Accessibility links

Forbes тізіміндегі қазақстандық миллиардерлер саны біршама қысқарып қалды

  • Есен СМАҒҰЛОВ

Қазақстан банктер қауымдастығының президенті және «Центркредит» банкінің төрағасы Бақытбек Байсейітов.

Қазақстан банктер қауымдастығының президенті және «Центркредит» банкінің төрағасы Бақытбек Байсейітов.

Қазақстандағы аса бай сегіз адамның бесеуі миллиардерлер тізімінен шығып қалды. Дегенмен де, шетелдік сарапшылар елдің жаңа бір миллиардерінің есімін анықтады.

Американың Forbes іскерлік журналы жылдағы әдетімен әлемдегі миллиардерлердің тізімін жариялады. Дағдарыс әлемдегі аса бай адамдардың қалтасын қақса керек. Біраз жылдан бері бірінші рет миллиардерлер саны 1125-тен 793 адамға дейін кеміді. Олардың басым көпшілігі байлығынан 2008 жылы айрылып қалды. Аса дәулеттілердің жалпы байлығы 23 пайызға, яғни 2 триллион долларға азайды.

Әсіресе, байлар тізімінің басында тұрғандар қатты зардап шекті. Әйгілі Билл Гейтс 18 миллиард долларын жоғалтқан. Алайда, қалған 40 миллиард доллардың өзі Microsoft корпорациясының қожасына осыдан бір жыл бұрын уысынан шығарып алған, әлемнің ең бай адамы деген атағын қайтарып берді. Екінші орынға 37 миллиард долларымен әйгілі қаржылық инвестор Уоррен Баффет шықты. Бір жылда ол 25 миллиард долларын жоғалтқан. Мексикалық бай Карлос Слим Эллу да осынша ақшасынан айрылған. Ол 35 миллиард долларымен үшінші орында тұр. Қазақстандықтарға жақсы танымал металлургия магнаты Лакшми Миттал 19,3 миллиард долларымен сегізінші орында.

Азия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі байлардың қалталары мен банктегі есеп шоттары біршама жұқарды. Ал, өткен жылғы жағдайымен пайыздық жағынан салыстырып қарағанда барынша ұтылғандар Қазақстан мен Польша. Сондықтан, Forbes сайтындағы картада аталған екі ел барынша сүреңсіз бояуға боялған.

Өткен жылы байлар тізімінде алты қазақстандық болса, енді екеуі ғана қалды. Қазақстандық байлардың жалпы жоғалтқаны 14 миллиард доллар. Ал, Польшада өткен жылғы алты миллиардердің біреуі ғана тізімде қалды. Олардың бірлесе жоғалтқаны 8,2 миллиард доллар.

Forbes байларды азаматтығы бойынша тізімдеген. Ал, кәсіпорындарының тұрған жерлеріне келсек, Қазақстанда екі емес, төрт миллиардер бар деп айтуға болады. Ең қызықтысы, дүниенің бәрі дағдарыстан төңкеріліп жатқанда Қазақстаннан жаңа бір миллиардер шықты.

Сонымен, өткен жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі ең бай адамдардың тізімінен түспей қалғандар Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (Eurasian Natural Resources Corporation) бірлескен қожалары Алиджан Ибрагимов, Израиль төлқұжаты бар қазақстандық Александр Машкевич пен бельгиялық төлқұжаты бар Патох Шодиев. Олардың әрқайсысының байлығы қазір 1,2 миллиард долларға бағаланып, әлем байларының тізімінде 601 орында тұр. Олар өткен жылмен салыстырғанда 2,1 миллиард доллар жоғалтқан.

Ендігі жаңалық, Forbes тізімінде тағы бір қазақстандық азамат пайда болды. Ол - «Центркредит» банкінің негізін қалаушы және бірлескен қожасы, Қазақстан банктер қауымдастығының президенті Бақытбек Байсейітов. Бақытбек байлар тізімінде 701-ші болып тұр. Өткен жылдың қазан айында ол «Центркредиттің» 30,5 пайыз акциясын 624 миллион долларға корейлік Kookmin Bank (Қазір ол KB Financial Group деп аталады) банкіне сатқан. Сонымен қатар, оның қолында «Центркредит» акцияларының қомақты пакеті бар. Қазақстанның қаржылық жүйесі мен жалпы экономикасының зардап шегіп жатқанына қарамастан, шетелдік сарапшылар аталған банкті барынша жоғары бағалаған.

Қазақстандағы барлық қаржылық институттардың рейтингері төмендеп, құнды қағаздары арзандап жатқанда «Центркредит» қожасының бұл табысы таң қаларлық. Оның үстіне, биыл Forbes тізімінен ірі екі банктің, «Казкоммерцбанк» пен «Халық Банктің» қожалары түсіп қалды. Өткен жылы Forbes сарапшылары «Халық Банктің» бірлескен қожалары Тимур және Динара Құлыбаевтардың әрқайсысының байлығын 2,7 миллиард долларға, ал «Казкоммерцбанк» басшысы Нұржан Сұбханбердиннің байлығын 1,8 миллиард долларға бағалаған.

Бұдан бөлек, миллиардерлер тізіміне «Қазақмыс» корпорациясының басшысы әрі бірлескен қожасы Владимир Ким мен президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Болат Өтемұратов кірмей қалды. Владимир Ким өткен жылы елдің ең бай адамы деп танылып, жалпы байлығы 4,7 миллиард долларға бағаланған. Ал, Өтемұратов «АТФ Банк» акцияларының бақылаушы пакетін сатқан соң бір миллиард доллардың егесі деп танылған.

Сөйтіп, аталған бесеу – Владимир Ким, Тимур және Динара Құлыбаевтар, Нұржан Сұбханбердин мен Болат Өтемұратовтар миллиардерлердің тізімінен түсіп, жай ғана миллионерлер болып қалды.

Бұл дағдарыстан ең көп зардап шеккен үндістандық миллиардер Анил Амбани. Ол бір жылдың ішінде 31,9 миллиард долларын жоғалтқан. Үнділік байлар жалпы алғанда 230 миллиард долларынан айрылған. Ал, миллиардерлер саны 53-тен 24-ке дейін кеміген.

Ресейліктер де үлкен шығынға батқан. Ресейдегі миллиардерлер саны үш есеге, 87-ден 32-ге азайған. Ал, олардың байлығы 370 миллиард долларға кеміген. Енді Ресейдің ең бай адамы деп, байлығы 9,5 долларға бағаланған Михаил Прохоров танылды. Ол Forbes тізімінде 40-шы орында тұр.

Миллиардерлердің саны жағынан АҚШ алдыңғы орында. Бірақ, онда да миллиардерлер саны 469-дан 359-ға азайған. Байлардың барлық жоғалтқаны 549 миллиард доллар. Тек үш мемлекетте – Нигерияда, Филиппин мен Біріккен Араб Әмірліктерінде миллиардерлердің дәулеттері еселене түскен.
XS
SM
MD
LG