды. Олар өз қазанында қайнап жатыр. Неге біздің ұлттық құрамамыз әлсіз? Өйткені біздің футболшылар осы деңгейді қанағат тұтады. Көпшілігі тек біреудің тоқпақтауымен ғана жүреді. Қазақ футболшылары өздерін шет елдерде сынап көрсе, жоқ дегенде Кипрдың ұлттық біріншілігінде ойнап келсе, олар басқа ортаны көріп, ол жақта қандай жанталас болатынын түсініп, ұлттық құраманың деңгейін өсіретін еді, - дейді журналист.

Қазақстандағы премьер-лига ойындары 10 наурызда басталып, қарашаның 13-інде аяқталады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG