Accessibility links

Теміртауда үндістандық студенттерге Назарбаевты үлгі етеді


Теміртауға тәжірибеден өтуге келген үндістандық студент Кртин Джейн. 2 маусым 2016 жыл.
Теміртауға тәжірибеден өтуге келген үндістандық студент Кртин Джейн. 2 маусым 2016 жыл.

Теміртауға тәжірибеден өтуге келетін үндістандық студенттер қазақстандық студенттердің өмірі «еркіндеу» деп санайды. Оларды жергілікті кафелердің көптігі мен тұңғыш президент атындағы мұражай қайран қалдырған.

ТЕМІРТАУДА ӨТКЕН ЕКІ АПТА

21 жастағы үндістандық студент Кртин Джейн Қазақстанда екі аптадан аса уақыт болған. Теміртау қаласында тәжірибеден өткен ол Қарағанды мен Астанаға экскурсиямен қыдырып барған. Азаттық тілшісіне үндістандық студенттермен жергілікті университеттегі оқулары аяқталардан бір күн бұрын жолығудың сәті түсті. Олардың шетелдік студенттер екенін сырт келбетінен ғана емес, қазақстандық жастардың киіну стиліне ұқсамайтын өзгешеліктен де аңғаруға болады. Көбі ауқатты отбасынан шыққанымен, олар әдетте өте қарапайым киінеді.

Кртиннің айтуынша, Үндістан университетінде төрт жылдық оқу, Қазақстан ақшасымен есептегенде, бес миллион теңге тұрады. Балалары Теміртауда тәжірибеден өту үшін 25 студенттің әке-шешелері виза ресімдеу мен ұшақ билетіне де ақшаны өздері төлеген.

Оның анасы – үй шаруасындағы әйел, әкесі - Үндістандағы Джапур қаласынан 60 километр жерде орналасқан шағын екі көмір шахтасының қожайыны екен. Кртин Қазақстанға ұшар кезде ұсақ-түйек шығындарына жұмсау үшін үш мың доллар алғанын айтады. Кртиннің пікірінше, Қазақстанның Теміртау қаласы мен Үндістанның Джапур қаласында тұратын халықтың тұрмыс деңгейі «шамамен бірдей, артық та, кем де емес».

Кртин Үндістандағы Лакшми Миттал атындағы университетте «ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша оқиды. Бірақ ол «өзге студенттер сияқты мен де Теміртаудағы металлургиялық курстарда көп жаңа нәрсе үйрендім, өйткені университетте мұндай дәрістер жоқ» дейді. Жас жігіттің айтуынша, Үндістанда инженер-программист, дәрігер және заңгер сияқты мамандықтар көп тараған. Кртин Джейн университетті бітірген соң ірі компаниялардың бірінде инженер-программист болып жұмыс істегісі келеді.

Үндістандық студенттер жоғары оқу орны аудиториясында. Теміртау, 2 маусым 2016 жыл.
Үндістандық студенттер жоғары оқу орны аудиториясында. Теміртау, 2 маусым 2016 жыл.

– Қазақстандық студенттердің оқудан бос кезі көбірек екен, мұнда практикалық, ал Үндістанда теориялық сабақтар көбірек өтеді. Негізі, теориядан гөрі тәжірибелік сабақтардың көбірек болғаны оңай әрі қызық қой. Үндістанға барған кезде оқуымызды төртінші курстан жалғастырамыз, сосын үндістандық жұмыс берушілер келіп, бізден емтихан сияқты сынақ алып, өздеріне қажет адамдарды біліміне қарап іріктеп алады да, жұмыс ұсынады, - дейді Кртин Джейн.

Бірақ үндістандық студенттердің көбі егер өзге елде жұмыс істеуге мүмкіндік туса, «ел-жер көру» үшін болса да қуана-қуана келісетіндерін айтады.

«ТЕМІРТАУДА ҮНДІ ТАМАҒЫН ІШТІК»

Тәжірибеден өтіп, теориялық сабақ оқу үшін Теміртауға келген үндістандық студенттер қалаға келушілер жиі түсетін «Стил» қонақүйінде тұрған.

– Бізге қала ұнады, мұнда жасыл желек көп екен, жылы шырайлы адамдары да бізді жатырқамай қарсы алды, Қазақстанның мәдениеті де ұнады. Бұған қоса, ауа-райына таң қалдық, мұнда Үндістандағы сияқты қапырық ыстық емес. Бір қызығы, мұнда жұрт шырын көп ішеді екен, ал Үндістанда көбінесе су ішеді ғой. Теміртауда біз үнді тамағын іштік. Мұнда уақытыңды көңілді өткізуге болатын дәмханалар көп екен, пицца, суши сияқты тағамдардың дәмін таттық. Бұдан бөлек, зауытқа барып, оның цехтарын аралағанымыз жақсы есімізде қалды, өйткені бұрын мұндай зауыттарға барып көрген жоқпыз. Бізге қатты ұнады, - дейді Кртин Джейн.

Теміртауда шетелдік студенттер сабақтан бос уақытында қала аралап, саябаққа барған, жалға алған велосипедпен серуендеген, жергілікті кафелерде уақыт өткізген. Бұдан бөлек, үндістандық студенттерге Теміртаудағы Қазақстанның тұңғыш президенті атындағы тарихи-мәдени орталықтың «өзгеше түрі» мен ішінде металлургия комбинатының шағын көшәрмесі бар экспонатттары әсер еткен.

Орталықта Теміртау жайлы әңгімелеген кезде қазақстандықтар сияқты, шетелдіктерге де осы қалада біраз уақыт тұрған әрі оқыған, еңбек жолы мен саяси қызметін де Теміртауда бастаған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі етеді.

МЕМОРАНДУМ

76 жастағы профессор, техника ғылымы кандидаты, Қазақстан ұлттық академиясының корреспондент мүшесі Анатолий Торговец кезінде Нұрсұлтан Назарбаев сырттай оқыған мемлекеттік индустриалдық университетте ондаған жылдан бері металлургия негіздерін оқытады. Профессор тәжірибеден өту үшін Теміртауға келген үндістандық студенттерге де кейде дәріс оқиды.

Техника ғылымы кандидаты, Қазақстан ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, профессор Анатолий Торговец. Теміртау, 2 маусым 2016 жыл.
Техника ғылымы кандидаты, Қазақстан ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, профессор Анатолий Торговец. Теміртау, 2 маусым 2016 жыл.

Кезінде біраз уақыт комбинатта жұмыс істеген Анатолий Торговец - «Толассыз болат құюға арналған агрегаттар мен құрал-жабдықтар конструкциясы» оқулығының авторы. Сондықтан дәрістерін де осы тақырыпта оқиды.

– Үш жыл бұрын үндістандық студенттерге өткізген алғашқы сабағымды бәрі – қыздары да, ұлдары да - қызығып тыңдаған болатын. Өйткені олар өндірісті «тірідей» көріп, қызығушылық танытып, бірдеңе білсек деп ұмтылған. Сауалнама жүргізген кезде бәрі азды-көпті дұрыс жауап берді. Әлгі студенттерге де қазіргі заманда қажет болады-ау деген дүниелерді оқығанмын, - дейді профессор Анатолий Торговец Азаттыққа.

Профессордың сөзінше, тәжірибеден өту үшін студенттерді Теміртауға арнайы жібереді, өйткені әлемдегі ең ірі металлургия комбинаттарының бірі осында орналасқан әрі студенттердің теориялық білімін мұндағы болат қорыту компаниясы үшін болашақ мамандар даярлайтын индустриалдық университетте жетілдіруге болады. Теміртауда жұмыс істейтін үндістандық мамандар да көп.

Үндістандық студенттер, оның ішінде Лакшми Миттал атындағы университет студенттерінің практикалық және теориялық сабақтары Қарағанды индустриалдық университеті мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы арасында бекітілген меморандум аясында ұйымдастырылады. Олар әуелі металлургия комбинатында тәжірибеден өтіп, кейін алған білімін университетте өтетін теориялық сабақтарда пысықтайды.

Университет профессорлары мен оқытушылары оларға жалпы металлургия пәнінен дәрістер оқиды. Лекциядан кейін олар эссе жазып, емтихан тапсыруы тиіс.

XS
SM
MD
LG