Accessibility links

Қазақстан қамалған азаматтарына қатысты Түркіменстанға нота жіберді


Шекараны монитор арқылы бақылап тұрған түркіменстандық көші-қон қызметкерлері. Көрнекі сурет

Шекараны монитор арқылы бақылап тұрған түркіменстандық көші-қон қызметкерлері. Көрнекі сурет

Әзірге ұсталғандардың кімдер және қандай жағдайда қамауға алынғандығы жайлы нақты ресми ақпарат жоқ.

Қазанның 25-і күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров, Түркіменстанның сыртқы істер министрлігінде кездесу өткенін айтты.

- Біздің уақытша өкіліміз Түркіменстан сыртқы істер министрлігінде кездесу өткізіп, оларға ақпарат жеткізді. Біз Түркіменстанға нота жолдадық, - деді бейсенбі күні кешке Ілияс Омаров.

Қамалған азаматтардың қанша екенін және олардың қандай жағдайда ұсталғаны жайлы нақты ақпарат жоқ екенін жеткізген баспасөз хатшысы олардың Түркменбашы қаласында қамауда отырғанын айтты.

- Қазір Қазақстанның консулы ұсталған азаматтармен кездесу үшін түркімен жағынан рұқсат күтіп отыр. Ол рұқсаттың қашан берілетіндігі әзірге белгісіз, - деді Азаттық тілшісіне Ілияс Омаров.

Қазақстандық бірқатар БАҚ қазанның 24-інен бері жариялап жатқан ақпарат бойынша Маңғыстау облыстық көші-қон полициясының бірнеше қызметкері мен үш аңшыны Түркіменстан шекарашылары қазанның 19-ы күні шекара бұзды және заңсыз түрде қару-жарақ тасымалдады деген айыппен қамауға алған.

Қазанның 25-і осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті қызметкерінің айтуынша, «18-19 қазан күндері миграциялық полиция қызметкерлері аудандық ішкі істер басқармасы бастығының бұйрығы бойынша іссапарға аттанған. Мигранттарды іздеу бұйрығын орындап, қайтар жолда Түркіменстан шекарасын кесіп өтіп кеткендіктен оларды түркімен шекарашылары ұстап алған».

Оның сөзіне қарағанда, департаментте бұдан өзге ешқандай ресми ақпарат жоқ.

Расталмаған ақпарат бойынша, түркімен шекарашылары қамауға алған Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысы Қарақиян аудандық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясының қызметкерлері және қалған үшеуі осы аудандағы Жетібай ауылының тұрғындары. Ұсталғандардың үстінен шекараны заңсыз жолмен кесіп өткендері және қару-жарақ тасымалдағандары үшін қылмыстық іс қозғалған деген де бейресми мәлімет бар. Алайда бұл хабарларды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі я растап, не жоққа шығарып отырған жоқ.



Картаны үлкейтіп көріңіз
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG