Accessibility links

Бас бапкерді таңдауға жанкүйерлер «қызықпады»


Қазақстан және Буркино-Фасо футбол құрамаларының кездесуі. Алматы, 12 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан және Буркино-Фасо футбол құрамаларының кездесуі. Алматы, 12 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

ҚФФ-ның Қазақстан футбол құрамасы бапкерін жанкүйермен бірге таңдау бастамасы іске аспай қалды. 50 мың адам қатысуы тиіс сауалнамаға жауап бергендер саны үш мыңға жетпеді. Шара «жолсыз жоба» атанды.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкерін жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы таңдау идеясын ҚФФ (Қазақстан футбол федерациясы – ред.) президенті Ерлан Қожағапанов ұсынған.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов. Астана, 21 қараша 2015 жыл.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов. Астана, 21 қараша 2015 жыл.

ҚФФ ұсынған шарт бойынша, федерацияның ресми сайтына жарияланған «Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері кім болғанын қалайсыз?» атты сауалнамаға 2015 жылдың желтоқсанының 28-інен биылғы қаңтардың 15-іне дейін 50 мың жанкүйер жауап беруі тиіс болды. Қаңтардың 15-і күні жабылған бұл сауалнаманың «қазақстандық маман» және «шетелдік маман» түймелерін басқан жанкүйер саны үш мыңға да жетпеген. Енді ҚФФ ұлттық құраманың бас бапкерін өзі таңдайды.

«ЖАНКҮЙЕР МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНБАДЫ»

ҚФФ сайтындағы сауалнамаға дауыс берген алматылық жанкүйер Алмас Бейсенғазиннің айтуынша, «жанкүйерлердің ұлттық құрама бапкеріне көңілі толмайды, сондықтан ол бас бапкерді жанкүйермен бірге таңдау бастамасын өте жақсы қабылдаған» .

- Сәтті идея болған еді. Өзім «шетелдік маманды» таңдадым және 50 мың жанкүйер дауыс беретініне сендім. ҚФФ жанкүйерге мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, олар оны пайдаланбады, - дейді блогер.

ҚФФ сауалнамасына қатысқан тағы бір жанкүйер, блогер Аршат Оразовтың ойынша, керісінше ҚФФ «жанкүйерге ақпаратты дұрыс жеткізе алмаған».

- ҚФФ жоспарларын фанаттарға дұрыс жеткізе алмады. Сауалнаманың жарнамасы мен насихаты дұрыс болмады, - дейді ол.

Ал журналист Жандос Байділдә «Қазақстанда бапкерге таңдау жасайтын футбол фанаттарының саны аз» деп біледі.

ҚФФ сауалнамасының скриншоты.

ҚФФ сауалнамасының скриншоты.

- Бұған қызығатын 50 мың адам бар дегенге күмәнданамын, - дейді ол.

ҚФФ 50 мың деген «өлшемді» қайдан алғанын түсіндірмеді. Тек Қожағапанов Facebook парақшасында «Дауыс берушілер 50 мыңнан кем болмауы тиіс деген шешімге келдік... Ұлттық құраманың Алматы мен Астанадағы ойындарының әрқайсысын [стадионда] 20 мыңнан аса көрермен тамашалағанын ескергеніміз жөн» деп жазды.

ӘЛЕМДІК БАСЫЛЫМДАР РЕАКЦИЯСЫ

ҚФФ бастамасы әлемдік басылымдарда қызу талқыланды. Мәселен The Guardian ҚФФ бастамасын «сәтсіз жоба» деп атаған. Басылым «Дауыс берушілердің барлығы қазақ фанаттары емес. Дауыс беру федерация сайтын қолданушыларға ашық. Кез келген шетелдік фанаттар да дауыс бере алады» деп жазды. ҚФФ басшысы Қожағапанов әлеуметтік желіде «ҚФФ сайтына тіркелгендер ғана дауыс бере алады» деген еді.

Ал германиялық Spiegel сайты бұл шараға оң көзқарас білдірген. Басылым «Қызық идея. Бұл іске елдің футбол федерациясы үлкен мән беріп жатыр» дей келе, «Германиядағы миллиондаған жанкүйер мұндай сауалнамаға бір рет болсын қатысқысы келетініне күмән жоқ» деп жазды.

The Guardian басылымының ҚФФ сауалнамасы туралы мақаласының скриншоты.

The Guardian басылымының ҚФФ сауалнамасы туралы мақаласының скриншоты.

Ал Евроспорт сайты сауалнамаға әзілмен қарағанға ұқсайды. Басылым Қазақстан ұлттық құрамасын жаттықтыруға кандидаттар ұсынып, ол «тізімге» Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, актер Саша Барон Коэн, әнші Йозеф Кабзон, футбол бапкерлері Жозе Моуриньо мен Фабио Капеллоны енгізіп қойған.

Кейбір шетелдік басылымдардың сынынан кейін ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов Facebook парақшасында «Мақсатым - қалың жанкүйердің пікірін тыңдау. Оның несі айып?» деген пікір білдірген еді.

БАПКЕРДІ ҚФФ ТАҢДАЙДЫ

Егер жауап бергендер саны 50 мың адамнан асса, ҚФФ екінші кезеңде жанкүйерлер таңдауына кандидаттар есімін ұсынуға уәде берген еді. Ал дауыс берушілер 50 мыңға жетпесе, федерация мұны «ұлттық құрама бапкерін өзі таңдауға берілген келісім деп есептейтінін» ескерткен.

Ал сауалнамаға жауап берген 2600 жанкүйердің көбі (1755 дауыс) «шетелдік маманды» таңдаған. Бірақ дауыс саны тиісті межеге жетпегендіктен, енді бас бапкерді ҚФФ өзі таңдайды. Федерация ұлттық құрама бас бапкерінің есімін қаңтар айының соңына дейін жариялайды.

ФИФА рейтингінде 132-орында тұрған Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ресейлік Юрий Красножанмен келісім-шартты созбай, 2015 жылдың соңында оны отставкаға жіберген болатын. Әзірге Қазақстан футбол құрамасы Еуропа және Әлем чемпионаттарының топтық кезеңіне шыға алмай келеді.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG