Accessibility links

Назарбаевтың жиені ҚФФ-ны басқару ниетін өзгертпеген


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиендерімен отыр. 1992 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жиендерімен отыр. 1992 жыл.

Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) президентін «мүдделер қайшылығына» қатысты айыптаған Айсұлтан Назарбаев федерация басшысы сайлауын ерте өткізуді талап етеді. ҚФФ бұл айыпты терістейді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Назарбаев Қазақстан футбол федерациясы басшысы қызметін атқарғысы келетін ниетін ашық жариялап жатыр. Кеше Алматыда өткен дөңгелек үстелге қатысушылар федерацияның қазіргі президенті Ерлан Қожағапановты отставкаға жіберу мәселесін көтерді. Сол күні Айсұлтан Назарбаев кейбір БАҚ өкілдері үшін баспасөз жиынын өткізіп, Қожағапановты сынаған.

ҚФФ ПРЕЗИДЕНТІ ПОЗИЦИЯСЫНА ҚАРСЫ ШАБУЫЛ ҮДЕДІ

ҚФФ қазіргі президентінің қарсыластары «Ерлан Қожағапанов «Астана» футбол клубы кіретін «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры болғандықтан, оның бұл лауазымда отыруында мүдделер қайшылығы бар» деген пікірлерінен танбайды. Қыркүйектің басында футбол федерациясына жолдаған хатында Айсұлтан Назарбаев та осы уәжге сүйенген. Әлгі хатта ол футбол саласын басқаратын шенеунік ретінде өз кандидатурасын қарастыруды ұсынған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені әрі Дариға Назарбаева мен марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлының бұл хаты Қазақстан қоғамын аса қатты дүрліктіре қойған жоқ. Оның жақтастары мен қарсыластары әлеуметтік желілерде пікір білдірумен шектелді. Федерацияның баспасөз қызметі Азаттыққа Айсұлтан Назарбаевтың хатын алып, атқару комитеті мүшелеріне жолдағанын хабарлағанымен, футбол федерациясы әлгі хатқа жауап қайтарған жоқ.

ҚФФ президенті Ерлан Кожағапановтың FIFA президенті Йозеф Блаттермен түскен суреті (оң жақта).

ҚФФ президенті Ерлан Кожағапановтың FIFA президенті Йозеф Блаттермен түскен суреті (оң жақта).

Енді ҚФФ қазіргі президенті Ерлан Қожағапановтың позициясына қарсы шабуыл бұрынғыдан үдей түскендей. Қазанның 18-і күні Алматыдағы «Достық» қонақүйінде «Қазақстанның футбол трибунасы: әркімге сөз береміз» деген атаумен өткен дөңгелек үстелде (оған Азаттық тілшісін кіргізбеді) ҚФФ-ның қазіргі президенті Ерлан Қожағапановтың жақтастарына қарағанда, Айсұлтан Назарбаевтың жақтастары көп жиналғаны байқалды. Бірақ дөңгелек үстелге екеуі де қатысқан жоқ.

Informburo.kz сайты дөңгелек үстелді «Алматыдағы өте қымбат қонақ үйде (елдегі футбол «төңкерісінің» үшінші кезеңі өткен) ұнаған жалғыз нәрсе – қысқа юбка киген модель бойжеткендер мен мини-оркестр. Бітті. Қалғаны жиналған қонақтарымен бірге қазіргі билікті жерден алып, жерге салып жамандауға шебер ерлі-зайыптылардың қарабайыр отбасылық тірлігін еске түсіреді. Бұл жолы бәрі жабылып жалғыз адамды …[ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановты] айыптады » деп сипаттаған.

Дөңгелек үстел ҚФФ атқару комитетін Ерлан Қожағапановқа сенімсіздік білдіруге, бұл қызметтегі жұмысын заңсыз деп санауға және кезектен тыс сайлау конференциясын өткізуге шақырумен аяқталды.

ПРЕЗИДЕНТ ЖИЕНІНІҢ ҚЫЗМЕТІ

Айсұлтан Назарбаевтың баспасөз жиынына да кейбір БАҚ-тар ғана шақырылды.

Vesti.kz сайты Айсұлтан Назарбаевтың «Аллахтың қалауымен осындай әулетте, яғни елбасымыз әрі президентіміздің отбасында дүниеге келдім. Президенттің жиені болу - менің негізгі әрі тәулігіне 24 сағат бойы атқаратын қызметім» деген сөздерін келтірген.

Айсұлтан Назарбаев егер ҚФФ президенті сайлауы өтетін болса, жұртты сайлауалды бағдарламасымен есеңгіретіп тастауға уәде етеді. Айсұлтан Назарбаев «өзінің ҚФФ президенттігіне қатысты амбициясын кландар тартысымен байланыстыратын әңгімелерді өсек-аяң мен топастыққа балайды».

25 жастағы Айсұлтан Назарбаев – Ұлыбританияның құрлық әскерлерінің «Сандхерст» әскери академиясының түлегі. Өзінің жазуынша, академияда оқып жүріп «Ұлыбританияның жетекші клубтарында» ойнаған. Ал Қазақстанға оралғаннан кейін алаңға «Астана» және «Сұңқар» футбол клубтары құрамында шыққан.

Қазақстан президентінің жиені Айсұлтан Назарбаев (сол жақтан бірінші) академик Мұхтар Әлиевті жерлеу рәсімінде отыр. Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстан президентінің жиені Айсұлтан Назарбаев (сол жақтан бірінші) академик Мұхтар Әлиевті жерлеу рәсімінде отыр. Алматы, 13 қаңтар 2015 жыл.

Бірақ ол нағашы атасының ықпалды таныстарының көмегіне жүгінуге тура келгенін мойындайды. Мысалы, ол Ұлыбританияның футбол лигасына қалай ілінгенін айтып берген.

Zakon.kz сайты Айсұлтан Назарбаевтың «Президенттің жанына барып,футболшы болғым келетінін айтып, оған ұзақ жалындым. Сірә, «есі дұрыс па» деп ойлаған шығар, ол менің бетіме қарады да, «бар, оқуыңды оқы!» деді. Бірақ ақыры көздеген мақсатыма қол жеткізгенімде, олар маған хабарласты. Әкем екеуміз Роман Абрамовичке жолықтық. Ол «Бұл - Еуропа, сондықтан жүйеге, жаттықтырушыларға ықпал ете алмаймын, олардың шешіміне араласа алмаймын. Селекциядан өтіп жатсаң, онда сөз жоқ» деді. «Челси» академиясында 2-3 ай болдым. Бірақ дайындығың жеткілікті емес деп мені ол жақтан қуып жіберді. Сосын реті келіп, «Портсмут» футбол клубына іліндім. Ол клубта келісім-шарт бойынша бір маусым – 2007 жылға дейін жасөспірімдер командасында ойнадым. Бірақ бір жағдайға байланысты (автордың ескертуі. – жарақат алған) карьерамды аяқтауға тура келді» деген сөзін келтірген.

ҚФФ ПОЗИЦИЯСЫ

Қазанның 10-ы күні Астанада ҚФФ атқару комитетінің отырысын өткізіп, комитет «ҚФФ президентінің қос қызметті атқаруында мүдделер қайшылығы жоқ» деп тапқан.

Бұдан сәл ертеректе федерация Ерлан Қожағапановты «мүдделер қайшылығына» қатысты айыптаған Айсұлтан Назарбаевтың қыркүйектегі хатына орай УЕФА-дан (Еуропа футбол қауымдастықтары одағы) жауап алған. Informburo.kz сайтының дерегінше, УЕФА «...әлдебір мүдделер қайшылығына жол бермеу үшін президент жоғарыда аталған астаналық футбол клубына қатысты әлдебір шешімдерді қабылдауға араласпауы тиіс деп санаймыз» деп жазған.

Бүгін ҚФФ-ның қазіргі президенті Ерлан Қожағапановқа Қазақстан кәсіби футбол лигасы президенті Олжас Абраев араша түсті.

Олжас Абраевтың сөздерін zakon.kz сайты келтірген. Ол «Соңғы отырыста ҚФФ атқару комитетінің бүкіл мүшесі «Ерлан Қожағапановтың қызметінде мүдделер қайшылығы жоқ» деп бір ауыздан тану арқылы федерация президентіне толық сенім білдірді. Кәсіпқой футбол лигасы кеңесі өзге шешім қабылдаған жоқ. Футбол қауымын мұндай сөздермен дүрліктірудің қажеті жоқ. Одан да жұмысымызды істеп, өз шаруамызбен айналысайық!» дейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG