Accessibility links

Қазақстанның қымбат футболшысы – Еуропада арзан


Қазақстан мен Тәжікстан құрамасы арасындағы ойыннан көрініс. 10 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстан мен Тәжікстан құрамасы арасындағы ойыннан көрініс. 10 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Германияның «Тransfermarkt» порталы дерегінше, қазақ футболшыларының трансферлік бағасы Еуропадағы Андорра, Сан-Марино және Лихтенштейн футболшыларынан ғана қымбат.

Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Генрих Шмидтгаль қазір Германия чемпионатындағы Greuther Fürth («Гройтер Фюрт») командасында ойнайды. 1985 жылы Алматы облысы Есік қаласында туған Шмитгаль 1990 жылдардың басында Германияға қоныс аударған. Ол 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің футбол құрамасында сегіз ойын өткізді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫМБАТ ФУТБОЛШЫ

Неміс порталының мәліметіне сүйенсек, Шмидтгальдың трансферлік бағасы 1 миллион 750 мың еуроны құрайды. Шмидтгаль – Қазақстан құрамасындағы ең қымбат ойыншы.

Спорт шолушысы Ермұхамед Мәулен «Шмидтгаль Қазақстанда ең қымбат ойыншы болғанымен, Еуропада арзан футболшылардың бірі» дейді.

– Шмидтгаль Германия чемпионатында ойнайды. Сондықтан оның бағасы қымбат. Алайда бұл футболшының бағасы Еуропа футбол базарында арзан болып қалады. Мысалы, ағылшындық Manchester United («Манчестер Юнайтед») командасы голландиялық ван Персиді 30 миллион еуроға сатып алып жатқанда Шмидтгальдың бағасы бұл жерде болмашы ғана. Салыстырмалы түрде қарасақ, Шмидтгаль ван Персиден он бес есе арзан, – дейді Ермұхамед Мәулен.

800 МЫҢНАН 25 МЫҢҒА

Таңат Нөсербаев – Қазақстан құрамасының ойыншысы. 25 жастағы футболшы ұлттық құрамаға қоса «Астана» командасында да ойнайды. Неміс порталы
Қазақстандық футболшы Мұрат Тілешов. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық футболшы Мұрат Тілешов. (Көрнекі сурет)
Нөсербаевтың трансферлік бағасын 800 мың еуроға бағалапты.

Ал қарағандылық «Шахтер» командасында ойнайтын Сергей Хижниченконың бағасы – 475 мың еуро.

Андрей Карпович («Ордабасы», Шымкент) пен Михаил Рожковтың («Астана») бағалары – 400 мың еуро.

Қазақстан құрамасында 59 ойын өткізген Самат Сымақовтың бағасы 2011 жылы 400 мың еуро болса, биыл 200 мың еуроға түсіп қалған.

Қостанайлық «Тобыл» командасының капитаны, Қазақстан құрамасында он жыл ойнаған Нұрбол Жұмасқалиевтың да бағасы биыл арзандапты. Былтыр Жұмасқалиевтың трансферлік бағасы 400 мың еуро құраса, биылғы бағасы – 325 мың еуро.

Азаттық тілшісімен тілдескен Нұрбол Жұмасқалиев бұл мәліметке көп мән бермейтінін мәлімдеді.

– Германиялық бұл интернет порталдың жыл сайын әлем футболшыларының бағасын жариялайтынын білемін. Бірақ мен үшін бұл дерек маңызды емес, – деді футболшы.

2008 жылы Англия – Қазақстан ойынында ағылшындар қақпасына гол салған қазақ футболшысы Жамбыл Көкеевтің бағасы да биыл арзандапты – 275 мың еуро.
Ауылдағы шағын футбол турнирінен көрініс. Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылы. 9 мамыр 2012 жыл.
Ауылдағы шағын футбол турнирінен көрініс. Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат ауылы. 9 мамыр 2012 жыл.
«Уэмбли» стадионындағы сол голынан соң Көкеевтің бағасы 600 мың еуроға жеткен еді. Жамбыл Көкеев сол кездері түріктің Burjaspor («Буржаспор»), немістің Schalke («Шальке»), Әзербайжанның «Баку» командаларында сынақта болды. Алайда бұл командалардың ешбірі Көкеевпен келісім-шарт жасасқан жоқ.

Қазақстан құрамасының қақпашысы Александр Мокиннің бағасы мүлде арзан – 150 мың еуро.

Қазақстан чемпионатында ойнайтын Ермек Нұрғалиев, Байыржан Сейсенбеков, Дәурен Жатеков, Илья Воротников сынды футболшылардың трансферлік құны – 25 мың еуро.

«АЛ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАЛАҚЫ ЖАҚСЫ»

Спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Қазақстан футболшылары бағасының төмен болуына таң қалмайтынын айтады.

– Қазақстанның ішкі біріншілігіндегі клубтар бір-бірінен ойыншыларды трансферлік талаптармен сатып алмайды. Футболшылар қалаған командаларына тегін ауыса береді. Команда мен ойыншылар арасында да арнайы келісім-шарт болмайды.
Футбол үйреніп жүрген балалар. Алматы, 20 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Футбол үйреніп жүрген балалар. Алматы, 20 сәуір 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мысалы, жанкүйерлерге таныс Нұрбол Жұмасқалиев «Тобылдан» «Астанаға» ауысты. Бір жылдан кейін қайта «Тобылға» қайтып келді. Қай команда көп айлық төлесе, футболшы сол командаға тегін ауысуға дайын. Бұл жүйеге қазақстандық командалар да, футболшылар да үйреніп кеткен, – дейді сарапшы.

Футбол жанкүйері Жанболат Байбосыновтың ойынша, «Қазақстан футболшыларының бағасы арзан болғанымен, олардың табатын жалақысы көп».

– Қазақстандық командаларда жалақы жақсы. Сондықтан қазақстандық ойыншылар шетелге барып ойнағысы келмейді. Себебі шетелдік клубтарда айлық аз төленеді. Таңат Нөсербаевты швейцариялық Young Boys («Янг Бойз») командасы шақырғанда бас тартты. Себебі ол клубтан алатын ақшасы аз болды, – дейді жанкүйер.

Қазір Қазақстан құрамасындағы 23 ойыншының екеуі ғана шетелдік командаларда ойнайды. Оның бірі – жоғарыда аты аталған Гейнрих Шмидтгаль (Greuther Fürth, Германия), екіншісі Константин Энгель («Энерги», Германия).

Қазақстанның ұлттық құрамасында немесе футбол топтарында ойнамаса да, шетелдік клубтарда өнер көрсетіп жүрген қазақ спортшылары туралы Азаттық бұған дейін де жазған. Сондай жастардың бірі – Бразилиядағы әйгілі «Атлетико Минейро» клубына Алматы облысы Көксу ауданы Бақтыбай ауылынан барған 18 жастағы Рауан Сариев.

Ал Лондонда тұратын 8 жасар қазақ баласы, Ұлыбританияның Chelsea («Челси») жастар академиясына оқуға тегін қабылданған Дариус Нуритов – Chelsea Regent's Park жастар лигасы аудандық құрамасының капитаны.
XS
SM
MD
LG